Мереке • 22 Наурыз, 2024

Жарықтың тойы – халықтың тойы

208 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы Наурыз Қазақ даласына ерекше жағдайда енді. Елдің басым көпшілігі дәстүрлі де тарихи жаңа жыл­дың төбесі көрінер Ұлыс тойына аса мән берілерін Прези­денттің «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатынан күні бұрын білді. Егер мұндай елдік сана ұлт танымына ертеден сіңісті болмаса, бүгінде бұқараның көкірегінде сайрап тұрмаса, Мемлекет басшысы да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дүниеге әкелмес еді.

Жарықтың тойы – халықтың тойы

Ұлы Бұқар жырауша толғасақ, «Ханның жақсы болмағы – Қарашының елдігі. Қарашы халық сыйласа, Алтыннан болар белдігі». Демек халықтың сана-сезіміне сыймайтын дүниені ел сенімін арқалаған көшбасшы уақыты жетпей айта бермейді. «Жұрт төңкеріліп құбылған сағымдай, шынға шыдап, ынтымағын қоса алмас» (Абай) деңгейде қалып қойса, сонау қаңтар айының басында  Мемлекет басшысы «Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы» демес еді.

Тәуелсіздіктің бастапқы ширегіндей емес, қазір ел өскен. Күнтізбелік жаңа жылды отбасылық мереке ретінде өткеріп, нағыз жыл келетін Наурыз мейрамын асыға күтеді. Көшпелі жұрттың байырғы әдеті ғана емес, алты ай қыстың көбесін сөккен Тәңірінің рахман нұрына елжірейді. Жылдан-жылға амалдап жеткеніне қуанады.

Үшінші Ұлттық құрылтай осы Амал күніне белгіленгені  де тегін дейсіз бе? Ертеректе үлкендер «ескіше наурыздың 13-нен 14-не қарағанда туады» деп отыратын. Ол бір аймақта Наурыз, бір жақта Амал (хамал – үшінші ай)  болып аталып жүрсе, енді онкүндік Наурыз болып  нақтыланып келеді. Көктемнің алғашқы күні, жаңа жылдың төбесі көрінген уақыт – бұл. Демек, бір жылды артқа қалдырып, жаңа жыл басында аман-есен қауышқанға не жетсін! Осыны тап басқан Президент «Ең алдымен баршаңызға Көрісу күні құтты болсын дегім келеді» деп бастады Ұлттық құрылтайдағы алғашқы сөзін. Қазақ хандығының алапатын асырған Қасым хан орда тіккен Сарайшыққа арқасын тіреп Ұлыс тойына жалғайтын Көрісу күнін бастап бергендей әсер қалдырған жоқ па? Бұдан былай 22 наурызға дейін түнін күні, қараңғысын қылаңы жеңген жарықтың тойын тойлаймыз. Жарықтың тойы – халықтың тойы, әрине. Қазақ ертеден «жарық дүние» дейді. «Жалған өмір емес! Жалған, өмір!» дейді. Жарыққа жеткен өмірдің жалғастығын тілегені. Қараңғыны жарықтың жеңгені, сәуленің молайғаны жақсылықтың көбейгенін білдіреді. Қай жерде жақсылық, жылу болса, халық та сонда.

«Жапырақтардан тіл бітіп бала  құстарға,

 Көктеме келді тағы да Қазақстанға.

Медеудің мынау үкілі басы бұрқырап,

Сапарын тартты сабылып саз алыстарға…»

деген Төлеген Айбергенов жүрегіне біткен құштарлықпен ұлт пайдасына қам қылып, жауапкершілікті сезіне алсақ – нұр үстіне нұр. Оның алғышарты да биылғы Ұлыс тойының басында жолға тағы бір мәрте қойылғандай. «Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек», деді Мемлекет басшысы. Мына бейбіт заманда ұлт пайдасына қам қылудың бір жолы – әуелі қазақша сөйлеп, ұлттық киім кию екенін түсінетін кез баяғыда болған. Мыңжылдық әдебиеті мен өнері бар, ежелден елдіктің туын тігіп, ішкі мәдениеті қалыптасқан қазақ сөйлеу мен киінуден кейін қалмағанын білу өз алдына, оны жаппай жүзеге асыру ең бастысы. Ескі киім үлгісін заманға сай ықшамдау жағы және бар. Отандық киім үлгілері нарықты жаулап үлгермесе де, әредік кездесіп қалады. Бірақ көп емес. Осы күні бірқатар ұйымның қызметкерлері, студенттер мен оқушылар заманауи стильдегі ұлттық костюмдер киетініне көз үйреніп қалғанын неге жасырайық? Алла азаттығын беріп, соған жол ашып тұр, онда не тұрыс? Әркім өзінен бастасын. Іске сәт!