Ш.Айтматов туындысы негізінде жазылған “Қызыл орамалды шынарым” атты спектакльді Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры өз сахнасына қойды
Айнаш ЕСАЛИ.
“...Адам ессіз болып туады, есалаң күй кешеді... Есі кіргенде тым кеш болады” дейді Ілияс атты адасқан жігіт “Қызыл орамалды шынарым” спектаклінде. Сонымен Алматының театралдық репертуарына тағы бір тамаша қойылым қосылды.
Міне, Шықаңның, Шыңғыс Айтматовтың (актер Сәкен Рақышев) өзі сахнадан сөйлеп тұр:
– Бұл өлкеде пойыздар Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа жүйткіп жатады...
Айтқандай, Ілиястың шаңырағын шайқалтқан, қызыл орамалды Әселінен айырған Қадишаны неге Айтматов арсыз етіп суреттемеген? Неге айналасындағылардың қарғысына ұшыратып, итжеккенге айдағандай етіп, жазаламайды? Өйткені, ол да адам, оның да тағдыры бар. Ол да бақытты болғысы келеді... Жалпы, Айтматовтың кейіпкерлері “сүттен ақ, судан таза” қолдан жасалған жасанды бейнелер емес. Онда жазушының өз тағдыры, өз адасуы мен арпалысы жатқандай...
“Қызыл орамалды шынарым” атты екі бөлімді драманың премьерасын үш рет қатарынан көріп, шығарманың орыс тіліндегі цензураға ұшырамаған түпнұсқасын (“Тополек мой в красной косынке”) шұқшия қайта оқып шыққанда ғана барып, оқиғаның әрбір кейіпкері басты рөлге шыға бастайтынын аңғарасың.
Айдың-күннің аманында әйел, бала-шағасын таудан құлаған қар көшкіні жұтып қойған Байтемір де өмірден баз кешіп, бақытты болудан күдерін үзген адам еді ғой...
Сүйгенін өзге әйелдің құзырына беріп, ақ қар, көк мұзда баласын бауырына қысып, басы ауған жаққа кетіп бара жатқан Әселдің де енді бағы ашылмастай болатын...
Әселдің жолында бәрін құрбан етуге даяр болған Ілияс қызба мінезімен, мүмкін жалған намысымен өз махаббатына өзі көр қазып жатқанын білсе, бәрі басқаша болар еді. Бірақ, барлық адамның адасуға құқы бар. Айтматовтың да айтары осы!
Қойылымның инсценировкасының жаңа нұсқасын жасаған да, қоюшы-режиссері де Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов. Егер драмадан киноның иісі шығатын болса, Теменовтің режиссурадағы қолтаңбасымен таныс көрермен үшін – ол да заңдылық.
Осы уақытқа дейін Жастар театрында эпизодтық рөлдерде жүрген актер Жұлдызбек Жұманбайдың талантын жарқырататын рөлін тауып берер режиссер болса ғой деп үнемі іштей көксейтін едік. Жұлдызбек Айтматовтың шопыр Ілиясы болып туылғандай әсер еткен.
– Оу, апа, өтіп кетсеңізші, – дейді мәшиненің астында жатқан Ілияс, көлденеңдеп өте алмай тұрған көне етікті әйел адамға.
– Мен апа емеспін!
– Апа болмасаң, енді кімсің?
– Қызбын!
– Қыз болсаң, сұлусың ба?
Әрине, бұл Айтматов қана тудыра алатын, Айтматовқа ғана тән диалог. Міне, осылайша басталған тамаша махаббат тарихы тағдырларға ұласып, қарапайым адамдардың өмірінен құралатын, адамдарға ортақ пәлсафаға жетектеп кеткенін көрермен бастапқыда байқамай да қалады.
Әселге ессіз ғашық болған жігіттің көңіл-күйі тәжіктің “Сарбон” әнімен ашылады. “Ей, керуенбасы, керуеніңді жәй жүргізші, бұл керуенде менің сүйген қызым кетіп барады, соңғы рет көріп қалайын” деп боздайтын жігіттің зарлы әні бұл.
Спектакльдің ең шиеленісті тұстарында қырғыз халқының аса мұңды лирикалық әндері жүрегіңді тербейді. Әсіресе, Бегімайдың әнін білмейтін қазақ сирек. Драманы шырқау шегіне көтеріп отыратын, ақиқатында махаббаттың азабынан туған шынайы сұлу әуендердің сәтті таңдалғанына шүбә келтірудің жөні жоқ. Кейде ауызбен айтып жеткізе алмайтын дүниелерді әннің айта алатынына кім дауласпақ?!
Әсел – театр табалдырығын енді аттаған Аида Жантілеуованың тырнақалды рөлі, өнердегі тұсауын кескен тұңғыш бас кейіпкері. Ал Қадишаны театрдың екі бірдей белді актрисалары кезегімен сомдауда. Бір рөл болса да екі таланттың бейнелеуінде екі түрлі бояуды көруге болады. Айгүл Иманбаеваның – Қадишасын өз бақытымен күрескені, сүйгені үшін арпалысқаны үшін ақтасаң, Жанар Мақашеваның – Қадишасына ғашық болмау тіпті мүмкін емес.
Байтемір де – театрдың белді актерлерінің бірі Еділ Рамазановтың тұңғыш белді рөлі. Алғашқы ірі кейіпкері. Театртанушылар спектакльдің екінші бөліміндегі Әсел мен Байтемірдің диалогына тәнті болғанын алға тартады. Бұл талантты актердің еншісіндегі жетістік.
Алғашқы қойылымдарының өзін аншлагпен өткізген жаңа драманың ең басты табысы да сол. Айтматовтың туындысы арқылы – театрдың бір топ жастарының жұлдызы жағылды. Алдағы күндерге ақжолтай боларлық рөлдер иелерін сәтті тапты. Мәселен, екінші құрамда Ілиясты ойнайтын – Бейбіт Камаранов, Әсел – Ақбота Қаймақбаева, Байтемір – Жомарт Зейнәбіл, Қадиша – Шынар Қабышева, Әлібек – Бекен Кемалданов, Бақыт Тушаев, Жантай – Әсет Иманғалиев, Қуаныш Тұрдалин сынды қабілет иелері түптің-түбінде театрдың белді тұтқасына айналар бөлек-бөлек дарындар.
Драманы осы уақытқа дейін өзге қойылымдардан даралайтын тағы бір тұсты аттап өту қиянат болар еді. Ол балет бишісі Құралай Сарқытбаева қойған айыр қалпақты жүргізушілердің биі. Тамаша! Қимыл үндестігінен, актерлердің аянбай тер төккені көрініп-ақ тұр. Бидің тілімен Әсел мен Қадишаның тайталасатыны... Азғындап бітті, адасты, енді адам болмайды деген Ілиястың өмір биіне қайта оралуы – мұның бәрі қазақ көрермені үшін бұрын-соңды болмаған шешім.
“Спектакльдегі адамдардың бәрі өзіміздің Долон мен Нарында жасап келгендей, киім киістері, жүріс-тұрыстары, қуанғаны, өкінгені – бәрі өзіміздегідей. Егер Айтматов тірі болса, міндетті түрде осы драманың премьерасына қатысқан болар еді...” деп өкініштен көкірегі қарс айырылған қырғыз делегаттарының күйініші мен сүйінішін қатар көрдік. “Айтматовтың ең күрделі шығармасын сахналауға жүрек керек, тәуекел мен талант керек” деген Алатаудың ар жағындағы бауырлардың пікірі өз алдына бөлек. Ал спектакльдің кезекті қойылымдарының біріне Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келіп қатысты.
– Мұхтар Абрарұлы, бүгінгі спектакль туралы министр ретінде емес, қарапайым көрермен ретіндегі сіздің пікіріңізді білсек. Өйткені, жаңа қойылымның айналасында айтылып жатқан пікірлер көп...
– Бұл өзі әдептен озбайтын, жүректі қозғайтын, жастардың да, аға буынның да көңілінен шыққан сәтті қойылым болды. Театр репертуарынан ұзақ уақыт орын алатын туынды өмірге келді деп есептеймін. Драма деген – бұл синтез. Осыны негізге алсақ, аталмыш драмада хореографияның да, музыканың да, режиссердің де, ар жағында тұрған автор Ш.Айтматовтың ой- танымы да қамтылған. Шыңғыс ағамыздың аруағы риза болған шығар.
