Еңбек • 22 Наурыз, 2024

Атакәсібіне адал азамат

106 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан біраз жыл бұрын Қостанайдағы жайлы қызмет, жақсы жалақысын тастап, кіндік қаны тамған Меңдіқара ауданындағы Теңіз ауылына қайта оралған Ербол Қарымсақов бүгінде атакәсіпке біржола бет бұрып, асыл тұқымды мал басын көбейтуге ден қойып отыр.

Атакәсібіне адал азамат

Өрелі жас жеке шаруашылығының қамын күйттеумен ғана шектеліп қалмай, «Ауыл» партиясының атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты ретінде өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру, мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне де үн қосып жүр.

Ерболды облыстық мәдениет басқарма­сын­да бас маман болып қызмет етіп жүрген кезінен білеміз. Көбіне өңірде өтіп жататын түрлі мәдени іс-шаралардың басы-қасынан көрініп жүретін. 2015 жылы үйленіп, отау құрып туған ауылы Теңізге көшіп кетті деп естідік. Араға екі-үш жыл салып кездейсоқ жол түйістіріп қалдық. Інісімен бірлесіп жеке шаруа қожалығын құрып, содан бері мал басын көбейтумен айналысып жатқанын айтқан. Өзіміз көрген бұрынғы мемлекеттік қызметші Ерболға мүлде ұқсамайды. Қимылы ширақ, сөзі де, өзі де әбден ысылған кәсіпкер азаматты көрдік.

Мал шаруашылығын қолдауға арналған мемлекет бағдарламасын тиімді пайдалана білген Ербол бастапқыдағы 5 бас сиырын көбейтіп, бүгінде ірі қара малын 60-қа дейін жеткізіп алды. Мұның сыртында 300-ге тарта қойы бар. Енді мал тұқымын асылдандыруға ден қойып отырған шаруа бұл істе де мемлекеттің көп көмек беріп жатқанын айтады.

«Қара малға мемлекет жыл сайын 10 мың теңгеден субсидия төлейді. Егер сол сиырдан туған төлді бір жылдан соң ет комбинатына немесе бордақылау алаңына тапсырсам, тірі салмағына 200 теңгеден қосымша субсидия беріледі. Мен бір бұзауға 50-60 мың теңгеден демеуқаржы алып отырмын. Мысалы, биыл Қарабалық ауданындағы бордақылау алаңына 7 бұзау өткіздім. Орташа салмағы 250 килодан шықты. Олар әр бастың тірі салмағын 1 мың теңгеден қабылдап алды. Ал мемлекет 7 бұзауды өсіріп, өткізгенім үшін қосымша 350 мың теңге демеуқаржы берді. Сонда бір бұзау 300 мың теңгеге шығып тұр», дейді Е.Қарымсақов.

Фермер осыдан біраз жыл бұрын өңірде асыл тұқымды мал өсіріп жатқан ірі шаруашылықтан қазақтың екі ақ бас бұқасын сатып алған. Қазір соның нәтижесін көріп отыр. Асыл тұқымды бұқадан туған төл ерте өседі, тез ет алады. Етті малды ет комбинаттары да өз көліктерімен келіп алып кетеді. Сонымен қатар Ербол 2021 жылы 100 бас асыл тұқымды қой сатып алған. Бұл қойлардың ерекшелігі – қатты аяз немесе боран болмаса, қаңтар, ақпан айына дейін далада тебіндеп жүре береді. Шаруа өзі өсіріп отырған бір бас асыл тұқымды қой үшін мемлекеттен 4 жарым мың теңгеден субсидия алып отыр.

Малға қазір көбіне шаруаның өзі мен көмекші бақташысы қарайды. Жұмыс күші тапшы болғандықтан, барлық іске Ерболдың өзі білек сыбанып кірісіп кетеді.

«Өзім еңбектеніп табыс табатын жұмыс­ты жақсы көремін. Қара жұмысқа да, техника жүргізуге де үйреніп алдым. Шөп тасимын, шабамын. Мал да бағамын. 35 гектар жеріміз бар, малға азық үшін аздап сұлы мен арпа егеміз. Оны да өзім егіп, өзім жинап аламын. Малға шөпті трактормен саламын. Ол да жұмысты біраз жеңілдетеді. Суын құдықтан қосамыз. Жемін енді өз қолы­мыз­бен беруге тура келеді», дейді фермер.

Ерболдың жұбайы Ванга ауыл мектебінде мұғалім болып істейді. Мектептен тыс уақыт­та үй шаруашылығымен қоса, сыртта­ғы малды қарауға да қолғабыс тигізіп үлгереді. Жас отбасы үйелмелі-сүйелмелі үш бала өсіріп отыр.

Теңіз ауылында бүгінде 150-ге тарта үй бар, 800-ге жуық адам тұрады. Егін салып мал өсірумен айналысатын 20-дан аса ірілі-ұсақты шаруашылық жұмыс істеп тұр. Соның бірі – Ербол Қарымсақовтың шаруа қожалығы. Әкімдіктегі қызметінен гөрі атакәсіппен айналысуды қол көрген фермер­дің ауыл болашағына деген сенімі зор.

 

Қостанай облысы,

Меңдіқара ауданы,

Теңіз ауылы