Құтқарушы • 28 Наурыз, 2024

Ажалға араша түсті

79 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ымырт үйіріліп, көз байланып бара жатқан шақ еді. Аға лейтенант Руслан Кравцуновтың телефоны шыр ете түсті. Беймезгіл уақыт­та соғылған телефоннан жеткен ақпаратқа қарағанда әлдебір қала тұрғыны етжақын туысы, жасы жер ортасынан асқан ағайы­ны­­ның хабарсыз кеткенінен күдіктеніп, пәте­ріне барғанымен, есігінен ене алмай тұр екен. Діріл­деп шыққан дауысы ішкі жан сезімін ұқтырып тұрғандай.

Ажалға араша түсті

Фото: oqu.news

Бәзбіреулер болса «бәлкім ұйықтап жатқан шығар» деп ұзын арқан, кең тұсауға салар еді. Адамдардың тағдырына ешқашан бейжай қарамайтын аға лейтенант көмек қолын созуға асықты. Іле жеткен. Бірінші қабатта жалғызбасты зейнеткер тұрады екен. Шамалы уақыт мықтап жабылған есігін қағып көрді. Тырс еткен дыбыс жоқ. Мазасызданған туыстары жедел жәрдем шақырып жатыр. Әйтсе де, істің байыбына көз жеткізбей тағы болмайды. Мұндайда уақыттың жылдам жүретіні бар. Аға лейтенант көп ойланып тұрмастан бірінші қабаттағы пәтердің терезені жұлып алып, ішке енді. Қаусап тұрған терезеден адам өмірі қымбат емес пе?! Бас аман болса, кейін жөнделе жатар. Дәл осы уақытта суыт хабар түскен жедел жәрдем бригадасы да жетіп үлгерді. Руслан Кравцунов үйге енген соң үй иесін бірден тапқан. Ес-түссіз, сұлық жатыр екен. Әйтсе де жүрегі соғады.

Іле сырқат ауруханаға жеткі­зілді. Алғашқы диагноз – инсульт. Дәрігерлік көмек уақытында көр­сетілгеннен кейін көрер жарығы бар қария анық ажалдан аман қал­ды. Онда да, өз міндетіне жо­ғары жауапкершілікпен қарай­тын полиция қызметкерінің ар­қа­сында. Айтпақшы, бұл Руслан­ның жанашырлық жасаған жал­ғыз оқиғасы емес, осыдан бір­не­ше ай бұрын тағы осындай бір оқиға болды. Ол жолы поли­ция қызметкеріне пәтерге үшін­ші қабаттағы балкон арқылы кіру­ге тура келген. Сөйтсе, әжей ауыр халде, ес-түссіз жатыр екен. Жана­шыр жанның әбжіл қимылының арқасында татар дәмі таусылмай аман қалды. Басына күн түскенде нақ бір періштедей таза көңілмен қасынан табылатын жанашыр жандардың көмегі қандай керемет.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы