Қоғам • 21 Наурыз, 2024

Электронды құндылық

107 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Технология дамып, уақыт зымырап өтіп жатыр. Құдды дүниенің бәрі өзгеріп жатқандай. Десе де замана жаңғырса да дәуірі өтпейтін дүниелер болады. Олар керісінше құндылыққа айналып, ұлттық код деңгейіне көтеріледі. Осы ұлттық құндылықтарымызға цифрлық саланың қалай әсер еткенін бағамдау мақсатында аз-кем шолу жасадық.

Электронды құндылық

Хандар сөйлесін

«Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның ар­тынша өзі де жоғалуға ыңғайлы бо­лып тұрады», дейді Міржақып Ду­латұлы. Ал Қазақстан-Британ тех­никалық универ­сите­тінің 2-курс сту­­ден­ті Алтынбек Жол­дыбай әр қа­зақ­тың сана­сында тарихты жаңғырту үшін ерек­ше веб-қосымша ойлап тапты.

TarihShy AI – жасанды интеллект негізінде жасалған Қазақстан та­­­рихын зерделейтін веб-қосымша. Қол­данушылар хандар мен билер, Алаш зиялыларымен, тарихи тұлғалармен тілдеседі. Жауапты ауди­о, бейнежазба немесе мәтін түрінде алады. Тіпті тарихи тұлғалардан кеңес сұрауға да болады. Олар өздеріне берілген рөл мен өмірбаяны арқылы айтып береді. Жобаның мақсаты – өткенімізді жаңа әдістермен үйренуге мүмкіндік жасау. Балаларға жастайынан тарихты танытып, оқушылар мен студенттерге оқу үрдісін жеңілдету. Қазір веб-қо­сымшаны тұрақты қолданушылар саны мыңнан асты.

– Тарихқа қатты қызығатынмын, терең зерттейтінмін. Бірақ басқа адам­дардан ондай қызығушылық байқама­дым. Содан өзгелерді тарихымызға қызықтырғым келді. Интернеттен із­деуге, кітап ақтарып отыруға біраз уа­қыт пен күш кетеді. Ал TarihShy AI – нақты әрі дәлелденген деректер жи­нақ­­талған қолайлы қосымша, – дейді Алтынбек Жолдыбай.

Ол өткен жазда жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу бойынша еліміздің IT-инкубаторына қатысқан. Бұл өнім – сол жобаның жемісі. Жалпы, TarihShy AI техникалық жағынан күрделі. Деректер базасы палеолит заманынан бастап қазір­ге дейінгі ақпараттарды қамтиды. Ақпарат векторлық деректер базасына жи­налған. Сол арқылы жасанды интеллект сәйкестік іздейді. Ақпаратты өңдеу үшін және жауап құру үшін gpt-3.5-turbo моделін қол­данған.

– Деректерді түгелдей интернеттен, кітаптан алып, оны еңбектеніп қол­мен жинадым. Қазір TarihShy AI өзім қала­ғандай жұмыс істеп тұр. Тек сервер бөлігінде ақау­­лар болып тұрады, бір­ақ ол шешілетін мә­селе. Жоспар бойынша TariShy AI тек веб-қосымша ретінде қалмай, ауқымды жобаға айналады, – дейді «Computer Sys­tems and Software» маман­дығында білім алып жатқан Алтынбек.

 

Электронды қазақ үй

Ғалымбек Қызыр­бек­ұлы осыдан 10 жыл бұрын «Элек­тронды қазақ үйін» іске қос­қан. «Электронды қазақ үй» – тілді дамытып, рух­ты кө­теретін, ұлттық құн­дылықты дәріп­тейтін тәрбие құралы. Мұнда дәстүрлі ән мен күй, тер­ме, аңыз-ертегі, бесік жыры, Абайдың қарасөзі, бала­лар әні, жалпы көлемі 1200 аудио­материал топтастырылған. Нақ­тылай түссек, домбырамен орындалған – 315, оркестрмен орын­далған 34 күй бар. Сондай-ақ қо­быз, сыбызғы, же­тіген, шаңқобыз, адыр­на, шертер және сазсырнаймен орындалған шығармаларды да тың­дауға мүмкіндік бар. 114 халық әні, халық әнші-композиторларының 202 әні, 63 терме-толғау, ұлттық рухтағы 26 ән қосылған. 7 бе­сік жыры мен Абайдың қа­расөздері кірген. Құрылғы балалар мен ересектерге де ыңғайлы етіп жасалған. Қолданушылар тиісті батырманы басу ар­қылы мазмұны мен жанры жа­ғынан әртүрлі бөлімді аралап, қалағанын тыңдай алады. Жоба тек елімізде ғана емес, АҚШ, Канада, Фран­ция, Жапония, Ұлы­британия, Қы­тай, Моң­ғолия ел­деріне тараған.

