Сенат • 18 Наурыз, 2024

Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді

115 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата Бюросының отырысында депутаттар алдағы іс-шараларды талқылады және 28 наурыз күні болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенат отырысының күн тәртібі бекітілді

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаторлар осы аптада елдің ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетін дамыту мәселелері бойынша бірқатар кездесу өткізбек. Сондай-ақ кейбір заңдардың іске асырылу барысын талқылап, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Павлодар облысында өңірлердің бюджеттік дербестігіне арналған көшпелі отырыс ұйымдастыру көзделіп отыр. Сенат Төрағасы өз сөзінде аталған іс-шаралардың маңызды бағыттарына назар аударды.

Палатаның алдағы отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Құжат техникалық реттеу, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тарифтік емес реттеу және мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы құқықтық негізінде кездесетін олқылықтарды жоюға бағытталған.

Сонымен қатар Сенат отырысында «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң да қаралады. Заң екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуды, тараптар азаматтарының сапарларын реттеуді, сондай-ақ бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасайтын құқықтық негіз құруды мақсат тұтады.