Сенат • 28 Наурыз, 2024

«Сұраныс жоқ»: депутат агробизнес саласын дамыту тетігін ұсынды

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің сенаторлары 2022-2024 жылдар аралығында 50-ден аса депутаттық сауал дайындап, Үкімет басшысының атына жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сұраныс жоқ»: депутат агробизнес саласын дамыту тетігін ұсынды

Фото: senate_kz

Сенатор жолданған сауалдар ауылды дамыту, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану, өңірлердегі фермерлік шаруашылықтарды кеңейту, жайлы мектеп, бірыңғай ұлттық генетикалық банк құру, ауыл тұрғындарының қалаға көші-қон себептері, ауылдық жерлердегі жайылым мәселелерін көтергенін атап өтті. Алайда, Жанболат Жөргенбаев депутаттық сауалдарға Үкімет тарапынан келген ресми жауаптар көңіл көншітпейтінін тілге тиек етті.

«Іс жүзінде көптеген өршіл жобалар қағаз жүзінде ғана қалып, бірде-бір мемлекеттік бағдарлама межелеген индикаторларға қол жеткізілмеген жұмыстар туралы жазылады немесе «болады», «сұралды», «жоспарланып отыр» деген стандартты жауаптармен аяқталады. Ең сорақысы, теріс нәтиже үшін ешкім жауапқа тартылмайды, өйткені іс жүзінде көп нәрсе ниет декларациясының деңгейінде қалады. Мұны немқұрайдылық немесе сол жауапты жолдаған мемлекеттік қызметкердің, министрліктің немесе мемлекеттік органның жауапты азаматының кәсіби деңгейін көрсетеді деп ойлаймын», деді сенатор.

Осы орайда депутат ауыл шаруашылығы мен агробизнестің дамуын көздейтін кешенді бағдарлама дайындау қажеттігін назарға алуды сұрады.

«Шикізат өндірісі салаларының дамуымен қатар, өндіруші өнеркәсіптің өсуін ынталандыру мақсатында республиканың экономикалық саясаты мен даму стратегиясын жедел қайта бағыттау қажет.  Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру жөнінде кәсіпкерліктің алатын орны төңірегінде тағы бір мәселе – ауылшаруашылығы өндірісіндегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесін қайта қарастыру қажет. Шағын және орта бизнестің негізгі мәселесі - салықтан босату емес, Қазақстанда тиімді, әлеуетті сұраныстың жоқтығы. Сондықтан, агробизнес ортасын жақсарту мәселесіне үлкен көңіл аудару қажеттігі туындап отыр», деді Жанболат Жөргенбаев.

Сондай-ақ депутат Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдай отырып, осыған дейін сенаторлар ұсынған ұсыныстарды тағы да еске салып, оларға назар аударуын өтінді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті