Мереке • 18 Наурыз, 2024

Онкүндік Наурызнама

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көрісу күнінен бастау алған Наурызнама мейрамы қайырымдылық, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күндерімен жалғасты.

Онкүндік Наурызнама

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының атынан әр салада қызмет етіп жүрген азаматтар, еңбек адамдары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділеріне ауызашар берді.

Осы күні облыстың әр ауданында мектептерге «Қазақстан халқына» қоғам­дық қорының биыл үздік әрі белсенді оқушыларға тағайындаған сертификаты тапсырылды. Еліміз бойынша жоспарланған 20 мың жолдаманың 829-ы батысқазақстандық 5-8-сынып оқушыларына бұйырмақ.

Қаратөбе аудандық жастармен жұ­­мыс жөніндегі ресурстық орталығы қайырымдылық күні аясында жалғыз­басты аналарды мерекемен құт­тық­тап, үй-жайларының маңайын қалың қардан тазартып, үйін жинасты­рып берді. «Күміс алқа» иегері Тәттігүл Байния­зова балаларға «Наурыз қоржын» таратты. Ал Сырым ауданының әкімі Жұ­магелді Батырниязов аудан орталы­ғындағы бірқатар ардагерге арнайы барып көрісіп, мерекелік сыйлық табыс етті. Бәйтерек ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қарт­тар үйіне «Жүректен жүрекке» мере­­келік концерті ұйымдастырып, дәмге толы себет сыйлады. Осындай қайырым­дылық шаралары барлық ауданда өтті.

Ал облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық халық шығар­машылығы орталығы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай «Салт дәстүрім – қазынам» атты іс-шара мен «Бесікке салу» рәсімін өткізді.

Мәдени жиынға музей ардагері, Қа­зақстан Республикасына еңбегі сіңген қай­­раткері Сара Танабаева, тарихшы ға­лым Әлфия Байболсынова, «Ару аналар» во­калдық тобы, студенттер, мәде­ниет және музей қызметкерлері қатысты.

Ал Орал қалалық көрме залында өткен «Ұршық пати» іс-шарасына Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, қолөнер «Urshyk» республикалық қоғамдық бір­лестігінің жетекшісі Бибігүл Кәрденова Астанадан арнайы келіп, оралдықтармен тәжірибе бөлісті. Басқосуда ұршық үйіру­дің қыр-сырымен қатар, оралдық қол­өнер шеберлері де киіз басудан шеберлік сағатын ұйымдастырды.

Биыл Мемлекет басшысының бас­тамасымен он күнге созылатын Нау­рыз­нама де­кадасын халық ерекше ықы­ласпен қа­был алып, әр іс-шараға белсене қатысып жүр.

 

Батыс Қазақстан облысы