Үкімет • 21 Наурыз, 2024

Құрылтайда көтерілген мәселелер парламенттік тыңдауда талқыланады

154 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жетек­шілігімен жалпы отырыс өтіп, депутаттар «Қазақстан Респуб­лика­сындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұл­дады. Кредит беру кезіндегі тәуе­келдерді барынша азайту және қарыз алу­шылардың құқықтарын қорғау туралы заң екінші оқылымда қабылданды.

Құрылтайда көтерілген мәселелер парламенттік тыңдауда талқыланады

Адам саудасынан асқан қылмыс жоқ

Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы Мемле­кет басшысының тапсырмасы­мен әзірленді. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оған «адам саудасының құрбаны» сынды жаңа ұғымдар енгізіліп, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілгенін айтты.

Жоба төрт негізгі бағытты қамтиды: серіктестік, профилактика, қудалау және көмек көрсету. Жәбірленушілерге әлеуметтік қызмет көрсету үшін уәкілетті, мемлекеттік және жер­гілікті атқарушы орган­дар­мен, коммерциялық емес ұйым­дармен серіктестік жүзеге асырылады. Профилактика бағытында адам саудасының қаупін бағалау, алдын алу шаралары және құрбандарға көмек көрсету мақсатымен оларды тиісті органдарға қайта жолдау тәртібі ұсынылған. Қылмыс­тық қудалау аясында адам саудасының барлық нысанына жауапкершілік қарастыратын заңнамаға анықтамалық норма енгізіледі.

«Жобада адам саудасы құр­бандарының бар­лық қол­­жетімді құқығы қарас­ты­рылған. Оларды бір заң аясына біріктіру осы зұлымдық­пен күресу үдерісін жеңілдетеді. Құрбандардың «азаматтық» мәртебесіне қарамастан қыл­мыс анықталған сәттен бастап олардың «құрбан» жағдайынан шыққанға дейін жұмыс істеу алгоритмін реттейді. Сонымен қатар «ықтимал құрбандарға» көмек көрсетудің құқықтық негіздері қаралады. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға жеке тарау арналған», деді Ержан Сәденов.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Марат Башимов қосымша баян­дамасында ілеспе түзетулер­де жаңа туған нәрестені тас­тап кету фактісі туралы хабар­ламаған медициналық ұйым­дар мен жетім және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қал­ған балаларға арналған ұйым­дардың лауазымды тұл­ға­ларына жауапкершілік қарас­тырылғанын айтты.

«Сонымен қатар адам сауда­сының ықтимал құрбан­дарымен және кәмелетке тол­мағандар­мен еңбек шартын жасамағандар­ды әкімші­лік жауапкершілікке тарту маңызды. Интернет арқы­лы сексуал­дық қызметтерді ұйым­дас­тырғаны үшін қылмыс­тық жауапкершілік енгізіледі. Азаматтарды заңсыз қанау­ға тартудың кеңейтілген тә­сіл­дерімен адам саудасының анық­тамасы кеңейтіледі. Бұл құқық қорғау органдарына аталған барлық жағдай бо­йынша қылмыстық іс қозғау­ға мүмкіндік береді», деді М.Башимов.

Талқылау нәтижесінде депутаттар заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады.

 

Тығырықтан шығаратын заң

Сондай-ақ Мәжіліс кредит беру кезіндегі тәуекелдерді ба­рынша азайту, қарыз алу­шылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша депутаттардың бастамасымен әзірленген заңды екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, құжатпен жұмыс барысында депутаттар бірінші оқылымнан кейін оған қосымша нормалар енгізген.

«Олар несиелер мен мик­рокредиттер бойынша жыл­дық тиімді пайыздық мөл­шерлеменің шекті көлемін анық­тау, 2026 жылға дейін азамат­та­р­дың банктегі несиелері және микрокредиттер бойынша қарыздарын коллекторлық агенттіктерге сатуға мораторий енгізу, жалақыға дейін деп берілетін шағын несиелерді реттеудің ерекше режімін алып тастауға қатысты. Банк омбудсманына тек банктік несиелер бойынша дауларды қарау өкілеттігі беріледі. Сонымен бірге микрокредиттер бойынша дауларды қарау құзыретін беретін микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі», деді Б.Бейсенғалиев.

