Сұхбат • 21 Наурыз, 2024

Әли Әкбар Талеби МАТИН: Наурыз – Қазақстан мен Иран арасындағы алтын көпір

68 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Наурыз мерекесінің шығу төркіні иран халқымен байланыстырылады. Өйткені атауының өзі «жаңа күн» деген мағынаны беретін парсы сөзі. Ислам діні келмей тұрып бұл күн иран және түркі тектес халықтар мекен ететін өңірлерде кеңінен тойланған. Мұсылмандықты қабылдағаннан кейін де исламмен бірге жасасып, Ұлыстың ұлы күні ретінде сан ғасырлық тарих сүзгісінен өтті. Осы орайда біз Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Әли Әкбар Талеби МАТИН мырзамен арнайы кездесіп, бұл мерекенің Иран еліндегі тойлану ерекшеліктері мен тарихын сұрап білдік.

Әли Әкбар Талеби МАТИН: Наурыз – Қазақстан мен Иран арасындағы алтын көпір

– Әли Әкбар мырза, Наурыз – қазақ және парсы халық­та­рына ортақ ұлы мейрам. Де­генмен оны тойлауда екі ел­дің өз ерекшеліктері де болуы мүмкін. Жалпы, Наурыздың Иран үшін маңызы қандай және оны қалай атап өтесіздер?

– Ең алдымен баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтағым келеді. Биыл бұл мейрам қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан халқының 70 па­йызын мұсылмандар құрайтынын білеміз. Осы айда ауыз бекіткен барша жұртшылықтың оразалары қабыл болуы тілеймін.

Қазір Наурыз әлемнің 11 елін­де ауқымды түрде тойланады. Өзіңіз айтқандай, оның түп тамыры Ираннан бастау алады. Біздің еліміз есте жоқ ескі заманнан бері Наурызды мерекелеуді ешуақытта тоқтатпаған бірден-бір өлке саналады. Ал басқа елдерде, әсіресе ТМД мемлекеттерінде бір кездері саяси және әлеуметтік факторлардың әсерінен оған ты­йым салынғанын жақсы білеміз. Тіпті кей жерде ол жасырын түрде тойланып келді. Ал Иран тарихында мұндай үзіліс болған емес. Біз осы мерекенің отаны әрі алтын бесігі ретінде оны ғасырлар бойы сақтап келе жатқанымызды мақтан тұтамыз.

Наурыз – Иран мен Қазақстан ха­лықтарын тарихи және мәде­ни тұрғыда біріктіретін алтын көпір. Ол иран халқының бол­мыс-бітімімен және тұрмыс-тір­шілігімен біте-қайнасып кеткен мейрам және салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың басты көрінісі деуге болады. Ықы­лым заманнан бері қазіргі күнге дейін бейбітшілік пен дос­тық­тың нышаны, халықтарды жақын­да­с­тыратын, адам мен табиғат арасындағы үндестікке жол ашатын мереке ретінде тойланады.

Өздеріңіз білетіндей, Наурыз – Иранда жыл басы, яғни осы айдың аяғында жаңа жылымыз басталады. Мерекеге орай ирандық отбасылар «Һәфт син» деп аталатын дастарқан басына жиналады. Жыл ауысу сәтін олар Жаратушы иемен байланысты нығайтатын мезет деп есептейді. Сол дастарқан басында Құраннан аяттар оқылып, жүректерді соқтырушы, жыл мезгілдерін ауыстырушы Хақ тағаладан біздің жағдайымызды жақсы деңгейге жеткіз деген мағынада дұға тіленеді.

– «Һәфт син» дастарқанының атауы қандай мағына береді? Оның ерекшелігі неде?

– Иран мәдениетінде әр мерекеге арналған өзіндік дастарқан мәзірі бар. Соның ішінде Наурыз мерекесіне арналып жайылатын дастарқан «Һәфт син» деп аталады. Бұл ғұрып тек Иранда емес, парсы тілдес Ауғанстан мен Тәжікстанда да жақсы сақталған.

кк

«Һәфт син» дастарқаны жаңа жылға бірер күн немесе бір­неше сағат қалғанда жайылады. Барлық отбасы мүшесі осы дастарқан басында жиналып, әр тағамнан дәм татады. Атауының мағынасына келсек, «һәфт» – парсы тілінде «жеті» деген санды білдірсе, «син» – парсы әліпбиіндегі «с» әрпі. Яғни «Жеті син» деп аты айтып тұрғандай, мерекелік дастарқанға «с» әрпінен басталатын жеті тағам қойылады. Олар – сәбзе, сенжет, сир (сарымсақ), сиб (алма), серке (сірке), сумақ, саману. Бұлардың бәрі жеуге жарамды әрі жерден өніп-өсетін тағамдар.

