Қазақстан • 27 Наурыз, 2024

Қазақстан-Қытай форумы: Сауда және экономикалық ынтымақтастық кеңейтілді

122 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда Астана қаласында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен Қытай – Қазақстан сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөнінде  экспорттаушылардың екінші форумы  өтті.

Қазақстан-Қытай форумы: Сауда және экономикалық ынтымақтастық кеңейтілді

Іс-шараға Сычуань және Хубэй провинциялары іскер топтарының өкілдері, оның ішінде 200-ге жуық кәсіпкер, салалық қауымдастықтардың басшылары, екі елдің мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларының өкілдері қатысты.

Экспорт мәселелері бойынша панельдік сессияны ашылу кезінде «QazTrade» АҚ бас директоры Жеңіс Өсербай отандық тауар өндірушілердің жоғары әлеуетін атап өткені бар. Оның айтуынша, Қытай нарығының тауарларға деген қажеттілігі орасан зор. Жыл сайын Қытай провинциялары біздің нарыққа көбірек қызығушылық танытуы, мұны сауда көлемі дәлелдеп отырғандығын атады.

Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша рекордтық көрсеткіште: 31,5 млрд АҚШ долларын құраған.

«Қытаймен өзара іс-қимыл – әлемдегі ең ірі инвесторлар мен жетекші экономикалардың бірі Қазақстан үшін тұрақты прогресс әрі сауда-инвестициялық әлеуетті іске асырудың ұзақ мерзімді факторы. Былтыр біз Қытай нарығына еркін экспорттай алатын агроөнімдер тізбесін кеңейттік», дейді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар отандық кәсіпорындар 135 тауар түрі бойынша 1 млрд АҚШ доллары көлемінде Қытайға өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өнімдерінің кең ассортиментін жеткізуге мүмкіндік алды.

​​«Біз Қытайдың ең ірі 3 провинциясының құрамына кіретін Сычуань провинциясымен белсенді жұмыс жүргізуді бастадық. Бүгінде Қазақстан мен аталған провинция арасындағы сауда шамамен 230 млн АҚШ долларын құрайды, оның ішінде Қазақстан 45 млн АҚШ долларына өнім экспорттайды», деп отыр министр.

​Ол сондай-ақ 40-тан астам отандық компаниялардың қатысуымен Чэндудағы соңғы сауда миссиясы Қытай нарығына сұраныс пен біздің тауарлар үшін экспорттық мүмкіндіктердің ауқымын көрсеткенін атап өтті.

Сычуань провинциясы астық, кондитерлік және май өнімдері мен сусындарға қоса, басқа да тауарларды кең көлемде сатып алуға дайын.

Форум аясында «QazTrade» АҚ мен Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі кеңесі (Сычуань кеңесі), сондай-ақ Hubei Enterprise International Cooperation of China қауымдастығы арасында, Orbis Kazakhstan компаниялар тобы Sichuan Kaiyi International Co., Ltd компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Бұдан өзге, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ және Jinmaisui Group Gangwei  отандық  ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мақсатында  өзара  келісімге келгені бар.

Экспорттаушылар форумы аясында B2B форматында екіжақты келіссөздер жүргізу нәтижесінде Қазақстан мен Қытай елдерінің бизнес өкілдері жалпы сомасы 164,5 млн АҚШ долларын құрайтын тауарларды жеткізу шартын жасасты.