Сұхбат • 20 Наурыз, 2024

Ту ілген бүркітті Президенттің алдында ұшыруды армандаймын – құсбегі

360 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Он күн тойланатын биылғы Наурыз мерекесі аясында бекітілген Ұлттық спорт күніне орай осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда тұңғыш рет көк байрағымызды ілген бүркітті самғатып, рекорд орнатқан құсбегі Ғабит Таңатовпен сұхбаттасқан едік.

Ту ілген бүркітті Президенттің алдында ұшыруды армандаймын – құсбегі

– Ұлттық спортта құсқа мата байлап ұшыру бар екенін білетін едік.  Бірақ бүркіттің ту іліп қалықтауы туралы бұрын-соңды естімеппіз. Айрықша идея қашан пайда болды?

- Иә, құсқа мата байлап ұшыру ұлттық спортта болған, қазіргі уақытта алынып тасталды.

Астана циркінде акробат болып жұмыс істедім. Цирк балалары жан-жаққа тарап кеткен соң, Алматыға келіп, он шақты баланы алып, шәкірт тәрбиеледік. Сол уақытта қазақтың бес қаруын дәріптеген қойылымдармен шетелдерге жиі бардық. Сондай сапардан келген күндердің бірінде ойыма осындай идея келді, 2014 жыл еді. Қазақтың жеті қазынасын шетелде неге көрсетпеске деген оймен құсбегілерді іздедім.

– Бұл идея сізге 10 жыл бұрын келген екен, ендеше 2022 жылдан ертеректеу неге жүзеге асырмадыңыз әлде кедергілер мен қиындықтар болды ма?

- Он жыл бұрын құсбегілермен танысып, оларға «бүркітке ту іліп ұшырайық», деп айттым. Құсбегілер: «құс – көне заманнан бері аң аулау үшін тұрмыстық тіршілікке арналған және қазіргі кезде ондай дүниені жасаудың қажеті жоқ», деп қолдамады. Идеяны іске асыру үшін, құсбегілікті үйренуіме тура келді. Бұл өнерді меңгеруге 6 жыл уақытым кетті. Кейініректе жарыстарға да қатысып, Қазақстанда және Қырғызстанда бірнеше рет жүлдегер де болдым. Ал құсбегілікті меңгерген кезде идеяны жүзеге асыруыма әкімдік рұқсат бермеді, «бүркіт – жыртқыш құс, біреуге барып түсуі мүмкін», деген желеулер айтылды.

– Көк байрағымызды ілген бүркітті қалың қауымның алдында ұшыруыңызға кім мұрындық болды, жалпы айрықша ісіңіз туралы тоқтала айтып өтсеңіз?

- 2022 жылы «Топжарған» этно-өнер орталығының қолдауымен және продюссер Ерлан Жүнісбай мен актер Қуаныш Керімқұловтың ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Шахристан» алаңында Наурыз мейрамы атап өтілді. Ұлттық спорт өнерін дәріптеп жүрген біздің осындай туындымызды Ерлан Жүнісбай мен Қуаныш Керімқұлов құптап, осы Наурызда көрсетейік деген ұсыныс жасады. Қаншама жыл ішімде жүрген туындым Ерлан Жүнісбайдың қолдауымен жарыққа шықты. Жалпы сол іс-шарада ұлттық спортымызды және төл құндылықтарымызды дәріптеген «Топжарған» этно-өнер орталығы ұжымымызбен өнер көрсеттік.

Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Тараз қаласының әкімі, аудандардың әкімдері, депутаттар және жиналған қалың қауым куә болды. Бауыржан Момышұлы атындағы сыйлықты алдық. Марқұм Бердібек Сапарбаев ағамыз қолымды қысып тұрып ризашылығын білдірді, «қазақтың құндылығы жалғаса берсін», деп игі тілегін арнады.

Екінші рет Қонаев қаласында ұшырған кезде Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына ендік. Өйткені, Таразда ұшырғанымызды сайттардан естіген «Рекордтар кітабы өкілдері» өздері бізге хабарласып, минут, секундтарын есептеп, қолымызға сертификат берді. 2022 жылдың қазан айының 25-і күні тіркелдік.

Көк байрағымызды көк аспанда желбіреткен бүркітімді Бәйтеректің биігінде немесе Ақорданың аспанында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында ұшыруды армандаймын.

Ғабит Таңатов

– Бүркітті дайындауға қанша уақыт кетті? Ту іліп ұшатын неше бүркітіңіз бар?

- Балапан кезінен «Өткір» есімді бүркітімді дайындадым, оған екі жылдай уақыт кетті. Бастапқыда оған мата байлап ұшырдық, аспанда қалықтап, еш жерге қонбай, қолымызға қайта келіп қонуға, ал, шақырмасақ қыңқылдап ұшып жүре беруге үйреттік. Содан кейін өзіндік ерекше тәсілдермен ту іліп ұшуға үйреттік. Бұрын бір ғана «Өткір» болса, қазіргі уақытта сондай үш бүркітіміз бар. Жуырда үшеуін ұшырып көріп едік, шамамен 350-400 метрге дейін аспанға кетіп қалды.  

– Биылғы наурызда жаңа дүниелер жасайсыздар ма? Рекордтық істі жүзеге асырудағы мақсатыңыз қандай?

- Осы наурызда араға екі жыл салып, Тараз қаласына жаңа дүние алып бара жатырмыз (сол уақытта белгілі болады). Бұндағы жалпы мақсатым – адамның шексіз қиял-арманын жарыққа шығаруға болатынына жұрттың назарын аудару. Мысалы, бүркітке ту іліп ұшыруға жас та, кәрі де қызығушылық білдірді.

Осындай ерекшеліктер арқылы жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын оятып, қиялды жүзеге асыруға болатынын дәлелдегім келді.

«Осылай жасауға болады екен ғой» деп ой салу ниетімен біз әр жыл сайын жаңа ерекшелік ойлап тауып, оны жүзеге асыруға талпынамыз.