Әрқайсысына жеке-жеке қыс­қаша тоқталып өтейін. Бірін­ші син – «сәбзе». Ол «Һәфт син» дастарқанының ең әдемі элементінің бірі. Ол адамзат пен табиғаттың тығыз байланысын білдіретін тағам. Екінші син – «сир», яғни сарымсақ – ден­саулықтың кепілі, микробтарды жоюшы және көз тиюден қорғаушы мағынасында дас­тарқанға қойылады. Қазіргі таңда тағы бір мағынасы қосыл­ды, ол көздің және жүректің тоқшылығын білдіреді. Үшінші син – «сенжет» парсы тіліндегі «ақылмен әрекет ету», «ойланып амал жасау» деген мағынаны білдіретін сөзден шыққан. Әрбір ирандық азамат дастарқан басында осы тағамнан ауыз тию арқылы алдағы жаңа жылда қандай әрекет етсем де, ақылмен ойланып, жеті рет пішіп жасаймын деп өз-өзіне уәде береді. Төртінші син – сірке суы тазалықтың белгісі ретінде дастарқанға қойылады. Яғни ол өткен жылдағы жамандықтардың бәрін жуып тазалаушы. Ал «сумақ» – «Һәфт син» дастарқанының бесінші элементі. Ол иран мәде­ниетінде сабырлылықтың, толе­рант­тылықтың, басқаларға деген төзімділіктің символы саналады. Сонымен бірге шат­тық пен қуаныштың белгісі. «Са­ману» деген тағам – мерекелік дас­тарқанның алтыншы элементі. Ол күш-құдіреттің, жақсылық пен берекеттің нышаны. Бидай мен ұннан дайындалатын, адамға күш беретін «Е» дәруменіне бай тағам. Оны адам өміріндегі жақсылық пен берекетті көбей­теді деп сенеді. «Һәфт син» дас­тар­қанындағы жетінші син – сиб, яғни алма жемісі. Бұл ден­саулық пен сұлулықтың бел­гісі. «Келер жылы ауру-сыр­қау­дан аулақ болайық» деген ниетпен дастарқанға қойылады.

– Иранда жеті түрлі тағамнан «Һәфт син» дастарқаны жайылса, біздің қазақтың дәстүрінде де осы мерекеге орай жеті түрлі тағамнан наурызкөже дайындалады. Ал сіздерде мұндай көже жасала ма?

– Иә, бізде де әртүрлі тағамнан дайындалатын көже бар. Оны біз «ош» деп атаймыз. Бірақ ол тек Наурызда ғана емес, басқа кездерде де жасала береді. Жалпы, өздеріңіз білесіздер, Иранда түрлі ұлттар мекен етеді. Әрқайсысының дәстүріне сай ұлттық тағамдары бар. «Һәфт син» дастарқаны еліміздегі барлық халыққа тән ас мәзірі саналады. Одан бөлек Наурыз мерекесінде балық пен шөптесіндер қосылған палау да­йындалады.

– Жоғарыда айтылғандай, қазақ жерінде жарты ғасырдан астам уақыт Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынды. 1988 жылы ол ресми мереке ретінде қайта жаңғырды. Біз оны Ұлыстың ұлы күні деп атаймыз. Ал биыл Мемлекет басшы­сының ұйытқы болуы­мен жаңаша сипатта атап өтіліп жатыр. Өзіңіз білесіз, «Нау­рыз­на­ма» онкүндігі жа­рия­ланды. Президенттің бұл бас­тамасына қандай пікір біл­дірер едіңіз?

– Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев­тың ұсынып жатқан жаңа бас­­та­­маларын біз де оқып біліп отырмыз, Наурыз мерекесіне ерекше назар аударып жатқаны үшін өте қуаныштымыз. Себебі Наурыз Қазақстан мен Иран халық­та­ры­на ортақ мәдениет, ортақ дәстүр. Наурызды жаңғыр­ту екі ха­лықтың бір-біріне ана­ғұрлым жа­қын­дай түсуіне, ынтымағының артуына ықпалын тигізеді деп сенеміз. 14 нау­рыз бен 23 наурыз аралығындағы әрбір күнге атау беріліп, жақсы дәс­түрдің жолға қойылып жат­қаны халықтың Наурыз мереке­сінің мән-мазмұнын барынша терең сезінуге мүмкіндік берері хақ.

