Футбол • 20 Қаңтар, 2017

Болат Есмағамбетов: Гранаткин турнирінде жастарымыз жеңіске жетеді

9760 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі қазақстандық жаттықтырушы Болат Есмағамбетов Гранаткин мемориалы турнирінде Қазақстан жастар құрамасы пенальти сериясында Ресейді жеңеді деп үміттенеді. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.

Болат Есмағамбетов: Гранаткин турнирінде жастарымыз жеңіске жетеді

«Жігіттер финалға дейін жеткен екен енді бойларында қорқыныш сезімі болмауы тиіс. Ресей оңай қарсылас емес, алайда жастарымыз Еуропаның азулы ұжымдарын жеңіп отырғанын естен шығармау керек. Енді тек сәттіліктер тілейміз. Бұған дейін нағыз команда екендіктерін дәлелдей білді. Бұл жолы жеңімпаз пенальти сериясы арқылы да анықталып қалар. Бәлкім, бірінші соққан команда жеңіске жетер. Не болса да, нағыз теке-тірестің болары анық. Бірақ ұландарымыз бәрін жоспар бойынша жүзеге асырады деп ойлаймын», – деді ол.

«Шабуылшы Еркебұлан Сейдахметті ерекше атап өтер едім. Оны премьер-лигадағы командалардың бірінде талантын сынап көруге болатын сияқты. Дер кезінде допты тартып ала біледі. Бар жауапкершілікті өз мойнына алып, шешуші голды соғуға да қабілетті. Сондай-ақ, Айдос Оралдың да ойыны көңілімнен шығып жүр. Турнирде екі доптың авторы атанды. Қарсыласының тегеурінді шабуылдарын тоқтата білетін қорғаушы Дінмұхаммед Қашкен де бар. Жалпы, шабуылда да, қорғаныста да, жартылай қорғаныста да көшбасшы жігіттер бар. Команданың бар жүгі негізінен соларға артылады», – деді Есмағамбетов.

Турнирдің топтық кезеңіндегі ойындарынан кейін Дінмұхаммед Қашкен «Астана» клубымен жаттыққан. Алғашында ауызша келісім болғанмен, бапкерлер сенім артпаған болса керек, бұл іс заң жүзінде жүзеге аспады.

«Команда бұған дейін биіктерден көрінбегеннен соң талантын дұрыс бағаламады деп ойлаймын. Турнир кезінде ойыншының көңілін басқа жайтпен бөлген дұрыс емес. Гранаткин мемориалының финалына дейін жетудің қиын екендігін ескерген жөн. Оның үстіне қазір «Астананың» ресми ойындары жоқ. Мүмкін келесі оқу-жаттығу жиынында жақсы қырынан көрініп қалар», – деді ол.

Айта кетейік, аталмыш жарыстың финалында Қазақстан құрамасы көршілес Ресеймен сынға түседі. Матч 21 қаңтар күні Астана уақыты бойынша сағат 22:00-де өтеді.

Александр Кузнецовтың шәкірттері топтық кезеңде Словакиямен 0:0, Әзербайжанмен 2:2 есебімен тең ойнаса, Литвадан 2:0 есебімен басым түсті. Ширек финалда Словенияны 2:0, жартылай финалда Грекияны 2:1 етіп ұтты.