Заң • 20 Наурыз, 2024

Депутат БАҚ-та букмекерлік кеңсені жарнамалауға тыйым салуды ұсынды

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс қатарына жақында қосылған депутат Нұрсұлтан Байтілесов партияластарымен бірге лудоманияға қарсы күрес мәселесін тағы көтерді. Депутат 25 жасқа толмаған азаматтарды құмар ойыннан шектеуді ұсынып, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Депутат БАҚ-та букмекерлік кеңсені жарнамалауға тыйым салуды ұсынды

Фото: Ашық дереккөзден

Нұрсұлтан Байтілесов қоғамдық кеселге айналған лудомания мен синтетикалық есірткінің ел шырқын бұзып жатқанын айта келе, заң жобасына өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

«Заң жобасында құмар ойын ойнайтындарды 25 жасқа дейін шектеуді, шетелдік ұйымдастырушылардың заңсыз қызметінде қаржы операцияларына тыйым салуды, бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына тыйым салуды және тағы басқа түзетулер енгізуді жоспарладық. Қазір лотоматик пен басқа лотерея терминалдары OLX және басқа маркетплейстерде еркін сатылып жатыр. Осы аппараттарды сатып алып, тұрғын үйлердің астындағы дүкендерде заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырып, сотталып жатқан азаматтар да баршылық», деді депутат.

Ол өзекті мәселемен күресу жолында тек жаза қолданып қана қоймай, оның алдын алу үшін профилактикалық шараларды жиі өткізу маңызды екенін ескертті.

Одан бөлек, Нұрсұлтан Байтілесов тағы бір алаңдатарлық мәселе ретінде есірткі өндірісі мен саудасын атады.

«Өткен жылдың өзінде ғана елімізде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алыныпты. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Қазіргі уақытта есірткі бизнесінің жаңа көріністеріне қарсы күресті күшейту үшін Мәжіліс прекурсорлардың (олардың контрабандасы ғана қылмыстық жазаланады), есірткі жасау үшін пайдаланылатын өзге де заттар мен жабдықтардың (мұнда міндетті белгі оларды өткізу болып табылады) елдегі заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін заң жобасын қабылдауға дайын екенін мәлімдейміз», деді Мәжіліс депутаты.