Парламент • 29 Наурыз, 2024

Бауырластық байланыстың жаңа белесі

74 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Бауырластық байланыстың жаңа белесі

Одақтық шартқа өзгеріс енеді

Отырыс барысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Хаттама Еуразия­лық экономикалық одақтың қол­да­ныстағы құқығында кез­­де­сетін техникалық реттеу, ве­теринариялық-сани­т­а­рия­­лық және карантиндік фи­то­­санитариялық шаралар, тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау, тарифтік емес реттеу және мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты олқы­лықтарды жоюға арналған. Заң­да қарастырылған түзетулер мүше мемлекеттердің ЕАЭО-ның карантинге жатқызылған ны­сандарының бірыңғай тізбе­сіне қосылмаған зиянды ор­га­низмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шаралар қабылдауды, электрондық форматта өткізілетін сатып алуға қаты­суға қолжетімділікті қамта­масыз ету үшін ұлттық электрон­дық цифрлық қолтаңбаларды өзара тануды, сондай-ақ тауарларды әкелу және әкету кезінде рұқсат құжаттарын ресімдеу үдерісін оңайлатуды көздейді.

Палата отырысында сенаторлар «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкі­меті мен Өзбекстан Рес­пуб­ли­касының Үкіметі арасын­да­ғы Азаматтардың өзара сапар­ларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификация­лау туралы» заңды да қарап, мақұлдады.

Сенат төрағасы атап өткендей, бұл құжат екі ел азаматтарының көші-қоны саласында қосымша оңтайлы құқықтық жағдайлар қа­рас­тырады. Хаттамада егер та­раптар азаматтарының екі ел­де болу кезеңі шекараны ке­сіп өткен кезден бастап күн­тіз­белік 30 күннен аспайтын болса, құзыретті органдарда тіркеусіз олардың аумақтарында болуының оңайлатылған тәр­тібі қарас­тырылған. Осылайша, екі мемлекет азаматтардың өз аумақтарында болуының өзара мерзімін уақытша тіркеусіз 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтты.

«Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасында берік бауырластық қарым-қатынас қалыптасқан. Елдеріміз қол қойған Мәңгілік достық туралы және Одақтастық туралы шарттар – соның айқын дәлелі. Бүгін қаралған хаттама екі ел азамат­тарына өзара сапар кезінде қосымша оңтайлы құқықтық жағдайлар орнатуды көздейді. Жалпы, мақұлданған заң тату көршiлiк қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының бір-бірінің аумағында кедергісіз болуына жағдай жасаудың ма­ңызы зор. Өйткені бұл – бауыр­ластық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бағытталған нақ­ты қадамдардың бірі. «Эконо­микалық, әлеуметтік, басқа да саладағы байланыстарды арттырудың бірден-бір кепілі – адамдардың өзара сапарына қолайлы мүмкіндік жасау. Екі ел азаматтары бір-бірінің аумағында кедергісіз 30 күн болса, мұндай қадам сауда-экономикалық және басқа да қарым-қатынастарды дамытуға тікелей әсер ететіні анық», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат спикері бұл келісім толығымен Қазақ­стан­ның саясатымен сәйкес келе­тінін айтты. Сондықтан құ­жат нормаларына дұрыс көз­қарас қалыптастырған жөн. М.Әшімбаев келісімнің екі мемлекетке не беретініне көбірек көңіл бөлудің және қазіргідей күрделі кезеңде сыртқы қарым-қа­тынастарды жан-жақты дамы­тудың маңызы зор екеніне назар аударды.

 

Өтілалым мен алғашқы тіркеу

Палата отырысы кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Бекбол Орынбасаров өтілалым мен кедендік төлемдер мөлшерін және импорттық авто­көліктерді тіркегені үшін төле­нетін соманы төмендетуді ұсын­ды. Сенатор шетелдік көлік­тердің қазіргі бағасы отан­дастарымыздың көпшілігі үшін тым жоғары екенін айтты.

