Айбын • 19 Наурыз, 2024

Отанға қызмет – абыройлы міндет

209 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміздің ішкі тыныштығының кепілі – Ұлттық ұланның қатарында жауынгерлік қызмет атқарып жүрген өзге этнос өкілдері көп. Олардың түрі мен тілі бөлек болғанымен, жаны мен рухы бір, еліміздің кең-байтақ жерінде татулық пен бірліктің туын көтеріп, туған Отанды қорғауда бір үйдің баласындай қызмет етіп келеді.

Отанға қызмет – абыройлы міндет

Рашат Ардафилов

Солардың бірі – 6698 әскери бөлімі 2-атқыш­тар ротасының қатар­дағы жа­уын­гері Рашат Арда­фи­лов. Ол 2023 жыл­­дың жел­тоқ­сан айында Ұлттық ұлан қа­та­рына мерзімдік әскери қызметке ша­қы­­рылды. Ұлты әзербайжан. Қазіргі таң­­да 6698 әскери бөлім­нің 2-атқыштар ро­та­сында жауын­гер­лік қызмет атқарып жүр.

«Мектепті орыс сыныбында аяқтадым. Алайда бала кезден өскен ортам, достарым әртүрлі этнос өкілі болды. Бірақ бәріміз қазақ тілінде сөйлейтінбіз. Мен өз ана тілімде де, қазақ тілінде де еркін сөйлеймін. Бір ауданда, бір көшеде қаншама этнос өкілдері тұра­мыз: өзбек, түрік, ұйғыр, орыс. Мерекелерді бірге тойлай­мыз. Әсіресе Наурыз бәріміз үшін ортақ, үлкен мереке еді, өте қызықты болатын. Әр ұлт өзі­нің дәстүрімен ерекше атап өтетін», дейді Рашат. – Біз демалыс­тарда Ота­­нымыз Әзербайжан еліне ба­рып тұрамыз, алайда туған же­ріміз Қазақ­станнан көшіп кет­пей­тінімізді атам санамызға құйып қойған. Атам отстав­кадағы полковник, ол менің де әскери жолды таңдауымды қалады, бола­шақ­тағы арманым – білікті офицер болу.

 

пре

1-атқыштар ротасының қатар­дағы жауынгері Равиль Авакриев 2005 жылы Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Шонжы аулында дүниеге келген. Ұлты ұйғыр. Ата-анасы – қарапайым шаруа адамдары. 9-сыныпты аяқтаған соң орта арнайы білім алу мақсатында колледжге оқуға түседі. Мектепте ұйғыр тілінде білім алды, ал колледжде қазақ тобында оқыды.

– Біз үшін түрік, өзбек, қазақ, азербайжан сияқты түркітілдес елдердің тілінде сөйлеу таңсық емес. Сөз иірімдері ұқсас бол­ғандықтан, оңай әрі тез үйрен­дік. 2023 жылдың жаз айында әскер қатарына келдім. Көзді ашып жұмғанша 8 айдан аса уақыт өтті, – дейді Равиль. – Бүгінгі таңда елің үшін қызмет етсең, барлық жағдай жасалған. Соның бірі – әскерден кейін тегін білім гранттарының сертификаттарын алу. Осы сертификаттың біріне ие болу үшін барымды салып қызмет атқарып жүрмін. Туған жерімнің тыныштығын күзету мен үшін – абыройлы іс. Қасиетті қызметтің арқасында жоғары білімнің кілтін қолымызға ұстататын Ұлттық ұланға үлкен ризашылығымды білдіремін.

 

рон

2-атқыштар ротасының қатар­дағы жа­уынгері Имран Каримов 2000 жылы туған. Ұлты түрік. Маман­дығы – тіс дәрігері. Әскер қатарына жақында ғана келді. Азаматтық борышын ойдағыдай аяқтап шыққан соң, келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғас­тыру ойында бар.

– Атамның әңгімесінен естіп-білгенім – олар 1945 жылдары, со­ғыстан кейінгі алмағайып кезеңде Кав­каз халықтарымен бірге Қазақ­станға қоныс аударып, Алматы облы­сын­дағы Есік қаласына жайғасқан екен. Үлкендердің естен кетпес есте­ліктерінің бірі – сол бір қиын уақыт­та қазақ халқының «өзге елден келген» деп өзектен теппей, бауырына басып, барымен бөліскендігі. Дала­дай дарқан қазақ елінің шексіз мейі­рімі мен қайырымдылығы арқа­сын­да бір қауым ел болып өркен жай­дық деп, сол кездегі бала, бүгін сек­сен­нің сеңгіріндегі қариялар қазақ халқына әлі күнге алғыстарын жау­дырып отырады, – деді Имран. – Сол тұрғыда тәуелсіз қазақ елінің әскері қатарында қызмет ету мен үшін – үлкен жауапкершілік, зор міндет. Бізге бейбіт заман, жарқын болашақ сыйлаған батыр бабаларыма шексіз алғыс айтамын. Бірлік, береке, ынтымақ мерекесі – Наурыз құтты болсын.

 

аро

1-атқыштар ротасының қатар­дағы жауын­гері Алмас Сырым­бетов 2005 жылы киелі Тараздың Шу өңі­рінде дүниеге келген. Ұлты татар. Мамандығы – аспазшы. Анасы да кон­дитерлік іспен айналысады. Ана­сының қасында аспаздықтың қыр-сырын үйрене жүріп, осы мамандықтың иесі боламын деп шешіпті. Әскер қатарына өткен жылдың жел­тоқ­сан айында келді.

– Менің әскерге дейін де қазақ достарым көп болды. Әкем ерте қайтыс болғандықтан, анамның қасында ер азамат ретінде үйдің бар ауыр тірлігін қолыма алуға тырыстым. Әкемнің жоқтығын білдіртпей үйдің болсын, түздің болсын ауыр жұмысын атқаруға үнемі қолұшын созатын достарым еді. Әскерге кетіп бара жатып, анамның жалғыз қалғанын уайымдағаным рас. Алайда достарымның орнымды білдірмей, үйімнің тіршілігіне, анама қа­рай­ласатыны – көңілге медеу. Әскер­­ге келіп те жарқын мінез, жана­шыр достар таптым, – деді Алмас. – Өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақын­дық­тың белгісі – достық деген ұлы сезімді қадірлей білген, жаныма жақын жандарға, адал достарыма айтар алғысым көп.

Ұлыс күні қорғаныс күштері құрылымдарында да бірлік, татулық, туыстық, отбасыны қас­терлеу сияқты адамзаттық құн­­ды­лықтарға негізделіп атап өтіледі. Еліміздегі барша халық­тарға ортақ мейрам қоғамда сая­си тұрақтылықты, бейбітшілік пен тыныштықты, достық пен келісімді нығайтудың тетігіне айнала түседі.