Аймақтар • 27 Наурыз, 2024

Нақышы ерек жаңа жыл

39 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күнін Қостанай қаласының тұрғындары да ерекше қуанышпен той-думандатып қарсы алды. Қаланың орталығында отызға тарта отау тігіліп, мерекелік концерт, ұлттық спорт сайыстары, қолөнер туындылары мен ұлттық тағамдар фестивалі өтті.

Нақышы ерек жаңа жыл

Фото: kostanaytany.kz

Орталыққа жиналған жұрт мереке алаңындағы үлкен сахнада өнер көрсеткен өңір өнерпаздарының концертін тамашалады. Аймақ басшысы да облыс тұрғындарын осы сахнадан құттықтап, көпшілікке жүрекжарды жылы лебізін арнады. «Баршаңызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы – Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Тарихы тереңде жатқан бұл ғажайып мереке жаңа өмірдің бастауы саналады. Бұл – дастарқанға ақ толатын, елімізге бақ қонатын, берекеміз шалқитын күн. Биыл бүкіл ел болып Ұлыстың ұлы күнін жаңаша, ерекше сипатта атап өтіп жатырмыз. Наурыз еліміздегі жаңару мен жаңғырудың басты нышанына айналып отыр. Берекеміз артып, қуаныш-шаттығымыз ортаймасын, ағайын!», деді әкім.

Одан кейін мерекелік алаңнан Қыдыр ата бастаған тарих керуені жүріп өтті. Тайқазан көтерген найзалы жігіттер, тазы жетектеген серілер, күбі пісіп, май шайқаған, текемет тоқып, киізге ою-өрнек салып жатқан қыз-келіншектер, ән салып, күй әуелеткен думаншыл жастар, асық атқан балалар, текетірескен балуандар, қазақтың тұрмыстық қолөнер бұйымдарын ұстаған ару бойжеткендер ығы-жығы алаңды көненің көлеңкесінде қалған тұрмыс пен мәдениет тарихынан сыр шерткен көркем көріністерге толтырып бірінен кейін бірі тізіліп өтіп жатты.

Мереке аясында өткен «Отаулар фестивалі» де Наурыз тойының мерекелік мазмұнын ашып, шырайын кіргізе түскендей. Жағалай орналасқан киіз үйлердің іші құдды бір музей тәрізді, сән-салтанаты бірінен бірі өтеді. Мысалы, «Большевичка» тігін фабрикасы ауданы 80 шаршы метр болатын 16 қанат киіз үй тігіпті.

«Бұл киіз үйді Қырғызстаннан арнайы тапсырыс беріп алдырдық. Алдымен еліміздегі шеберханаларды аралап көрдік, одан кейін Бішкекке ұшып бардық. Бізге көрші елдің шеберлері ұсынған киіз ұнады. Киіз үйді үш күн бойы тіктік», дейді тігін фабрикасы директорының орынбасары Анатолий Чуйко.

Ал «Allur» автокөлік құрастыру зауыты тұрғызған киіз үйдің керегесіне LED-экран ілініпті. Үлкен экраннан киіз үй жабдықтары мен машина жасау зауытындағы өндіріс барысын тамашалауға болады. «Біз өткен тарих пен қазіргі өмірімізді байланыстырғымыз келді. Киіз үй – көшпелі қазақ тұрмысының, ал біздің автокөліктер бүгінгі қозғалыстың нышаны. Сондықтан біздің отауға бас сұққан меймандар LED-экран арқылы киіз үй жабдықтарын ғана қызықтап қой­май, зауытқа виртуалды саяхат жасап, өндіріс алаңдарындағы технологиялық үдерістермен, ірі жобалармен таныса алады», дейді зауыт өкілдері.

Мереке барысында балуандар белдесуі, аударыспақ, жілік шағу, қой көтеру, қолкүрес, асық, жамбы ату тәрізді ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтті. Әсіресе жергілікті этномәдени бірлестіктердің атынан он шақты аспаз қатысқан «Палаулар әлемі» атты байқауды қызықтаған жұрт қарасы көп болды. Байқау шарты бойынша аспаздың шеберлігі палаудың тез пісуіне, сондай-ақ тағамның тәбет оятар хош иісі мен дәмділігіне қарай бағаланды.

 

Қостанай облысы