Сенатордың сөзінше, депу­таттарға кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдерінің мөлшері мен импорт автокөліктерді тіркеу туралы азаматтардың өтініштері үнемі келіп тұрады. Депутаттар Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жіберген болатын, алайда нақты экономикалық міндеттерге, ғылыми тұжырымдарға негіз­делген және екі тарапты да қана­ғаттандыратын шешім әлі табыл­ған жоқ. Салдарынан қарапа­йым азаматтарға «автокөлік сатып алу» деңгейіне қол жеткізу төмендеп барады.

Сенатор жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы ха­лықты жаңа автокөліктермен қамтамасыз ету мақсатына жете алмағанын, ал жаңа және сапалы автокөліктерге қол жеткізу­дің қиындығы көлікті есепке қоюдағы заңсыздықтың көбеюіне себеп болғанын атап өтті. Се­на­тор азаматтардан түскен шағым­дарды талдау негізінде Үкімет басшысына кәдеге жарату алымын төмендетуді, кедендік баж бен автокөлікті тіркегені үшін алым мөлшерін азайтуды ұсынды.

«Қозғалтқыш көлемі екі мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына үш жылдан аспаған автокөліктер үшін кәдеге жарату алымының мөлшерін 150 мың теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын. Кедендік бажды есептеу кезінде кедендік торды азайту жағына қарай қайта қарау керек. Қазіргі уақытта ав­то­­көліктердің көпшілігі, әсі­ре­се Қытайдан Қазақстанға Қыр­­ғыз Республикасы арқылы әкелі­нетін фактілер бар, өйткені авто­көлік иелері ҚҚС пен баж­ды біз­дің мемлекетімізге қара­ғанда бір­неше есе аз төлейді. Шы­ға­рыл­ған жылын қоса алғанда, бес жыл­ға дейін көлік құралдарын мем­­лекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК кө­ле­мінде қарастыруды ұсы­намын. Аталған ұсыныстар Қазақ­стан азаматтарына сапалы және қол­жетімді автокөліктер алуға мүм­кіндік береді деп сенеміз», деді Б.Орынбасаров.

 

Жастар ел тарихын білмейді

Сенатор Сәкен Арубаев жас­тардың ел тарихын жақсы біл­мейтініне, қазақ тілі өзінің бірегейлігінен айырылып бара жатқанына және қасиетті домбыра харам дейтін үгіттің бар екеніне наразы болды. Сондықтан депутат ұлттық сана мен рухани құндылықтарды нығайту тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

Сенатордың пікірінше, қазіргі отандастарымыз тәуелсіз Қазақ елінің қалыптасуы мен одан әрі дамуына елеулі үлес қосқан батырлар мен тұлғалардың өмір тарихынан бейхабар. Себебі тәуелсіздік жылдарында бұл бағытта нәтижелі мемлекеттік бағдарлама мен кешенді даму жоспары қабылданбаған.

«Біздің ата-бабадан қалған, мұра мен мирас болған ұлттық құндылықтарымыз білім, намыс, таным, тәрбиемен ұрпаққа дарыған. Өкінішке қарай, қоғам­дық санаға тірек болар осындай қастерлі қасиеттер Батыстың ба, жоқ әлде басқаның ба жетегіне еріп, ұлттық болмысты әлсірету ашық көрініске ие болып бара жатыр. Өкініштісі, бүгінгі ұр­пақ ұлттық тарихымыздың дің­гегіне айналған батырлар мен арыстарының есімдерін мақ­танышпен айтудан, өмір жолдарын білуден тыс қалғандай. Жастар «Абай кім?», «Қабанбай кім?», «Ақан кім?», «Қаныш кім?» деген сауалға «әкім, министр, атақты спортшы» деп жауап берді», деді сенатор.

