Президент • 29 Наурыз, 2024

Президент SPIC компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы ҚХР-ға жұмыс сапары аясында State Power Investment Corporation (SPIC) компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Лю Миншэнмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент SPIC компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады

Фото: Ақорда

Әңгімелесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, соның ішінде жаңартылатын энергия көздеріне негізделген серіктестік перспективасы талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа China Power International Holding еншілес компаниясының Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Соңғы бес жылда Жаңатаста жел энергиясы жобасы жүзеге асырылып, Қарағандыда күн электр станциясы салынды.

Қытайдың ең ірі энергетикалық компанияларының бірі саналатын SPIC корпорациясының басшысы Жамбыл және Павлодар облыстарында жалпы қуаты 1 ГВт болатын жел электр станцияларын салуға қатысты жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндады. Бұл жобаларға бір миллиард доллардан астам инвестиция салынған.

Сондай-ақ Лю Миншэннің айтуынша, компания Қазақстанда ауқымды гидроэнергетикалық жобалар мен бу-газ турбиналарын салу перспективасын зерттеуге ниетті.

Президент еліміздің жаңартылатын энергия саласына үздік халықаралық технологиялар мен тәжірибелерді енгізуге мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Лю Миншэнді биыл маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.