Қоғам • 27 Наурыз, 2024

Депутат: Жол болмаса, қандай серпін, қандай даму болады?

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ауыл» фракциясы депутаттары атынан Қарақат Әбден жолдардың сапасыздығына назар аударып, Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат: Жол болмаса, қандай серпін, қандай даму болады?

Фото: parlam.kz

Депутаттың айтуынша, Ұлытау облысына іссапармен барып, сонда көрген-білген біраз мәселе осы мінберде баяндалғанымен, «қолға алынады» деген жалтарма жауаптар берілген.

«Нақты шешім жоқ жерде мәселе қордалана береді. Ұлт ұясы – Ұлытау облысын қарқынды дамыту керек деген Мемлекет басшысының тапсырмасы тұсында жайбасарлыққа салыну жөн болмас», деді депутат.

Депуттаттың сөзінше, көктем – құрылыстың нағыз қызатын, әрі қолайлы уақыты. Жобалық-сметалық құжаттамамен айналысып жүргенде, жол салудың маусымы өтіп кетіп жатыр.

- «Қызылорда-Жезқазған» жолының жайы маған бала кезден таныс. Бұл мәселе сол кезде өзекті еді, қарап тұрсаңыз, қанша жыл өтсе де, «баяғы жартас – сол жартас». Аталған жол бойынша мердігер компаниялардың өтінімдері әлі бағалану сатысында тұр. Құжаттардың рәсімделуі «Госэкспертиза» мен «ҚазАвтоЖол» арасында ілгері-кейін допша домалап жүр. Ал «Жезқазған-Қарағанды» тас жолына қатысты мердігерлік компанияларды анықтау әлі жоспарланып отырғанға ұқсайды. Демек, нақты іске қашан көшіп, құрылыстың қашан басталатыны белгісіз, - деді Қарақат Әбден.

Оның пікірінше, халық өңірлік басшылықтың уақытылы қимылдамауына, жайбасарлығына наразы, бірақ аталған бағыттағы автомобиль жолдарының салынуы және бақылануы облыс әкімдігіне емес тікелей Көлік министрлігіне қарайды. Аталған ведомство басшылары өтінімдердің қаралуын, бағалануын, расталуын, қаржының бөлінуін қатаң бақылауы керек. 

«Талап болу керек. Сұрауы болмаса істің мәні кетіп қалады. Үнемі қадағаланса, бір қозғалыс болары анық. Әйтпесе, бұл тас жолдар қыршын кеткен тағдырлардың «ескерткішіне» айналғаны қашан?», деді депутат.

Қарақат Әбденнің айтуынша, тағы бір жол – «Жезқазған-Қарағанды» тасжолы – кеңестік кезеңнен күрделі жөндеу көрмеген, жиектері әбден мүжіліп, тарылып барады. Депутат ұсынған деректерге сәйкес, дәл осы жолда 2023 жылы 129 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 167 адам дене жарақатын алған, 37-сі қаза тапқан. Ал осы жылдың 2 айында 23 жол-көлік оқиғасы болып, 37 адам жарақаттанып, 2 адам көз жұмған.

«Үшінші құрылтай өткенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жол салу және оны жөндеу жұмыстары экономиканың дамуына тың серпін береді», деген еді. Жол болмаса, қандай серпін, қандай даму болады? Жолымыздың түрі анау болса, қандай қарқынды экономика, қандай табысты туризм күтеміз? Халықтың әл-ауқаты осы жолға байланысты. Облысаралық жолдардың сапасыздығы өңірдің дамуына, инвестицияның тартылуына кедергі болып тұр, сондай-ақ жол тасымалының қиындығын себеп қылып, азық-түлік те қымбаттайды. Бұл тағы қарапайым халықтың қалтасын қағатыны белгілі», деді Қ.Әбден.

Осы орайда депутат «Қызылорда-Жезқазған», «Қарағанды-Жезқазған» тас жолдарының салынуы мен жөнделуіне сараптама жасалып, нақтыланған жұмыс жоспарын беруді сұрады.

«Сондай-ақ жұмыс жоспары бойынша бұл істі қадағалауды назарға алуды сұраймыз», деп сөзін түйіндеді «Ауыл» фракциясы партиясының депутаты.