Ғылым • 29 Наурыз, 2024

Ғылым мен бизнес бірлесті

359 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр сөзінде отандық ғылымды дамыту және оның ел экономикасын нығайтудағы рөлін арттыру қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар беріп отырады. Жақында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да ұлттың бойындағы маңызды құндылықтардың бірі жасампаздық екенін атап өтті. «Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз», деді Президент. Иә, бұл салада жүзеге асырылып жатқан және атқарылуға тиіс шаруа шашетектен. Түйткілі шешілмеген тұстары да баршылық. Осы орайда Ұлттық ғылым академиясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, отандық ғылымды дамыту жөніндегі міндеттерді шешу жолдарын талқылауға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды. Басқосуға еліміздің жетекші ғалымдары мен бизнес-қоғамдастық басшылары қатысып, отандық ғылымның қызметін реформалау жөніндегі шараларға қатысты өз пікірлерін ортаға салып, бизнестің өзекті мәселелеріне егжей-тегжей тоқталды.

Ғылым мен бизнес бірлесті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Әрбір қоғамның даму қар­қынын ғылым мен білімнің даму деңгейі анық­тайды. Оны біз алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тәжірибесінен анық көріп отырмыз. Олай болса, біз бүгінгі таңдағы қоғамымыздағы ғылым мен білім саласына деген қалыптасып қалған көзқара­сы­мызды түбегейлі түрде өзгер­туіміз керек. Қазір ғылыми жобаларды қаржыландыру жылдан-жылға артып, ғалымдарға мем­лекеттік қолдау күшейіп келе жат­қандықтан, ғылымның нәти­желілігін арттыру, оны бизнес-қоғамдастықтың сенімді серіктесі ету маңызды. Сондықтан қазіргі тәсілдерді түбегейлі қайта қарап, отандық ғылымды дамытудың жаңа стратегиясын құруымыз керек. Біздің басты міндетіміз – ғылымды қолданбалы ету. Бұл өндірісті сұранысқа ие инновациялармен жасақтауға және елдің экономикалық дамуын­да елеулі серпіліс жасауға мүм­кін­дік береді. Бұл ретте осы өзге­ріс­тердің барлығы ғылыми қо­ғам­дастықтың ғана емес, эко­номиканың нақты секторының да пікірлерін ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.

Осы тұста Ұлттық ғылым ака­­де­­­мия­сы маңызды рөл атқара­ды. Ол ғылыми мекемелерді қайта бағындырып, ғалым­дарға арналған тағы бір әкімшілік құры­лым болмауы керек. Оның өзіндік бірегей миссиясы мен пайымы бар. Ол автономды, тәуелсіз ұсы­ныс­тарды беретін, беделді сарап­тамалық ғылыми ұйым болуға ұмты­лу және ғылымды басқару сала­сында жіберілген жүйелік ол­қы­лықтардың орнын толтыру, фор­сайттық зерттеулер мен тех­но­логиялық болжау негізінде отандық бизнеспен бірге ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау, – деді Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақыл­бек Күрішбаев.

Ғылым саласындағы зерттеу­лер мен қолға алынған жобалар­дың нәтижесі қағаз бетінде емес, эконо­микаға серпін беретін өн­дірісте көрінуі керек. Ал ол үшін ғылым­ды қаржыландыру мен бизнеске икемдеу мәселелері аса маңыз­ды. Осы ынтымақтастыққа негіз­делген дөңгелек үстелде Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының басқарма төрағасы міндетін атқарушы Райымбек Баталов бизнес өкіл­дерінің бірле­сіп жұмыс істеуге, ғылымды қол­дауға мүдделі екенін жеткізді.

