Аймақтар • 27 Наурыз, 2024

Толассыз жауын әбігерге салды

175 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркістан облысында күн жылынып, толассыз жау­ған жауын салда­ры­нан өзен-көлдерде су дең­гейі көтерілді. Мереке күн­­дері жауын-шашын бір­­қ­атар ауданда ауыл тұр­ғындарын әбігерге сал­ды. Мысалы, Сауран ауда­нына қарасты Теке ауылы маңындағы Қара­­шық өзені арнасынан асып, бірқатар аула­ны су басты. Ол үйлер­дің тұр­ғындары ауылдық­тар­­дың көмегімен қауіп­­сіз жерге шы­ға­рыл­ған. Төтенше жағ­дай қыз­меткерлері су қашырт­­қыларын таза­лап, көп ұзамай су деңгейі төмен­­деп, қауіп сейілген.

Толассыз жауын әбігерге салды

Созақ ауданы Қаратау ауыл­дық округінде толассыз жауған жауын салдарынан таудан аққан су деңгейі арнасына сыймай, Қаратау ауылы мен Сарыжаз елді мекеніндегі облыстық маңызы бар жолдың су өткізгіш құбырын ша­йып кетті. Ал Бақырлы ауылын­да кіреберістегі көпірді су шайды. Қажетті мамандар мен 14 арнайы техника жұмылдырылып, Қаратау ауылындағы су өткізгіш құбыр қал­пына келтірілді. Ондағы барлық күштік құрылымдар Сарыжаз елді мекеніне жұмылдырылды.

Дәл осы күні таңда Кентау қала­сының Қарнақ ауылындағы Ба­йылдыр өзенінде тау суы ағып, жауын-шашынның мөлшерден мол түсуіне байланысты өзен­дегі су деңгейі көтерілді. Толассыз жауған жауын салдарынан Жар­басқан өзеніне таудан келген судың көлемі 60-80 м3/сек ұлға­йып, Кентау – Қарнақ тасжолы бойындағы көпірдің бөлігін су шай­ды. Көпірдің Қарнақ ауылы жа­ғындағы бірінші тірегі 1,5 метрге де­йін отырған, бетінде жарылулар пай­да болған. Қала әкімдігі тарапынан көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Алайда су ағысының қарқыны жоғары болуы салдарынан қойылған бетон және қиыршық тастарды су шайды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол жабылып, уақытша айналма жол салу жұмыстары ұйымдасты­рыл­ды. Оқиға орнында құзырлы орган­дар, төтенше жағдай департамен­ті­нің қызметкерлері, әкімдік өкіл­дері жұмыс істеп жатыр. Елді мекенге қауіп жоқ.

Түркістан облысы су тасқыны бойынша қаупі жоғары өңірлер­дің қатарына жатады. Жалпы, ел­дегі су тасқынының жиі орын алуы­ның негізгі себептерінің бірі – гидротехникалық құрылыстар­ға, каналдарды тазалауға бө­лін­ген қар­жының талан-таражға ұшы­рауы деуге негіз бар. Мұн­дай жайттар анықталып та жатыр. Дайындық шараларын орын­дауға қатысты формалды тә­сіл сақталады. Ескертулерге қара­­мастан әкімдіктер «Жол карта­сы­ның» іс-шараларын іске асыруды қамтамасыз етпейді. Су тас­қыны көбіне су бұру арналары бол­мағандықтан және өзен арналарында уақтылы әрі сапалы тазарту жұмысы жүргізілмегендіктен де болады.

Су ресурстары және иррига­­ция вице-министрі Нұрлан Алдамж­а­ров су тасқынына дайындық деңге­йін анықтау үшін гидро­тех­никалық құрылыстарға қатыс­ты мәселе қоз­ғап, бірқатар облыс әкімдіктері, оның ішінде Түркістан облысы да коммуналдық және жеке­мен­шіктегі гидротехника­лық құры­лыстарда көпфакторлы тексеру жүргізбегендігін мәлімдеген еді. Сондай-ақ ол аталған әкімдік­тер шұғыл қаражат бөліп, осы тек­се­руді жүргізу керектігін айтты. Осы мәселелер жуырда облыс­тық мәслихаттағы «Amanat» партия­сы фракциясының көшпелі мәжі­лісінде талқыланды. Жиында өңір­дің оңтүстік аудандарындағы ­су тасқынына дайындық жұмыста­ры баяндалды. Мысалы, Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев 19 елді мекенде су тасқыны қаупінің ал­дын алу жұмыстары қолға алынып, ка­налдар мен қашыртқылар­дың механикалық тазалау жұмыс­та­ры жүргізіліп жатқанын айтты. Ал Жетісай ауданы әкімінің орын­басары Марат Айнабеков су тас­қынының алдын алу мақсатында тиісті қаржы бөлініп, арық-атыз­дарды механикалық тазалаудан өткізу, қашыртқылар қазу, бетон лотоктарын орнату, су сорғылар қою жұмыстары атқарылғанын мәлімдеді. Сарыағаш ауданы аумағынан Келес өзені мен барлығы 88 канал ағып өтеді. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың айтуынша, былтыр 20 канал механикалық тазалаудан өтсе, биыл 68 су нысаны тазаланған. Аудан аумағында жауын-шашын, еріген қар су салдарынан су басу қаупі бар аумақтар анықталып, тұрақты бақылауға алынған.

Жалпы, өңірде көктемгі су тас­қынының алдын алу шаралары күшейтілді. Жуырда облыс әкімі Дархан Сатыбалды жоғарыда айтып өткен Сауран ауданындағы су басу қаупі басым аймақтарды аралап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырма берді. Сырдария өзені­нің ағысындағы елді мекендердің тұрғындарымен жүздесті. Төтенше жағ­дайлар департаментінде жедел штаб құрылды. Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында ТЖД мен жергілікті атқарушы орган­дар бірлесе жаңбыр суын сору жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жолындағыны жайпап өтетін қызыл судан қорғану үшін бөгеттер қойылып, су арналары қауіпсіз аймаққа ауыстырылған. Құрал-жаб­дықтар мен инертті материалдар ретке келтірілді. Тасқын кезінде ха­лықты шұғыл эвакуациялауға ар­налған орын дайындалған.

 

Түркістан облысы