Жәдігер • 20 Наурыз, 2024

Иса ақыннан қалған домбыра

92 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Керекуде ақын Иса Байзақов ұстаған домбыра табылды. Аспап ұзақ жылдар бойы тұлғаның туған жерінде сақталып келген. 1942 жылы өнер иесі Ертіс-Баян өңіріне келгенде бұл домбыраны досы Мүфтий Ахметовке сыйлапты.

Иса ақыннан қалған домбыра

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақын, әнші-композитор Иса Байзақов ұстаған домбыраны жәдігерлік ретінде таныстырды.

Тұтас ағаштан шабылып, мойны дөрекілеу әрі жуандау етіп жасалған а­с­паптың бет тақтайы кейінірек өңделгені байқалады. Бұл домбыраны Иса жерлесі, өнерлі досы Мүфтий Ахметовке сыйлап кеткен екен. Бұл жайында ақынның аталас туысы, ардагер ұстаз Күләш Әбиева кеңірек әңгімелеп берді.

«Иса Байзақов соңғы рет 1942 жылы тамызда Павлодарға келіп, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Баянауыл өңірлерін аралайды. Біз Исамен бірнеше атадан қосыламыз. Арғы атамыз Меңдібай осы төңірекке белгілі би болған адам. Өкінішке қарай, ол кісі жайында ел аузында мәліметтер аз. Меңдібайдан Оразбай туады. Оразбайдың төрт ұлы болған екен. Сол төртеудің үлкені Еркебайдан менің атам Қуантай туса, тағы бір ұлы Өтегеннен Исаның әкесі Байзақ дүниеге келген. Әкем ұжымшар төрағасы болған кісі, Иса соңғы рет өңірге келгенде көлікпен қамтып, сапа­рының жағдайын ұйымдастырып береді. Ал домбыраны сыйға тартқан Мүфтий Ахметов заманында сауықшыл, әншілігі бар өнер иесі болған. Әкем айтып бергендей, сол жолы Иса Мүфтий және бірнеше өнерлі азаматты жанына алып, елді аралауға шығады. Сапар соңында ризашылығы ретінде досына тарту еткен. Негізі Мүфтий жас шамасы жағынан ақыннан шамамен он жасқа кіші болса керек. Әйгілі Майраның жолын жалғастырушы, әнші, кино актері Хафиза Әбуғалиева Ертістің тумасы екенін көбі біле бермейтіні анық. Жас шағында Мүфтий мен Хафиза – бір-біріне ғашық болған жандар. Алайда 1942 жылдың соңына таман Мүфтий соғысқа алынады. Ал Х.Әбуғалиева Павлодар педучилищесін тәмамдаған соң, Алматыға кетіп қалған. Мүфтий ағамыз соғыстан жараланып оралып, бірден Хафизаны іздеуге кіріскен ғой. Алайда тағдыр екеуінің қосылуын жазбапты. Алматыға барып, Иса арқылы сүйіктісін іздеп тапқанда, ол өзге жігітпен отасып қойған екен. Содан біраз уақыт алмалы шаһарда аялдап, Шара Жиенқұловамен туысатын бір қызбен танысқан. Сол қызбен шаңырақ құрып, елге алып қайтады. Екеуі ғұмырының соңына дейін Ертіс ауданында тұрды. Бүгінде олардан қалған ұрпақ болуы керек. Өкініштісі, бұл домбыра кезінде көзден таса қалып, әлдебіреулердің қолында сақталып келген. Ол жайында айтатын көнекөз қариялар да қазір жоқ. Еленбей қалғаны да содан», деп әңгімеледі ардагер ұстаз.

Күләш Әбиқызы Иса ақынның 90 жылдығында туған жерінде, Үлгілі аулындағы мектепте тұңғыш рет өнер иесінің музейін ашқан. Жәдігерлерді 20 жыл бойы үздіксіз жинапты. Исаның бөркіне таққан үкісін, шоқпары мен самаурынын, шапан-тымағын, ата-бабасы жайлы жазылған шежірелер мен өнер жолынан сыр шертетін фотосуреттерді тірнектеп жиған. Жәдігерлердің көбін Исаның ұл-қызы Ертіс пен Мәкеннен алдым дейді. Жасы 80-ге қараған Күләш апай ұзақ жыл Үлгілідегі мектепте ұстаздық еткен. Негізгі мамандығы – математика пәні мұғалімі. Ұстаздық қызметі үшін Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атаныпты. Айтуынша, туған жеріндегі музейде біраз зат қолды болып кеткен. Ертіс ауданындағы мәдениет үйінің музей қорында ақынның сандығы мен Құраны сақталып тұр. Жалпы, ел ішінде арқалы ақынның өзге де дүниелері бар болуы мүмкін деген пікірін жеткізді.

Исаны көзі көргендер дауылпаз, арқасы қозғанда жан баласына бой бермей кететін сұрапыл ақын еді деп еске алы­са­тын ертеректе. Ән салып отырып құй­­рығымен жорғалап босағаға жетіп қала­ды екен. Өкінішке қарай, бүгінде әйгілі жерлесімізді көзімен көргендер ара­­­мызда өте сирек. Ал оның елге мұра бо­­лып қалған аз-маз жәдігерлері музей­лер­­де топтастырылып, ұрпаққа насихат­та­лу үстінде.

«Келер жылы Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толады. Мерейтойға орай қызметкерлеріміз зерттеу-іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Мынау көне аспап – сол іс-шаралардың алғашқы нәтижесі. Жуықта Ертіс ауданына іссапармен барғанда жергілікті мәдениет бөлімінің басшысы Гүлдана Сәрсембенова бізге арнайы табыстады. Өңіріміз үшін таңғаларлық жаңалық болып отыр. Себебі ақынның туған жеріндегі музейлерде мұндай жәдігер жоқ. Еліміз бойынша Шымкентте бір домбырасы сақталып тұруы керек. Тағы бір домбырасын кезінде Қалижан Бекқожин ұстап келген екен. Бірақ ол да жоғалып кеткен», дейді Бұқар жырау музейінің басшысы Ербол Қайыров.

Ал Павлодардағы «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музы­калық мектеп-интернат» кешенінің бас­шысы Серік Сыздықовтың айтуын­ша, аталған аспап Арқа әншілері мен шерт­пе күйшілерге тән «қалақ домбыра». «Бұл көне аспаптың кем дегенде 90 жылдық тарихы бар деп ой­лаймын. Қалақ домбыра әнді кез келген қалыпта айта беру үшін жасалған. Сүгір, Тәттім­бет сияқты ұлтымыздың күй сүлейлері дом­быраның осы түрін ұста­ғаны тарих­тан мәлім. Мойнының жуан­дығына қара­ған­да Иса ақынның сау­сақ­тары салалы, ұзын болған тәрізді. Өткен ғасырдың орта­сына таман ұлттық аспап шеберлері Қамар Қасымов пен Рома­­нен­­колардан бас­тап қазақ домбырасы 19 пер­нелі бо­лып жасала бастағаны мәлім. Ал бұл аспап 11 бунақты. Ертеде 9, 11, 13 пер­не­лі домбыралар болған. Олар­­дың бу­нақ­тары қатты түйілмеген. Күй­­шілер шер­­ту барысында бунақтарды сау­сақпен жыл­­жытып отырған екен. Бұл үлкен ше­бер­­­лікті, құймақұлақтықты, дыбыс­ты дөп басып табуды қажет етеді», дейді өнер­танушы.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Күзгі қомырған

Мирас • Кеше

Иткөйлек

Оқиға • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше

Жастар белсенділік танытты

«Таза Қазақстан» • Кеше