Осы күндері Қазақстанның әрбір қаласында Наурызға орай өтіп жатқан мерекелік іс-шара­ларға Иран елшілігінің қыз­меткерлері де мүмкіндігінше қа­­тысып, атсалысамыз. Ал өз тара­­пымыздан мейрамды осы айдың алғашқы күндерінен бас­тап кеттік. Атап айтқанда, Иран­ның Қазақстандағы елшісі Әли Әкбар Жоукар мырза Наурыз мере­­кесін атап өтетін елдердің Қазақстандағы елшілерін арнайы шақырып, қонақасы берді. Оларға мейрамның Ирандағы тойлану дәстүрін таныстырдық.

Сонымен бірге 22 наурыз күні ЭКСПО-да республикалық дең­гей­де өтетін мерекелік іс-шараға Ираннан арнайы қолөнер шеберін шақырып жатырмыз. Ол Наурыз тақырыбындағы туындыларын көпшілік назарына көрсететін болады. Біз бұдан басқа да Наурыз мерекесіне байланысты өтетін іс-шараларға қолғабыс етуге, сол арқылы екі елдің арасындағы байланыстарды барынша нығайтуға дайын екенімізді айтқым келеді.

– Биыл елімізде бастау алған «Наурызнама» онкүндігінің шы­мылдығын Көрісу күні аш­қаны белгілі. Тарихы терең бұл ғұрып негізінен еліміздің батыс өңірінде сақталған. Соның ішінде Атырау және Маңғыстау облыстары Каспий теңізі арқы­лы Иранмен шектеседі. Менің сұрайын дегенім, сіздерде осындай көрісу салты бар ма?

– Бізде арнайы Көрісу күні болмаса да, көрісу салты бар. Ол – парсы халқының көнеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Жалпы, Иранда Наурыз мейрамы 13 күн бойы тойланатынын айта кетейін. Осы күндері орындалатын игі дәстүрлердің бірі – адамдар үйлерін толық тазалайды және рухани тұрғыда да тазаруға қадам жасайды. Мы­салы, ренжіскен адамдар болса, бір-бірін кешіреді. Тіпті араласпай кеткен адамдар өзара қонаққа барып, татуласып, үзілген қатынасты жалғап жатады. Жасы кішілер үлкендерге арнайы барып, амандасып, олардың бата-тілегін алады. Адамдар арасындағы мейі­рімділікті, жақындықты арт­тыруға бағытталған көрісу салты осы аталған 13 күндік мереке ішінде орындалады. Қазақ­станның батыс өңірлерінде ғана атап өтілетін бұл мерекенің қайта жаңғырып, биыл­­­дан бас­тап бүкіл ел көлемінде маңыз бен мәртебеге ие болып жат­қаны қуанышты жағдай. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бас­та­масын барлық ел тұрғыны қол­­дағанын көріп отырмыз және біз де өз тарапымыздан мұны шын көңілден қолдаймыз.

Сөз соңында айтарым, Иран­ның Қазақстандағы елшілігі мен «Egemen Qazaqstan» газеті арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Бізге ақпараттық қолдау көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта өзара байланысымызды бұдан да нығайта түссек деген өтінішіміз бар. Иран елшілігінің өткізіп жатқан іс-шаралары, иран халқының мәдениеті жайында материалдарды жиі жария­­лап тұрсаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді. Біз де өз тарапымыздан Ирандағы бұқаралық ақ­па­рат құралдарында Қазақстан мен қазақ халқының мәдениеті және салт-дәстүрі туралы көбі­рек ақпарат беріп отыруға атса­лы­сып, өзара әріптестікті орна­туға қолғабыс етуге әзірміз. Бұл екі елдің өзара жан-жақты ынты­мақ­тастығын нығайтуға септігін тигізер еді.

Мен Қазақстан халқын Ұлыс­тың ұлы күнімен тағы да құт­тықтай отырып, өз сөзімді парсы халқының ұлы шайыры Хафиз Ширазидің Наурыз туралы мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді:

«Ескенде Наурыздың самалы,

Ашылар мүмкіндік алаңы.

Құдайдан көп көмек сұрасаң,

Қалаған тілегің болады.

Сен оның қадірін біліп жүр,

Адам боп иманды саналы».

– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»