вп

– Бұл жоба – менің төл балам. Бұл – қазақтың баласы. Өнімнің ішіндегі дүниелер қандай керемет болса, сыртқы сапасы да соған лайық. Ба­лалықтан да­налыққа дейінгі қазақ ауыз әде­биеті мен шығармаларын насихаттайтын заманауи құралымыз сапасыз болып жатса, мұны кім алады? Жобаны іске асырмас бұрын сапасына ерекше мән бердік. Қазір балалар ойнайтын ойыншыққа қараңызшы, пластиктің исі шығып тұрады. Бұл бала түгілі үлкен адамға да зиян. Қазақ үйдің сырты ас ыдыстарын шығаратын ABS-пластигінің бірінші сортынан жа­салды. Қуаты 10 сағатқа шыдайды. Қуат алады. Флешка салып, колонка ретінде қолдануға да, радио тыңдауға да болады, – деді жоба авторы Ғалымбек Қызырбекұлы.

 

Smart бесік

Серікбол Шәймардан ба­ла­ның даусына қарай қозғалып, дене қызуы мен жая­лық дымқылдығын өл­шейтін бесік ойлап тапқан. Smart бесіктің ұзындығы – 100, ені – 40, биіктігі – 60 сан­тиметр. Бесікті автоматты түрде де, пультпен де басқаруға болады. Электронды бесіктің өздігінен тербеліп, өздігінен хабар беретін бірнеше құрылғысы бар. Мысалы, «Балаңыз то­ңып қалды», «Ба­лаңыз ауыры­п қалды» деген дыбыс­тар арқылы ескерту айтады. Серікбол мұны әуелде 10-сынып оқып жүргенінде ойлап тапқан.

ве

– Сәбидің шырылдаған даусының жиілігі 380-415 герц аралығында бо­лады. Элек­тронды бесік 300-415 герц ара­­лығындағы дыбыс­ты ғана қа­былдайды. Өйт­кені бесікке құрылыста қол­данылып жүр­ген дыбыс­тық айырып-қосқыш орна­ластырылған. Сол арқылы бала жыласа, бесік тербеле бастайды, – деді Серікбол.

Бір қызығы, мұнда сүт жы­лыта­тын құрылғы, баланың дәрет сын­дыр­ғанынан белгі беретін қоңырау, ана әлдиін есіне сақтап, сәбиге айтып беретін қон­дырғы бар.

– Бесікті оңды-солды үлкен жылдам­дықпен тербете беруге болмайтынын тү­сінген соң, тиісті заңдылықтарды сақтау үшін көп іздендім. Сөйтіп жүргенде, жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Шияу Иуе Илаңның зерттеулерін таптым. Өз еңбегінде ғалым: «Ана құр­сағында бала тербеліп жатады. Ол баланың миына оң әсер етеді. Баланың денсаулығы қалыпты болу үшін бір тер­белістің жиілігі 1,8 секунд болуы қажет», деп жазыпты. Осы деректі қа­зақ әйелдерінің бесік тер­бетуімен салыстырып, бесікке төрт дөңгелек қостым. Ол бала ағза­сына қауіп төндірмейтін, кернеуі 36 вольт қана болатын тоққа тәуелді. Ал тербеліс жиілігі 1,8 секундқа шақ­талған. Нәтижесінде, бала жыласа, бесік тербеледі. Ал бе­сіктегі сүт жылытқыш қондырғыны ойлап табу оңайға соқпады. Ғалым­дардың зерттеулерін тағы да ақ­­тара жүріп, ана сүтінің жы­лылығы адамның қалыпты температурасынан 1-2 гра­дусқа ғана төмен болатынын білдім. Ақыр аяғында осы тем­ператураны бір қалыпта ұс­тап тұратын сүт жылытқыш қон­дырғысы ойыма келді, – деп ақтарылды ол.

 

Ақылды қоян

Цифрлық тех­но­логияның дамуы жақ­сы-ақ. Бірақ бал­дыр­ғандардың смарт­фон жастанып жататынын көр­генде, күрсініп қаласың. Бұл мәселеге «Ақыл­ды қоян» электронды оқу құралы тамаша шешім бола алады. Интеллектуалдық ойыншық 3-12 жас ара­лығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Оның ішінде көлемі 800 шумақтан тұратын 88 түрлі тақпақ, қазақ халық ертегілері мен шетел ха­лық­­тары­ның ер­тегілерін қам­тыған 130 ертегі, қазақ хал­қы­ның әдет-ғұрып, ұлттық дү­ние­танымына қа­тысты 1500-ге жу­ық атауға түсінік бар. Тіпті ма­­қал-мәтел, жа­ңылтпаш, ырымдар мен тыйым­дар, Абай өлеңдерін қамтыған 500-ге жуық мәтін мен 200-ден астам әндер де сайрап тұр.

