Мереке • 22 Наурыз, 2024

Төл мереке төрге озды

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күнін биыл Амал мерекесімен басталған Наурызды бүгін қарағандылықтар айрықша атап өтті. Қарағандыдағы орталық саябақта ақшаңқан ақ үйлер тізбекпенен құрылып, ұлттық болмыс салтанат құрды. Мұндай мерекелік думан аудан-қалаларда да ауқымды көрініс тапты, деп жазады Egemen.kz.

Төл мереке төрге озды

Көпшілік қауымға арнап, қарағандылық өнерпаздар «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік театрландырылған қойылым ұсынды.

Қ.Байжанов атындағы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің той бастар әнімен басталған мерекелік іс-шара «Құс қанатындағы Наурыз» атты театр қойылымымен жалғасты.

Әрмен қарай «Арай» ансамблінің әншілері ән-жырмен шашу шашты. Халықаралық байқаулардың лауреаты, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, «Голос» және «Славян базары» халықаралық байқауының жүлдегері, Әмре атымен көпшілікке танылған Ернар Сәдірбаев өнер көрсетті.

«Азия дауысы» фестивалінің жеңімпазы, дара дарын иесі Бауыржан Исаев та меймандарды мерекемен құттықтап, ән шырқап берді.

Қарағандылық дизайнерлердің «Nauryz - Fаshion» атты сән көрмесі де көпшілікті қызықтырды.

оо
Думанды кеш Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік әзірлеген мерекелік бағдарламамен жалғасты.

Мерекелік думанда облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әр құрылым, ұйым құрған киіз үйлерді аралап, меймандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Киіз үйде кілем тоқу, киіз басу секілді шеберлік сабақтары өтті. Осылайша, Кеншілер астанасында төл мерекеміз төрге озуда.

лл