33,7 млрд теңгені құрайтын жаңа жоба аясында «Allur» зауыты жылына 30 мың автокөлік шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жоғары білікті мамандар үшін 400 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Еске салайық, 2022 жылы Қазақстан мен «General Motors» компаниясы бірлескен «Chevrolet» CKD өндірісін қолға алу туралы келісімге келген болатын. Сәл кейінірек, 2022 жылдың 22 желтоқсанында телекөпір байланысына шыққан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев аталған жобаның басталғанын ресми мәлімдеген.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев машина жасау саласы Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызды бағыты болып саналатынын, ал «General Motors» сынды әлемнің алдыңғы қатарлы компаниясын өндіріске тарту елімізде қарқынды дамып келе жатқан автокөлік саласына жаңа серпін әкелетінін атап өтті.
«Бүгін бүкіл Қазақстан өндірісі үшін өте маңызды күн. Мен «Allur» зауытының қызметкерлеріне арнайы алғыс айтқым келеді. Бүгін сіздер Қазақстанның индустриялық болашағына негіз салдыңыздар деуге болады. Біз үшін және «General Motors» әріптестері үшін жобаны одан әрі дамыту және өндірістің жергілікті үлесін арттыру өте маңызды», деді министр.
Жобаны іске асыру үшін технологиялық шешімдер үлгісін ұсынатын және өнеркәсіп құрылғыларын жеткізумен айналысатын жетекші компаниялар тартылып отыр. «CKD Оnix» Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия елдері үшін де бірегей жаңа өндірістік кешен болып саналады. Мамандар аталған жобаның іске қосылуы «Allur» зауытына Қазақстан автокөлік индустриясындағы ең жоғарғы деңгейде автоматтандырылған кәсіпорын мәртебесін беретінін айтады.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждері осындай ірі жобалар үшін болашақ машина жасау мамандарын мақсатты түрде оқытып жатқанын мәлімдеді.
«Соңғы 4 жыл ішінде машина жасау факультеттеріндегі студенттер саны 5 есе артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, кәсіпорындарда жұмыс істейтін түлектер саны тағы 2 есе көбейетінін байқап отырмыз. Бұл жастар үшін, еліміздің болашағы үшін өте маңызды», деді әкім.
«Chevrolet Оnix» өндірісінде «General Motors» компаниясының сапа стандарттарына сәйкес келетін жоғары сапалы және аса дәлдіктегі лазерлік астастыруды қамтамасыз ететін роботтандырылған лазерлік дәнекерлеу технологиясы қолданылады. Қазір зауытта заманауи роботтандырылған құрылғыларды пайдалану арқылы өндірісті автоматтандырудың жоғары деңгейіндегі пластикті бояу цехінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар елімізде алғаш рет автокомпоненттер шығаратын локализациялық орталықтың құрылысы басталады.
«Екіжақты кооперациялық ынтымақтастық аясында біз үнемі өсу мен өндіріс ауқымын кеңейту мүмкіндіктерін іздейміз. «UzAuto», «Allur» және «GM» инвестициялары мен күш-жігерінің арқасында бүгін осы маңызды кезеңге – Қостанайда «Chevrolet Onix» CKD-өндірісінің басталуына қол жеткіздік. Автокөлік өндірісінің көлемі жылына 50 мыңды құрап отыр. Қазір Қазақстан әлемдегі «Chevrolet» нарығының көлемі бойынша жетінші орында. Бұл біздің табысты серіктестігіміздің дәлелі», деді «General Motors International» президенті Шилпан Амин.
«General Motors» компаниясының жаһандық нарықтар жөніндегі президенті және атқарушы вице-президенті Рори Харви өз кезегінде Қазақстанда «Chevrolet» автокөліктерінің сапалы өндірісін қолға алып жатқан өнеркәсіптік кооперацияға қатысушы тараптардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірді.
2023 жылы «Allur» инженерлері «General Motors» зауыттарында 8 ай болып, арнайы оқу-тәжірибе курсына қатысып қайтқан. «Allur» қызметкерлері оқытудың барлық кезеңінен өтті және жаңа модельді шығаруға қажетті білік-білімді толық игерді», дейді зауыт басшылары.
«Allur» зауытының операциялық директоры Виталий Христ жаңа жоба өңір дамуына оң ықпал ететінін айтты.
«Былтыр біздің зауыттың конвейерлері 90 мыңнан астам автокөлік шығарды. Бұл – отандық автокөлік өндірісіндегі рекордтық көрсеткіш. Жаңа іске қосылып отырған «Chevrolet Оnix» жобасының мультипликативті әсері бар. Өйткені машина жасау саласында бір жұмыс орнының құрылуы осы өндірістің айналасындағы салаларда бес-алты жұмыс орнының пайда болуына ықпал етеді», дейді Виталий Христ.
Қостанай облысы