– Бізге нәтиже маңызды. Осы салада 30 жылдан артық тәжіри­беміз бар. Ғалымдар мен бизнес өкілдері арасында меморандум қабылданып жатқаны – қуантарлық бастама. Бірақ бұл сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуға тиіс екенін баса айтқым ке­ле­ді. Өткен жылдың мамыр айын­­­да отандық кәсіпкерлер кеңе­сі өтіп, Кәсіпкерлер палатасы ғы­­лымды дамытудағы ұсыныс­тарын айтқан. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстардың бір бөлігі «Ғы­­­­лым және технологиялық сая­сат туралы» жаңа заң жобасын­да көрініс тапты және қабылданды. Атап айтқанда, ғылымға қосқан үлесі үшін бизнеске салықтық жеңілдіктер беру, жеке секторды тарту арқылы технопарктер, бизнес-инкубаторлар, инновациялық орталықтар қызметін күшейту ұсыныстары болды. Одан бөлек, біздің палата «Ғылым қоры­мен» бірлесіп, ғалымдар мен кәсіпкерлер үшін бірнеше коммерцияландыру реакторын өткіз­ді, онда ин­новация­лық жобалармен танысып, жобаларды бірле­с­іп коммерция­ландыру туралы келісімдерге қол қойды. Бар­лық өткізілетін іс-шараның басты міндеті – ғылым мен биз­нестің тұрақты кооперациясын әзірлеу. Ғалымдар мен бизнес бір даму жоспарымен жүруі керек. Бүгінгі меморандум да біздің ғылыми зерттеулерге, инно­вацияларға және дамуға деген ортақ ұмтылысымыздың сим­волы болады және ұйымдары­мыз арасындағы серіктестікті ны­ғайту­ға күш салуымыздың дәлелі болады, – деді Райымбек Баталов.

Ұлттық ғылым академиясының мақса­ты – ғылыми-технологиялық саясатты әзірлеу мен жүзеге асы­ру­ға қолдау көрсету, ғылымды дамытудың басым бағыттарын анықтау. Сондай-ақ экономика мен қоғамның ең өзекті мәселе­лерін шешу үшін ғылыми-сарап­та­малық зерттеулер жүргізу мақ­са­тында жетекші ғалымдарды біріктіру.

ҰҒА бас ғылыми хатшысы Исмаил Тоқбергеновтің ай­туынша, 2024 жылы форсайт зерт­теулерінің жоспарланған нәти­жесінде 2027 жылға дейін қыс­қа­мерзімді келешекте ғылым мен техниканы дамытудың басым бағыттары мен ұлттық деңгейдегі ғылыми-техника­лық міндеттер айқындалатын болады.

– Қазіргі кезде біздің алды­мызда маңыз­ды міндеттер тұр. Соған байла­ныс­ты әлемдік ғылы­ми өн­діріске қол жет­кізе отырып, өн­дірістік және өнер­кәсіптік сек­­торға отандық ғылымның озық техни­калық шешімдерін енгі­зуге ықпал ете отырып, ғы­лым мен өндіріс арасындағы іскер­лік байланыстарды орнату қажет. Халықаралық тәжіри­бені талдау негізінде ғылы­ми инфра­құрылымды дамыту және ғылыми объектілерді үздік халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықтармен қам­тама­сыз етуде және бизнес секто­ры­ның ғылымға инвестицияны ұлғайтуды ынталандыру шаралары бойынша ұсыныстар керек, – деді ғалым.

