Бұрын оның отбасы Қызылқоға ауданында тұрған. Кейін Атырау қаласына көшіп келген. Қазір ол мұнайлы шаһардағы Қ.Сәтбаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының бастауыш сыныбына дәріс береді.
«Өзіміздің балаларымызға асық жинаған едік. Олар есейген соң асықты не істеу керек? Оқушыларға ұлттық ойындарды үйрету үшін бір дорба асықты мектепке алып келдім. Алғашқыда оқушылар асыққа таңырқап қарады. Кейбірі асықты көрмеген екен. Қызыққаны асықты үйіне алып кетуге сұрады. Кейін оқушыларым асық жинай бастады. Сабақ кезінде ұлдарға асық ату, ал қыздарға бес асық пен ханталапай ойындарын үйретіп жүрмін. Бірінші сынып оқушылары үшін асықтан әріптерді құрастырдым. Асықпен ойын ойнау оқушылардың қол моторикасын дамытуға септігін тигізеді», дейді Эльвира Ақбатырова.
Оның айтуынша, ата-енесі, өзге де туыстары асық жинауға көмектесіпті. Ал асыққа қынамен, шай және жүн бояуымен түрлі реңк береді.
«Асық ойындарының баланың сымбатты болуына ықпалы бар. Өйткені асық ойнаған бала иілу, адымдап жүру, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру мен ату секілді түрлі қимылды жасайды. Асық ойнаған баланың мергендігі, қырағылығы мен икемділігі жетіледі. Қимылы ширап, ойлау қабілеті жақсарады, түстерді тез ажыратады. Бастауыш сыныптың оқушыларын сергіту үшін асық ойындарын пайдаланамын» дейді Э.Ақбатырова.
Атырау облысы