апр

– Бұған дейін «Дана» қаламы арқы­лы оқы­ты­латын «Дыбысты әліп­­пе», «Ағылшын тілі негіз­дері», «Бас­тауыш мектеп оқулықтарын оқыту құ­ралы» сынды өнімдер шығарған болатынбыз. «Ақылды қоян» – осы материалдарды балаларға оқып беретін электронды құрылғының аты. Құрылғы түрлі түсті жарық шығара ала­тын, құлақтары бүктеуге ыңғай­лас­тырылған қоян тү­рінде жасал­ғандықтан «Ақылды қоян» аталып отыр. Бұл оқу құра­лының сапасы жоғары, балаларға залал­сыз, бағасы қолжетімді, – дей­ді Қанатқан Әбіл­ғалиұлы.

 

Ерекше домбыра

Осыдан бірнеше жыл бұрын ша­нағының екі беті бар домбыра көпке аян болып, бір шулатып еді. Екі бетті, екі тиекті, төрт ішекті, төрт құлақты ерекше домбыраның авторы – Қытайда тұратын Ерсін Батырханұлы. Ол алғаш рет 1997 жылы электронды домбыра жасаудан патент алды. Солай өзі жасаған электронды домбыраны елге әкеліп, танымал күйші, өнерпаздарға көрсетті.

ап

– Менің бұл екі бетті дом­бы­рам­ның әдеттегі домбыралардан көп ар­тықшылығы бар. Ол заман сұ­ранысына орай жасалған. Дыбыс кү­шейткішінің сапасы жақсы болса, теңшегіш аспаптармен домбыраның қо­ңыр дыбысын да, ащы дыбысын да шығаруға болады. Атап айтар болсақ, домбыра, гита­ра, қобыздың және тағы да басқа дыбыстарды шығара беруге бо­­лады, – деді Ерсін Батырханұлы.

АҚШ-тағы «Apple» компаниясына домбыраға қатысты ба­ғдарламасын ұсынып, авторлық құқық иесі атанған Нұрлан Қамбарды айтпай кетсек, болмас. Оның ұшқырлығының арқасында домбыраны ұялы телефоннан да тартып, ән шырқауға болады. Үйрену үшін тегін бағдарламаны жүктесеңіз, болды. Бұл идея оған ЭКСПО көрмесі кезінде келіпті.

– Қазіргі таңда қазақ жастары жаңа­шылдыққа ұмтылып, жаңа технологияларды игеруге күш салып жатыр. Мен де өз бағымды сынап көруді жөн санап, алғашқы еңбегімді жүзеге асыруға тырыс­тым. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – домбыра үйренуге әрі домбыра жоқ жерде ұялы телефоннан күй тартып, ән шырқауға мүмкіндік береді, – деді өнертапқыш.

 

Өзі пісетін күбі

Мал шаруашылығымен айналысатын ауыл халқына күбі «деликатес» секілді. Қымыздың бабына келіп ашуы да, ағарғаннан сарымайды тез айырып алу да – күбінің еңбегі. Бай­қасақ, кейінгі жылдары елімізде ұлттық қымыз, шұбатқа деген сұраныс ерекше. Бұл үрдіс нағыз шебердің қолынан шыққан күбіні іздейтіндерді көбейткен. Ескерейік, жай күбі емес – электронды күбі.

Дәулет Қадірбекұлының үйінің аула­сындағы шағын шеберханасы бар. Ол онда 10 литрлік күбіден 150 литрлік күбіге дейін жасайды. Шағын бір күбіні дайындауға 10-12 күн, үлкен күбілерді жасауға 15-20 күн кетеді.

кн

– Күбі жасауды 2013 жылы бастадым. Алғашқы күбіні әкем екеуміз дайындадық. Батасын беріп, атакәсіпті әрі қарай өркендетуді тапсырғаны әлі есімде. Күбіні қайың, балқарағай, емен ағаш­тарынан жасаймыз. Емен, бал­қарағай ағаштары шайыры көп болғандықтан табиғи тығыз, өте қатты, төзімді болып келеді. Қазір үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр, отар-отар қой бағатын шаруа қо­жалықтары көбейді. Ондағы мал сү­тінен өнді­ретін өнім мөл­шері де ауқым­ды. Сондықтан да пісу үдерісін автоматтандыру маңызды. Сол себепті электр қуатымен жұмыс жасайтын арнайы құрылғы ойлап таптым, – дейді шебер.

Оның электронды күбісі бір уақытта 50 литр­лік үш күбіні пісуге қау­қарлы. Тиімділігінен хабардар болған жұрт арнайы іздеп келіп, тапсырыс береді. Бұған қоса Дәулет күбі ыстайтын темір пеш те жасаған. Күбі алушылар керегінше пісуге арналған электр құрылғысын, ыстайтын пешті де сатып алады.