Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Бас хатшыға ілтипат білдіре отырып, оның Боао форумына қатысуы ЭЫДҰ-ның Азияға айрықша назар аударатынын дәлелдейтінін атап өтті.
«Бұл аймақты алып экономикалық қауымдастық деуге болады. Сондай-ақ Қазақстан осы кеңістікте, кем дегенде, өңірлік өлшемде аса маңызды рөл атқарады. Форумда сөйлеген сөзімде ЭЫДҰ-мен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән беретініміз жөнінде айттым. Өкілдеріміз ЭЫДҰ комитеттерінің отырыстарына тұрақты түрде қатысады. Біз ұйымның ұсыныстарын ескеруге тырысамыз. Өздеріңізге мәлім, мен Қазақстанның экономикалық саясатын ЭЫДҰ-ның жоғары стандарттарына сәйкестендіру жөнінде мақсат қойдым», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ЭЫДҰ-мен ықпалдастық орнаған уақыттан бері Қазақстан бірқатар маңызды құжатқа қол қойғанын айтты. Бұдан бөлек, ЭЫДҰ-ның басқа да міндетті құқықтық институттарына қосылу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Матиас Корман ұйымның Азия елдерімен, соның ішінде Қазақстанмен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға бейілді екенін растады.
«Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы байланыстар өте жақсы дамып келеді деп ойлаймын. Болашақта бұл қатынастарды кеңейту және нығайту үшін мол әлеует бар. Қазақстан өз саясатын ЭЫДҰ-ның стандарттары мен озық тәжірибесіне сәйкестендіруге ниетті екені қуантады. Сіздің реформаларыңыздың бағдарламаларына көмектесу және қолдау көрсету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға дайынбыз. Біз бүгінде алдымызда тұрған көптеген мәселені шешу мақсатында жаһандық ынтымақтастық деңгейін көтеруге мүдделіміз», деді ЭЫДҰ басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Ұйымның өңірлік кеңсесін ашу жұмыстарын жалғастыру маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ЭЫДҰ өкілдерін алдағы Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.