Рашат Ардафилов
Солардың бірі – 6698 әскери бөлімі 2-атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Рашат Ардафилов. Ол 2023 жылдың желтоқсан айында Ұлттық ұлан қатарына мерзімдік әскери қызметке шақырылды. Ұлты әзербайжан. Қазіргі таңда 6698 әскери бөлімнің 2-атқыштар ротасында жауынгерлік қызмет атқарып жүр.
«Мектепті орыс сыныбында аяқтадым. Алайда бала кезден өскен ортам, достарым әртүрлі этнос өкілі болды. Бірақ бәріміз қазақ тілінде сөйлейтінбіз. Мен өз ана тілімде де, қазақ тілінде де еркін сөйлеймін. Бір ауданда, бір көшеде қаншама этнос өкілдері тұрамыз: өзбек, түрік, ұйғыр, орыс. Мерекелерді бірге тойлаймыз. Әсіресе Наурыз бәріміз үшін ортақ, үлкен мереке еді, өте қызықты болатын. Әр ұлт өзінің дәстүрімен ерекше атап өтетін», дейді Рашат. – Біз демалыстарда Отанымыз Әзербайжан еліне барып тұрамыз, алайда туған жеріміз Қазақстаннан көшіп кетпейтінімізді атам санамызға құйып қойған. Атам отставкадағы полковник, ол менің де әскери жолды таңдауымды қалады, болашақтағы арманым – білікті офицер болу.
1-атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Равиль Авакриев 2005 жылы Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Шонжы аулында дүниеге келген. Ұлты ұйғыр. Ата-анасы – қарапайым шаруа адамдары. 9-сыныпты аяқтаған соң орта арнайы білім алу мақсатында колледжге оқуға түседі. Мектепте ұйғыр тілінде білім алды, ал колледжде қазақ тобында оқыды.
– Біз үшін түрік, өзбек, қазақ, азербайжан сияқты түркітілдес елдердің тілінде сөйлеу таңсық емес. Сөз иірімдері ұқсас болғандықтан, оңай әрі тез үйрендік. 2023 жылдың жаз айында әскер қатарына келдім. Көзді ашып жұмғанша 8 айдан аса уақыт өтті, – дейді Равиль. – Бүгінгі таңда елің үшін қызмет етсең, барлық жағдай жасалған. Соның бірі – әскерден кейін тегін білім гранттарының сертификаттарын алу. Осы сертификаттың біріне ие болу үшін барымды салып қызмет атқарып жүрмін. Туған жерімнің тыныштығын күзету мен үшін – абыройлы іс. Қасиетті қызметтің арқасында жоғары білімнің кілтін қолымызға ұстататын Ұлттық ұланға үлкен ризашылығымды білдіремін.
2-атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Имран Каримов 2000 жылы туған. Ұлты түрік. Мамандығы – тіс дәрігері. Әскер қатарына жақында ғана келді. Азаматтық борышын ойдағыдай аяқтап шыққан соң, келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыру ойында бар.
– Атамның әңгімесінен естіп-білгенім – олар 1945 жылдары, соғыстан кейінгі алмағайып кезеңде Кавказ халықтарымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысындағы Есік қаласына жайғасқан екен. Үлкендердің естен кетпес естеліктерінің бірі – сол бір қиын уақытта қазақ халқының «өзге елден келген» деп өзектен теппей, бауырына басып, барымен бөліскендігі. Даладай дарқан қазақ елінің шексіз мейірімі мен қайырымдылығы арқасында бір қауым ел болып өркен жайдық деп, сол кездегі бала, бүгін сексеннің сеңгіріндегі қариялар қазақ халқына әлі күнге алғыстарын жаудырып отырады, – деді Имран. – Сол тұрғыда тәуелсіз қазақ елінің әскері қатарында қызмет ету мен үшін – үлкен жауапкершілік, зор міндет. Бізге бейбіт заман, жарқын болашақ сыйлаған батыр бабаларыма шексіз алғыс айтамын. Бірлік, береке, ынтымақ мерекесі – Наурыз құтты болсын.
1-атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Алмас Сырымбетов 2005 жылы киелі Тараздың Шу өңірінде дүниеге келген. Ұлты татар. Мамандығы – аспазшы. Анасы да кондитерлік іспен айналысады. Анасының қасында аспаздықтың қыр-сырын үйрене жүріп, осы мамандықтың иесі боламын деп шешіпті. Әскер қатарына өткен жылдың желтоқсан айында келді.
– Менің әскерге дейін де қазақ достарым көп болды. Әкем ерте қайтыс болғандықтан, анамның қасында ер азамат ретінде үйдің бар ауыр тірлігін қолыма алуға тырыстым. Әкемнің жоқтығын білдіртпей үйдің болсын, түздің болсын ауыр жұмысын атқаруға үнемі қолұшын созатын достарым еді. Әскерге кетіп бара жатып, анамның жалғыз қалғанын уайымдағаным рас. Алайда достарымның орнымды білдірмей, үйімнің тіршілігіне, анама қарайласатыны – көңілге медеу. Әскерге келіп те жарқын мінез, жанашыр достар таптым, – деді Алмас. – Өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі – достық деген ұлы сезімді қадірлей білген, жаныма жақын жандарға, адал достарыма айтар алғысым көп.
Ұлыс күні қорғаныс күштері құрылымдарында да бірлік, татулық, туыстық, отбасыны қастерлеу сияқты адамзаттық құндылықтарға негізделіп атап өтіледі. Еліміздегі барша халықтарға ортақ мейрам қоғамда саяси тұрақтылықты, бейбітшілік пен тыныштықты, достық пен келісімді нығайтудың тетігіне айнала түседі.