Пікір • 27 Наурыз, 2024

Адал еңбек нәтижеге жеткізеді

779 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы міндеттерді барша қауымға жүктей отырып, қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалатынын жеткізді.

Адал еңбек нәтижеге жеткізеді

Президент ұлт сапасын жақсартамыз десек, жаңа құндылықтар жүйесін қалып­тастыруымыз қажеттігін алға тартты. Жаңа құндылықтар бастауы­на ең алдымен адал азаматтарды қойып, адал еңбек етіп, адал табыс табуға ша­қыр­ды. Өйт­кені қай заманда болсын, адам еңбегімен көрікті, адалдығымен ар­дақты. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» дейді Абай.

Президент қазір той тойлап, арқаны кеңге салып жүретін уақыт емес екенін үнемі жадымызға салып, назарында ұстайды. Әйтсе де ұлттың тарихына, елдің өткеніне тікелей байланысты атау­лы сәттерді ұмыт қалдыруға болмайтынын да естен шығарған емес. Солардың ішінде ұлан-ғайыр жерімізді сақтап, бүгінгі ұрпаққа аманаттаған Жошы ханның ел тарихындағы орны бөлек.

Реті келгенде айта кету керек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде Қазақстан тарихы ка­фед­­расының меңгерушісі, тарих ғылы­­м­дарының докторы, академик Бере­кет Кәрібаев Жошы ұлысы туралы 10 дерек әзірледі. Деректе Жошы ұлысы­на қа­тысты айтулы даталар, тарихи оқиғалар, ұлысты басқарған хандар мен маңызды кезеңдер қамтылған.

Білім ордасында 70 жылдан астам уақыт мамандар даярлап, археология, этнология және музеология, дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану салаларын сараптап келе жатқан кәсіби тарихшылар мектебі қалыптасқан. Сондықтан ҚазҰУ ғалымдары академиялық тарихи жинақты дайындауға белсене атсалысып отыр. Мәселен, ІІ томға академик Болат Көмеков жауапты редактор болса, ІV томға академик Берекет Кәрібаев пен тарих ғылымдарының кандидаты Меңдікүл Ноғайбаева, V томға тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Сұлтанғалиева қатысып келеді.

Мемлекет басшысы елімізде кәсіби археологтер тапшы екенін айтып өтті. Бастауында Әлкей Марғұлан тұрған қазақ археология мектебінің негізі өткен ғасырдың 40-жылдары қаланды. Бұл салада Әбдіманап Оразбаев, Кемел Ақышев, Хасан Алпысбаев, Мир Қадырбаев, Сержан Ақынжановтың еңбегі зор. Дегенмен кең-байтақ даламызда құпиясын ішіне бүгіп жатқан небір тарихи орындарымыз бар екені рас. Осы құпияның сырын ашу үшін бізге мықты мамандар қашанда қажет. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық университетінде археология саласына үлкен мән беріліп отыр. 2022 жылы «Археология және антропология ғылыми-зерттеу институты» құрылды. Биыл мамыр айын­да Францияның Орталық Азияны зерт­тейтін археозоологиялық орталығы­ның халық­аралық зерттеу зертханасы уни­верситетімізде ашылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мінберінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түсу – мемлекеттік саясат­тың басты бағыты екенін айтты. Кейінгі жылдары еліміздің ағарту­шылық саласында оң өзгерістер жоқ емес. Кезінде экономиканың қаржы, бизнес, инновация, менеджмент салалары бойынша шет тілінен біршама оқулық аударылып, еліміздің жоғары оқу орындарына, кітапханаларға таратылды. Қазір біздің білім алушылар осы кітаптармен, оқулықтармен білім алып жүр.

Қазіргі таңда университтің Әл-Фара­би кітапханасы түнгі онға дейін жұмыс істейді. Мұнда 2,5 миллионға жуық кітап қоры бар. Жыл сайын жүздеген ғалымымыздың ғылыми еңбектері, мо­нографиялары, оқулықтары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көре­ді. Кейінгі жылдары ақпараттық цифр­лы технологиялар саласындағы оқу­лық­тарды молынан шығаруға мүд­де­лілік танытып отырмыз. Өйткені білім алушылардың кітапқа, оқулыққа қол­жетімділігін қамтамасыз ету – жоғары оқу орындарының басты міндеті.

Атырауда өткен алқалы басқосуда Мемлекет басшысы кейбір құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін белгі­леу жөнінде айтылған ұсынысына тоқталды. Бұл да қоғам болып құптайтын қуатты жоба. Кейбір баспагерлер, кітап­ханашылар, кітап саудасымен айналысатын кәсіпкерлер кітап жәрмеңкесін өздеріне ыңғайлы күнді белгілеп өткізіп жүр. Осы орайда ҚазҰУ баспагерлері Ұлттық кітап күні 3 қарашаға бекітілсе деген ұсынысын айтады. Өйткені 1920 жылы 3 қарашада Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің «Қазақ мемлекеттік баспасын құру туралы» декреті қабылданған.

Мемлекет басшысы «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау ел­дігіміз үшін аса маңызды» деді. Жазу­шылар одағының төрағасы, Ұлт­тық құ­рылтай мүшесі Мереке Құл­кеновтің «Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі» деген сөзіне толық қосыламын. «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңіл­сін» дейді атамыз қазақ. Кей жағ­дайда адамдардың бір-біріне деген бауыр­малдық, жанашырлық қасиетінен гөрі, күншілдік, жеккөрушілік сезімі артып бара жатқаны байқалады. Үлкен кісі­лердің орынсыз жағасынан алу, керісін­ше жасын алға тартып кейінгі буын­мен аңдысатыны көңілге кірбің ұяла­тады. Президент сөзімен айтқанда, «Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз». Өкі­­нішке қарай, кісіні сыртынан тілдеп, ар-намысын қорлап, сол әдепсіз қылық­тарын дұрыс санайтын желі қолдану­шы­лары пайда болды. Салмақты сарапта­малық дү­ние­лерге қарағанда, түп негізі тек­серіл­меген, фактіге сүйенбеген хайп басым.

Қоғамдағы өзекті мәселелерді тал­қылау барысында кейде тәуелсіз БАҚ-тар мен телеграм каналдарда кибербуллингке жол беріліп жатады. Ақ­паратты тексермей өз болжамымен жариялау, сол арқылы әлеуметтік желідегі агрессияны күшейту, қоғамда теріс пікір қалыптастыру – бұл сөз бостандығының көрінісі емес. Алыста отырып тас ату, тұқырту мақсатындағы троллинг, сөзуарлық, өшпенділік, топтасып тапсырыспен шабуыл жасау, отқа май құя түсу әрекеттері белең алды. Бұл мәселені БҰҰ назарға алып, кибербуллинг халықаралық деңгейде жалпы қорлаудың элементі ретінде танылып отыр. Әсіресе бала құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлініп, зорлық-зомбылықтың психологиялық және физикалық бір түрі ретінде тиісті шаралар қабылдай бастады. Көп мемлекетте әлеуметтік желідегі әдепсіздік қылмыстық әрекет болып саналады және қылмыскерлерді жазалау үшін арнайы заң бар. Киберқорқытуды жүзеге асыру үшін пайдаланатын элек­трон­дық құрылғыларды, ақпарат­тық-коммуникациялық ресурстарды, әлеуметтік желілерді бұғаттап, пайдалануына уақытша немесе тұрақты шектеу қоюға кірісті. Жаңа Зеландия интернеттегі зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікке тартып, түрмеге отырғыза бастады. АҚШ-та интернеттегі қудалау үшін қылмыстық жаза қарасты­рылады. Осы заңдардың орындалуын қадағалайтын құзырлы орындар да жұмыс істейді. Германияда кибер­қорқыту жеке немесе азаматтық құқық бұзушылық ретінде тіркеліп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Румынияның орта және жоғары оқу орындарында әлеуметтік желіні қолдану бағытында тәрбие жұмыстары тұрақты жүзеге асырылады.

Қазақстан үшін де әлеуметтік желі­лердегі жалған пікірлер, жазбалар, жа­рия­ланымдар үшін Қылмыстық кодекс­тің жеке бабын қарастыратын уақыт кел­ді. Бұл қажеттілік – әлеуметтік желі­­лер мен мессенджерлерді бұғаттау мақ­са­­тын көздемейді, азаматтардың, жас балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Өйткені әлеуметтік желілердегі этиканы журналистер де, блогерлер де, қарапайым желі қолданушылары да жиі сақтамайды. Әлеуметтік желідегі этика заң жүзінде реттелмегендіктен, сөз бостандығының бұрмалануы шектен шығып, кісі өліміне әкелген жағдайларды да көріп, естіп жатамыз.

Халықаралық журналистер феде­рация­сының журналистердің мінез-құлық қағидаттары декларациясында журналистің кәсіби заң бұзушылықтары ретінде «фактілерді әдейі бұрмалау, жала жабу, қорлау, негізсіз айыптау» факторлары көрсетілген. Оған қоса, материалды жариялау үшін кез келген нысанда пара алуға тыйым салынады. Осы декларацияға сүйене отырып, фактіні бұрмалап, тапсырыспен материал жазатын блогер-журналистердің әрекетіне де баға беретін уақыт келді.

Жаңару мен жаңғыру жолына түскен әділетті Қазақстан үшін бірін-бірі аяқтан шалғаннан гөрі, ел болып еңсеріп, жұрт болып жұмыла атқарар шаруалар шаш етектен. Сондықтан әркім өз ісіне адал, әділ, жауапты болып, отбасына, бала-шағасына тәрбие беріп, өзгелерге құрмет көрсете білуі қажет. Ел ішінде гуманизмдік идеялар көптеп көрініс тауып, Абайдың кісілік кодексі күнделікті дағдымызға айналуға тиіс. Біз сонда ғана болашағы жарқын, қуатты мемлекетті бірге құруға қол жеткізе аламыз.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы–ректор