Ол осы саладағы жағ­дай­ды жақсартуға, ұлттық сананы бекемдеуге және отан­дастарымыздың рухани құн­ды­лықтарды сақтауға мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныс айтты. «Президент Әкімшілігімен бірлесе отырып, Мемлекет бас­шысы жанынан ұлттық құн­дылықтар бойынша жұмысты жүйелейтін арнайы мемлекеттік комиссия құру қажет. Үкімет бұл бағытта жаңа тұжырымдама әзірлеп, «Республикалық ұлттық құндылықтарды насихаттау орталығын» аша отырып, оның құрамына Үкімет мүшелерімен қатар, ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым мен азаматтық қоғам белсенділерін тарту керек. Шетелдерден келетін турис­терге қазақ халқының ұлттық құн­ды­лықтары жайлы үш тілдегі түсін­дірме және насихат мате­­риал­дарын шығаруды қолға алу керек. Әлеуметтік желілер әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керек», деді сенатор.

 

Балалар үйіндегі педагогтердің жалақысы төмен

Сенатор Нурия Ниязова депутаттық сауалында балалар үйінде жұмыс істейтін педагог­тердің әлеуметтік мәртебесін көтеруді ұсынды. Депутаттың айтуынша, жетім балаларға арналған мамандандырылған үйлерде жұмыс істейтін педагогтер түрлі сырқаты бар балалар тәрбиесімен және білім берумен айналысады. Мамандандырыл­ған педагогикалық білімі бар олар өздерінің кәсіби дағдыларын сақтау және дамыту үшін тиісті біліктілікті арттыру курс­тарынан өтеді. Алайда олар білім саласы мұғалімдерінің жалақысын көтеруді реттейтін қазіргі кездегі Үкімет қаулысына енгізілмеген. Сондай-ақ ерте жастағы балалар тәрбиесі және дамыту функциясын орындайтын денсаулық сақтау және балаларды әлеуметтік қорғау саласындағы педагогтер туралы да ештеңе жазылмаған.

Сенатор осыдан бір жыл бұрын осы тақырыпқа ұқсас депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Ол онда мектеп мұғалімдерімен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған балалармен, оның ішінде орталық жүйке жүйесі ор­га­никалық зақымданған, ақыл-ойы мен дене бітімі кемістігі бар балалармен жұмыс істей­тін мұғалімдер жалақысын да теңдей көтеруді сұраған болатын. Олар – логопедтер, психологтер, тәрбиешілер, әдіскер-педагогтер, Монтессори мұғалімдері, музыка жетекшілері сияқты еңбеккерлер. Үкімет ол кезде осы мәселені шешу бойынша жұмыс жүріп жатыр деп жауап берген еді. Алайда бір жыл өтті, ал мұғалімдердің жалақысы көтерілген жоқ.

«Ол тақырып бойынша біз­дің бұрынғы депутаттық сауалға 2023 жылғы 25 мамырда жауап келді. Алайда балаларымыздың дамуында әлеуметтену үшін қосымша білім беруде шешуші рөл атқаратын осы санаттағы қызметкерлердің жалақысы сол деңгейде қалып отыр.

Сондай-ақ ана мен баланы қорғау саласында жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеу­меттік мекемелердің, үйде қыз­мет көрсету, уақытша болу ұйымдары, жұмыспен қамту орта­лықтары мамандарының әлеу­меттік және материалдық мәр­тебесін көтеру мәселесін «Педагог мәртебесі туралы» заңға енгізу жөніндегі жұмыстар туралы да ақпарат керек», деді Н.Ниязова.

Сонымен бірге отырыста Жанболат Жөргенбаев сена­торлардың ауыл шаруа­шылығын дамытуға қатысты бұған дейін жолдаған депутаттық сауалдарына Үкімет тиісті деңгейде жауап бермегенін алға тартты. Ол агробизнестің қалыптасуы мен дамуының барлық аспектісін қамтитын кешенді бағдарла­ма дайындау қажет екеніне тоқталды.

Ал Андрей Лукин Үкіметтің назарын заңсыз алтын өндіру және сату мәселесіне аударды. Депутат қосымша бейнебақылау камераларын орнатуды, шахталарды талшықты-оптикалық арналармен жабдықтауды және басқа да қауіпсіздік шараларын қолға алып, нысандарды бақылауды күшейту керектігін айтты.