Қоғам • 21 Наурыз, 2024

Нақышына енген «Наурыз бал»

112 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлық мереке аясында ел астанасында алғаш рет «Наурыз бал» атты ауқымды іс-шара өтті. Бұл кеш түрлі елдердің дипломатиялық корпусын, халықаралық ұйым басшылары мен шетелдік компаниялар өкілдерін жинап, ұлттық нақыштарымыз бедерленген думанға ұласты. Классикалық өнер мен ұлттық бояу астасқан Наурыз тойы сан түрлі ойын-сауық пен көрмеге толы болды. Түрлі ұлттың мәдениеті мен өнері де ұлттық мерекенің мерейін асырды. Ағылшындар асық атып жарыс­ты, елшілер би биледі.

Нақышына енген «Наурыз бал»

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматына тоқталып, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы сөз еткен негізгі тезистерді атап өтті.

«Биылдан бастап еліміз Нау­рызды жаңа форматта атап өтіп жатырмыз. Наурызнаманың арнайы тұжырымдамасы әзір­леніп, оның аясында әр күн­нің өз атауы белгіленді. Нау­рызнаманың соңғы күні – 23 наурыз – Жаңа жылды жаңа мақсатпен, жаңа үмітпен қарсы алудың символы. Бұл күні Қазақ­станның барлық өңірінде жал­пыұлттық экологиялық акциялар өтеді. Әрине, Наурыз мейрамын осындай ауқымда атап өту ұлт­тық бірегейлігімізді нығай­туға, қоғамды бір мақсатқа шоғыр­лан­дыруға септігін тигізеді», деді Аида Балаева.

ке

Сонымен қатар министр мәдени мұраны насихаттау мен оны әлемдік аренада таныту мақсатында министрлік тарапынан жасалған жобаларға тоқталды. Соның ішінде іс-шара барысында таныстырылымы өткен «Qazaq сulture» ақпараттық-танымдық порталы бар. Онлайн портал Мемлекет басшысының еліміздің мәдени мұрасын таныту, ұлттық брендті, тарих пен мәдениетті насихаттау тапсырмасы аясында іске қосылып отыр. «Qazaq сulturе» еліміздің көпқырлы мәде­ниеті мен бай тарихының айрық­ша белгісіне айналмақ.

впр

Мерекелік іс-шарада еліміз­дегі тұңғыш көпұлтты «Birlik» ән-би ансамблі де өнерін көр­сетті. Ұжым көпұлтты бірлік пен мәдениетаралық диалогтің бірегей үлгісінің белгісіндей. Еске салсақ, ансамбль биыл әлем халықтарының мәдени мұрасын сақтау және насихаттау, дәстүрлі музыка мен биді дәріптеу мақсатында жасақталды.

Сондай-ақ кеш қонақтарына жаңада құрылған «Zhoshy» фоль­клорлық ансамблі таныс­тырылды. Ансамбль мүшелері желбуаз, мес сырнай, уілдек, тастауық сияқты сирек кездесетін музыкалық аспаптарда ойнайды. Олардың шеберлігі мен таланты қазірдің өзінде көпке танылған, жақын арада шығармашылық ұжым Қытайға гастрольдік сапармен бармақ.

Дипломатиялық балдың құрметті қонақтары да елімізді Наурыз мейрамымен құттықтады. «Наурыз мерекесімен шын жү­рек­­­тен құттықтаймын! Барша қазақстандықтарға зор денсау­лық, бақыт, жақсылық пен аман­дық тілеймін! Бұл қуаныш пен жа­ңару кезеңі сіздердің жүрек­теріңізге жарқын және жылы сезім ұялатсын, ал үйлеріңізге бей­бітшілік пен амандық әкел­сін», деді БҰҰ-ның Тұрақты үйлес­тірушісі Микаэль Фриберг-Стори.

е

«Наурыз көктемнің алғашқы лебімен бірге келді. Көктемгі күн мен түннің теңелу күні әр отбасына бақыт, қуаныш әкелетініне, жаңа жылда жақсы оқиға­лар болатынына сенімдімін», деді Германия Федеративтік Республикасының Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсен өз құттықтауында.

Ал Орталық Азия бойын­ша субаймақтық үйлес­тіруші, Қазақстан, Қырғыз­стан, Түрік­менстан және Өзбек­стандағы ХКҰ миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев ұлық мереке­нің адамның жанына, тәніне, мінезіне де жаңалық сыйлайтынын атап өтті. «Бұл мейрам – адамдарға бақытты өмір сүруге, дамуға, өркендеуге, достық, береке мен махаббатқа үміт сыйлайтын көктемгі жаңару мерекесі. Наурыз – бірлік пен тұрақтылық мейрамына айналып, үйлеріңізге бақыт әкелсін, ойлаған дүниенің барлығы жүзеге ассын», деді ол.

Наурыз балының аясында ұлттық өнер түрлерінен шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды. Мәселен, киіз басудың екі түрін де (құрғақ және ылғалды әдіс) байқап, шебермен бірге жасап көрдік. Айта кетейік, ауқымды іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырып отыр.