Әлем • 26 Наурыз, 2024

Ғалам ғажайыптары

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Демократия деп осыны айт

Жапонияда «Нарита» деген әуежай бар. Салынып, жұмыс істеп жатқанына биыл – 46 жыл. Сол әуе­жай­дың тура жанында жалғыз үй тұрады. Олар­дың әуежай маңында жекеменшік жері бар, сонда егін салады. Үкімет 46 жылдан бері сол отбасыны көшіре алмай, жағдайына қарай ыңғайланып жүр.

Ғалам ғажайыптары

Бұл – сағат түнгі он бірде жабылатын әлемдегі жалғыз әуе­жай. 23.00-де жабылып, 06.00-де ашылады. Себебі тасымал қызметі сол жерде тұратын отбасының мазасын алмауы керек. Мемлекет осы аумаққа жаңа әуежай саламыз дегенде, таңдалған жердің жартысы қарапайым шаруалардікі болып шығады. Жергілікті билік қомақты ақша төлеп, жерді сатып алмақ болады. Шаруаларды көшуге көндіріп, жерді босатады. Тек бір үй ғана ақшадан бас тартып, жерін сатпайды. Қазірдің өзінде олардың балалары турбиналардың гүрілдеуіне және биліктің жиі айтатын «дәрісін» тың­дауға әбден көндіккен. Өздері жайқалтқан көкөніс бақтарында өмір сүріп жатыр. Соңында шыдамаған үкімет 2 млн доллар ұсынады, шаруа сонда да жерін сатудан бас тартады. Міне, демократия!

 

Чипі бар адам

ап

Илон Масктың компаниясы Neuralink чипі салынған алғашқы адамның нәти­желерін көрсетті.

Чип са­лынған жігіт – Ноланд Арбо, жа­сы – 29-да. Ауыр апат­тың кесірінен ол мойнынан төмен сал болып қалған. Қаңтарда оған Neuralink чипі енгізілді, қалпына келуі үшін бір айға жуық уақыт кетті. Ал қазір Арбо компьютердегі кейбір тапсырмаларды орындай алатын жағдайға жетті. Мысалы, браузерге кіре алады, ойын ойнайды. Тіпті шахматта қызу бәсекеге түсуге қауқары бар. Жігіт чип салынғаннан бері өзін «сал емес, қарапайым, сау адам сезінетінін» де айтқан.

 

Бүйрек трансплантациясы

пр

Талпақ танаудың бүйрегі ал­ғаш рет тірі адамға сәтті транс­плантацияланды. Бұл ту­ралы операция жасалған ауру­хананың сайты хабарлады.

16 нау­рызда Бос­тон­дағы «Mas­­­sa­chu­setts Ge­ne­ral» ауру­ха­на­сында төрт сағаттық операция жасалды. Онда 62 жастағы Рик Слэйманға ге­нетикалық түрлендірілген шошқаның бүй­регі салынды. Қазір ол операциядан кейін қал­пына келіп жатыр. Жақын арада ауруханадан шығады. Америкалық хирургтер мұндай жаңа операция келісім берген ер адамды нағыз батырға балап, алғысын айтты.

Ғалымдар өзгертілген мүшелерді адам­дарға салу донорлық ор­гандардың созыл­малы тапшылығын жеңіл­детеді деп үміттенеді. Себебі дүние­жүзінде донор жетіспеу мәселесі – ушығып тұр. Мысалы, АҚШ-та күн сайын трансплантацияны күткен 17 адам қайтыс болады. Бұл жағдайда ең жетіспейтін ағза – бүйрек. Сол себепті де ғалымдар, амал жоқ осындай әдіске көшкен.