Аймақтар • 27 Наурыз, 2024

Ұлттық ұлан жауынгерлері тасқынға қарсы күресте жүр

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шаралардың бел ортасында Орал шаһарында орналасқан 5517 Ұлттық ұлан әскери бөлімінің жеке құрамы да жүр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық ұлан жауынгерлері тасқынға қарсы күресте жүр

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысында толассыз жауған жаңбыр және қардың күрт еруінен бірнеше елді мекенге су басу қаупі төнген болатын. Қауіптің алдын алу, тасқын судың бетін қайтару ісіне Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімі ерекше көмектесіп жатыр. Ұландықтар қазір су басу қаупі жоғары жерлерде арнайы бөгеттер құрып, көшелер мен аулаларда жиналып қалған қарды шығарып, судың өз арнасымен жүруі үшін арықтарды тазалап жүр.

– Бұл іске атсалысу біздің міндетіміз дегім келеді. Ұлттық ұлан жауынгерлері әрқашан халыққа көмектесіп, кез келген қиындықтың алдын алуға күш-жігерін салады, – дейді әскери бөлімнің батальон командирі майор Жасұлан Көрпешов.

Айта кетейік, қазір Орал қаласында Ұлттық ұлан сапынан 100-ге жуық адам тілсіз жаумен күресте жүр. Кешегідей емес, көп аймақта су басу қаупі төмендеген.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 26 наурыз күні жауын-шашынның бір айлық көлемі түскен. Жалпы су тасқынының алдын алу ісіне барлығы 990 адам жұмылған, оның ішінде № 5517 және № 99250 әскери бөлім жауынгерлері бар.

27 наурыз күнгі 11:00 сағат бойынша зардап шеккендер жоқ, елді мекендерге де қауіп жоқ. Барлық қауіпті аймақта кезекшілік ұйымдастырылған.

 

Батыс Қазақстан облысы