Ұлттық ғылым академиясының прези­денті А.Күрішбаев бес стра­тегиялық маңызды бағдарламаны әзірлеу жұмыс­тары басталып кет­кенін айтты. Оның айтуынша, біздің дамыған елдерден айырма­шылығымыз, ғылымдағы басым бағыттар көбінесе елдің қажет­тілігіне емес, ғалымдардың мүм­кіндігіне негізделген. Осы­ған байланысты Академия базасында экономиканың, ғылымның нақты жай-күйімен және ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтерін бағалау арқылы ғылы­ми зерттеулердің басым ба­ғыт­тарын айқындаудың объектив­ті жүйесі енгізілетін болады. Екін­шіден, іргелі ғылыми зерт­теу­лерді қаржыландыру форматы түбегейлі өзгереді. Өйтке­ні конкурстық негізде қаржылан­дырудың үшжылдық кезеңімен ғылымның барлық бағытына қолданылатын шаблондық тәсіл ғылымда, әсіресе іргелі зерттеу­лер саласында нәтижеліліктің төмендеуіне әкеліп соқты. Осы уақытқа дейін елімізде заманауи базалық құзыреттерді дамыту­ға ықпал ететін және қолданбалы әзір­ле­мелердің тиімділігін артты­ру­ға негіз болатын, елдің зият­кер­лік әлеуетін тұрақты түрде қам­тамасыз ететін іргелі ғылым үшін тиісті жағдай жасалған жоқ. Со­ны­мен қатар Академия жетекші ғалым­дармен бірлесіп, іргелі не­гіздерді қалып­тастырудан бастап практикалық қолдануға дейінгі барлық аспектіні қамтитын тігі­нен интеграцияланған нысанда құрылатын заманауи цифр­­лық және геномдық техноло­гия­ларды пайдалана отырып, ел дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған ірі пәнаралық мегажобаларды іске асыруға ұсы­ныстар енгізетін болады.

Олардың бірі – ауыл шаруа­шылығын­дағы заманауи биотехнологияны дамыту бағдарламасы. Бұл жоба ауыл шаруа­шылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Ақылбек Қажығұлұлы өңірдегі ғылымды дамыту жобасына егжей-тегжей тоқталып өтті.

– Қазақстанда экономиканы теңгерімді түрде дамыту үшін өңір­лік ғылымды дамыту өте маңызды. Технологиялық дамы­ған елдер табысының құпиясы неде? Мы­салы, АҚШ-тың әр штатында дерлік ірі зерттеу универ­ситеттері бар. Олар – сол өңір­дің экономикасын дамытудың инновациялық орталығы, «ми хабы». Бұл жұмысты тікелей штат губер­наторы үйлестіріп оты­ра­ды. Ал бізде жағдай мүл­дем бас­қа. Ғалымдар өңірдегі мә­селелерді білмейді, ал өңірлер ғалымдардың мүмкіндігінен хабарсыз. Тіпті көптеген әкімдік­те ғылыми салаға жауапты маман­дар жоқ. Ал егер әр өңір осы сала­­да мықты жұмыс істейтін бол­са, еліміздің экономикасы нығая түседі. Бұл мәселені шешу үшін Академия өңірлік университеттер мен ғылыми зерт­теу институттарын жан-жақты қолдайтын болады. Қажет болған жағдайда Академия мүшелері мен шетелдік серіктестерді тар­та отырып, өңірлер үшін ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдасты­руға көмектеседі. Бұл жұмысты өңірлік университеттер базасында облыс әкімі орынбасарының басшылығымен Ғылым және технологиялық даму жөніндегі кеңес құрудан бастауды ұсына­мыз. Сондай-ақ осы тұста бизнес өкілдерінің қолдауы ғылым үшін аса маңызды.

Айта кететін тағы бір жайт, Ака­демия талантты жастарды ғы­лым саласына тарту орталығына айналады. Бұл бағыттағы алғаш­қы қадамдар жасалды, Академия жанынан тұңғыш рет Жас ғалым­дар кеңесі құрылды. Қазір жас та­лант­­тарды қолдау тетіктері әзір­леніп жатыр. Осы орайда бизнес өкілдеріне осы бастаманы құп­тауды және еліміздің үздік жас ғалымдарын қаржылай қолдау қорын құруды ұсынамын. Бизнес-қоғамдастықпен кездесу Академия үшін өте маңызды. Бизнес өкілдері ғылымды өнді­ріс­пен тығыз интег­ра­циялау­ға бағытталған тәжіри­белік қадам­дардың дәлелденген алгоритмін жасауға көмектеседі. Бұл – біздің алғашқы кездесуіміз. Сондықтан алда қыруар жұ­мыс күтіп тұр, – деді ҰҒА президенті.

Алқалы отырыстың соңында Ұлттық ғылым академиясы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында өзара түсініс­тік және ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойылды.