Наурызнама тұжырымдамасы аясында 18 наурыз – ұлттық киім күніне орай Орал қаласында ұлттық үлгідегі сыныптар шеруі өтті. Іс-шараға Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжана Шөкеева, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева және қала мектептерінен 300-ге жуық оқушы қатысты.
Қала мектептерінің оқушылары Наурыз айының алғашқы күнінен мектепке ұлттық үлгідегі киіммен келуді бастады. Бастауыш буын оқушыларынан бастау алған бастаманы, басқа да оқушылар қолдап, әр сынып өз ерекшеліктерімен мектеп формасын ұлттық үлгімен үндестірді. Олардың бірқатары Ұлттық киім күніне орай өткізілген шеруге қатысты. Әр сыныптың киім үлгілері таныстырылып, әдеби музыкалық композиция арқылы қыздардың балалық шақтан ана болғанға дейінгі киетін баскиімдерінің ерекшеліктері туралы түсіндірілді. Сонымен қатар жергілікті ісмер-педагогтердің қолынан шыққан ұлттық нақыштың заманауи киіммен үндестірілген топтамаларының көрсетілімі ұсынылды.
Қала әкімі Миржан Сатқанов облыс басшысы атынан Наурыз мейрамымен құттықтап, ұлттық киімді ұлықтауды ерте жастан балаларға түсіндіріп, ұлттық құндылығымызды дәріптеу мен күнделікті киюге ұмтылудың оң бастама екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Атырау төрінде өткен Ұлттық құрылтай жиынында «Ұлттық киім күнін» енгізудің маңыздылығына айрықша басымдық беріп, «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Біз басқаларға еліктеушілік, әсіре діншілдіктен сақтанып, салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек», деген болатын. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, мәдениеті де ұлттың киімінде. Осы жылы еңбек ұжымдары мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізгенін байқап жүрміз. Осы бастаманы батысқазақстандық білім ұйымдарының қолдағаны да көңіл қуантады. Бүгінгі іс-шара – соның куәсі. Ата-аналар да қолдау білдірсе, ұлттық мәдениетімізді көрсететін ұлттық нақыштағы элементтермен мектеп формасын мектеп жарғысына енгізуді ұсынуға болады, – деді қала басшысы Миржан Мұнайдарұлы.
Іс-шара барысында оқушылар дайындаған киізден жасалған бұйымдар, тақиялар мен әшекейлер және басқа қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Өнерлі балғындар Наурыз мерекесіне орай күмбірлетіп күй шертіп, көркем би, әсем әндерін тарту етті.
Айта кетейік, 14 наурыздан басталған Наурызнама онкүндігі аясында қалалық білім беру ұйымдарында әр күні қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық болмысын ашып көрсетуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып, Наурыз тойы кең көлемде аталып өтілді.
Батыс Қазақстан облысы