Айтыс • 18 Наурыз, 2024

Жолдама – түркістандықтарда

58 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күніне арналған «Төрлет, Наурыз, төріме» атты республикалық коман­далық айтыс өтті. Ұлттық өнердің 5 жанры бойынша Түркіс­тан мен Жамбыл облыстарының ақындары және өнерпаздары өзара мықтыны анықтады.

Жолдама – түркістандықтарда

Жаңа форматта, яғни ән өнері мен күй, терме жанрлары жаңғыра Сыр өңірінен бас­тау алған айтысты көпшілік қауым ұлттық өнерді дамытуға жасалған оң қадам ре­тінде ба­ғалауда. Командалық ай­тысқа қатысушыларға сәттілік тіле­ген облыс әкімі Дархан Саты­балды бұл жобаның өнерсүйер қауымға берері мол екенін атап өтті. Ал Жамбыл облыстық мә­­де­ниет, архивтер және құ­жат­та­ма басқармасының бас­шысы Ерлан Жүнісбай облыс әкімінің құт­тықт­ау сәлемін жет­­­кізді. Ала­ман бәй­гені Қа­зақ­станның еңбек сіңір­ген қай­раткері, Мәжіліс депутаты Аман­жол Әлтаев жүргізді.

Түркістан облысынан Бек­арыс Шойбеков, Шахмар­дан Бекарысұлы, Нұрмахан Жа­қыпбек, Аяз Рүстемов, Аян Ниязбек, Жандос Құлым­б­етов, Қажымұқан Абза­лов, Мағжан Әлтенбаев, Дәу­рен Ақ­сақалов, Руслан Ахим­беков, ал Жамбыл облысы­нан Ахметжан Өзбеков, Ман­сұр Еркебұланұлы, Дар­хан Әбдіманат, Бекарыс Көш­­­т­аев, Асхат Қылышбек, Ди­­дар Басығараев, Қанат Мыр­захан, Мерей Әбуева, Али­­на Айдаралы, Маралбек Ба­ба­құлов өз өңірінің намысын қорғады. Алдымен жыршы-термешілер сайыстың көркін қыздырса, одан соң күміс кө­мей әншілер дәстүрлі әннің тиегін ағытып, құлақ құрышын қандырды. Ал айтыс ақындары қыз бен жігіт сүре және қайым айтыс көрсетіп, көрерменге ерекше рухани кеш сыйлады. Өнерсүйер қауымның көңілінен шыққан тартысты доданың нәтижесінде Қазақ­станның халық ақыны Әсия Беркенова бастаған қазылар ал­қасының шешімімен республикалық командалық айтыстың екінші кезеңіне Түр­кістан облысының командасы жолдама алып, жеңімпаз атанды. Қос командаға бірдей құрмет көрсетіліп, әрбір ақынға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйшілерге 250 мың теңгеден табысталды. Сондай-ақ «Amanat» пар­тиясының арнайы сыйлығы берілді.

Айта кетелік, байқаудың талаптары мен шарттарына сәйкес, бірінші кезеңге 20 ко­ман­да қатысып, екінші ке­зеңге 10 команда өтеді. Осы 10 ко­манданың ішінен балдық жүйе бойынша үшінші кезеңге 4 ко­манда жолдама алады. Жең­ген 2 команда 2025 жылы Ас­тана қаласында өтетін ақтық сайысқа қатысады.

 

ТҮРКІСТАН