Сонымен қатар бірінші және екінші топтағы мүгедек­тігі бар адамдар тұратын отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығаруға ты­йым салу ұсынылды. Банктер­ге және банк операциялары­ның жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жұбайы­ның келісімінсіз жеке тұлғаға банктік қарыз беруге тыйым салынады. Әскери қызметшілер­ге мерзімді әскери қызметті өткерудің барлық мерзіміне банктік қарыз немесе микрокредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру процесі автоматтандырылды.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бұл заң азаматтардың қаржылық мәселелеріне қатыс­ты арыз-шағымдарына жауап болғанын атап өтті.

«Заңда қарастырылған жаңа нормалар отандастары­мыз­дың қарызға батуының алдын алуға жағдай жасай­ды. Сонымен қоса тұтынушыларды коллекторлардың дөрекі іс-әрекеттерінен қорғайды. Жалпы алғанда, қабылданған заң халық арасында қарыз көлемінің едәуір азаюына септігін тигізеді. Азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартып, олар­ға қаржылық еркіндік пен сенімділік береді», деді Палата төрағасы.

Бұдан бөлек депутаттар 1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақ­стан мен Қытай ара­сын­­дағы Азаматтық және қыл­­мыстық істер бойынша құқық­тық көмек көрсету туралы шарт­қа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

Әділет министрі Азамат Есқараев түзетулер Қазақстан аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтініштерін орындау саласында құқықтық көмек көрсету жөніндегі сот органдарының функцияларын нақтылайтынын айтты. Бұл Қазақстан және Қытай азаматтары мен заңды тұлғаларының мүдделерін қорғау мәселелерін жедел шешуге ықпал етеді.

Мәжіліс «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Рес­публикасы Заңының жекелеген баптарына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа алды. Сондай-ақ мәжілісмендер өзекті әлеу­меттік-экономикалық мә­се­лелер бойынша жауапты мем­­лекеттік органдарға 14 де­путат­тық сауал жолдады. Олар Мә­жі­лістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

 

Бағдарламалық құжат

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтайда айтыл­ған мәселелер бойынша Пар­ламенттік тыңдау өтетінін мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы елі­міздің рухани-идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсар­ту­ға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап берді. Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті. Депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек», деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Президент Құрыл­тайда сөйлеген сөзін­де жастар мен қоғам белсен­ді­лері­нің қолданыстағы Ел­таңбаға қатысты ұсынысына өз пікірін білдіргенін атап өтті. Елтаңба мәселесіне қоғамның бейжай қарамауы, ортақ, ба­йыпты шешімге келуі қажеттігін айтты. Сондықтан мем­лекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой маман­дарының ұсыныстары жете талқыланады.

«Біздің Герб санғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі сим­вол болуы керек. Ең басты­­сы, еліміздің болашаққа ұмты­лысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуға тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе», деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ спикер Президент депутаттардың бастамасымен әзірленген лудоманияға қарсы күрес жөніндегі заң жобасын осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанын атап өтті. Есірткіні өндіру мен тарату, вандализм және тағы басқа проблемалардың шешімі заңнамалық деңгейде реттеуді талап етеді. Археология, мем­­лекеттік рәміздер және мем­лекеттік наградалар са­ласын­дағы заңнаманы жетілдіру қажет.

«Ұлттық құрылтайда көтеріл­­ген маңызды мәселе­­лер жөнінде Парламенттік тың­дау өткізуіміз қажет. Себебі келелі жиында айтылған нақ­ты ұсыныстарды орындауда мақсат-міндеттерімізді бірге айқындауымыз керек», деді Е.Қошанов.