Аталған іс-шара мәдениет қызметкерлерінің ұйытқы болуымен қалалық кітапханада өтті. Бұдан бөлек, Шеңгелді және Арна ауылдарында да ұйымдастырылып, тұрғындардың береке-бірлігін паш етті. Игі бастамадан кәсіпкерлер де қалыс қалмай, дәмханаларға келушілерге ыстық бауырсақ ұсынды. Сөйтіп төс қағысып, құтты болсын айтысып, арқа-жарқа болған мереке күні Қонаев қаласы тұрғындарына барлығы 2000 келі бауырсақ таратылды.
«Арна ауылында өткен «Бауырсақ party» көрісу рәсіміне ұласты. Қазақы мәдениеттен сыр шертетін рәсімге ауыл халқы қуана қатысып, белсенділік танытты. Жұрт бауырсақ жеп, наурыз көжеден де дәм ауыз тиді. Дүбірлі той өнерпаздардың ән-жыр мен би шашуына жалғасты. Мереке соңында Ораза ұстаған жамағатқа қатымханада ауызашар да берілді», дейді Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.