Жалпы, Талғат Теменов келгеннен бері театрдың екінші тынысы ашылды. Әсіресе, мына қыз-жігіттер үшін Теменовтің шеберлік класынан өту деген сөз – олардың өмірбаянына алтын әріптермен жазылатын кезең деп айтар едім.
Қазіргі кезде әлемдегі классикалық туындылардың қай-қайсысына болсын осы заманның талабына сай қайта қарау процесі жүріп жатыр. Мәселен, орыстың ұлы композиторы М.Мусоргский А.Пушкиннің “Борис Годунов” атты атақты шығармасына кезінде жаңа опера жазған болатын. Бұл – орыс драма театрының, орыс драматургиясының тарихынан алтын әріппен орын алған шығарма. Мысалы, “Борис Годунов” қойылымының жаңа заманға лайықталған нұсқасында Борис Годунов патша үстіне осы заманның киімін, тыртысқан “джинси” шалбар киіп, сахнаға шықты. Осыған орыс көрермендерінің көбісі қарсы болды... Сонда бұл қалай болуы мүмкін? Борис Годуновтың заманы қай заман, мынау қай заман?.. Я болмаса Вердидің “Навуходоносор” атты атақты туындысы бар. Навуходоносор деген Вавилондағы ең көне патшалардың бірі. Сол шығарманы қойған кезде бас кейіпкер болмысын бүгінгі күнге лайықтап, соған орай киім үлгілерін дайындап, оны XX ғасырдан бір-ақ алып шықты. Оған Еуропадан ешкім қарсы бола қойған жоқ. Неге? Себебі, ол шығарманы өзінше қояды. Өзінше түсінеді. Ал, кез келген драмалық шығарма деген не? Драмалық шығарма деген басы бар, аяғы бар, қақтығысы бар, шиеленісі бар дүние ғана емес, ол ең алдымен, образдар жүйесі. Образдар жүйесін әр заманның адамы өзінше, өз заманының көзқарасымен көреді. Сондықтан негізгі мәселе – сол шығарманы қоюда ғана емес, образдар жүйесін автордың айтайын деп отырған ойымен үндестіріп, бүгінгі заман адамдарының танымына лайықтап сахналай білу шеберлігінде. Егер сол көне шығарма ХХІ ғасырға дейін жетіп, көрерменнің рухани сұранысын қанағаттандырып жатса, ол туынды бүгінге несімен, нендей құдіретімен жетті? Әуелі, біз соны түсініп, зерделеп алуымыз керек. Ойланып көріңізші, әйтпесе неге біз Эсхилдың трагедияларын әлі күнге дейін қоямыз? Неге Софоклдың туындыларын іздейміз? Антика дүниесі қайда, біз қайда? Одан бері адамзаттың ақылы бұрын-соңды болмаған биікке көтеріліп кетпеді ме? Алайда, біз сол шығармалардың өн-бойынан өзімізді іздейміз. Өзіміздің заманымызды іздейміз. Сол өз заманымыздағы адамдардың қақтығысын іздейміз. Сондықтан әр режиссер драмалық шығармаға өзінше қарап, өзінше түсініп, өзінше қоюға қақысы бар. Бірақ, ол бүгінгі спектакльдегідей автордың ойымен де, көрерменнің ойымен де көп жағдайда үйлесіп жата бермейді. Ал, Ш.Айтматовтың туындысында дәл сондай үйлесімділік бар деп есептеймін.
– Министр мырза, осыдан бірнеше жыл бұрын театрларды аралап, кейбір қойылымдарға көңіліңіз толмай, психологиялық терең шығармалар қоюға ұсыныс айтқан болатынсыз. Бүгінгі қойылым сондай туындылардың санатына ене ала ма?
– “Қызыл орамалды шынарым” сол айтқан шығармалардың санатына міндетті түрде енеді. XX ғасырдағы махаббат жайындағы жазылған ең тамаша шығармалардың бірі – осы Айтматовтың қолынан шыққан туындылар десем, қателеспеспін. Оған дәлел, автордың негізі күшті шығармаларының дүниежүзі сахналарын шарлап кетуі. Ал оны бүгінгі күннің адамдары жаңа заманға қарай сөйлетіп отырса, одан көрермен өзінің іздегенін тауып отырса, ол – автордың да, режиссердің де ойы орындалғаны деп білемін. Мысалы, жуырда ғана М.Лермонтов атындағы орыс академиялық драма театрынан А.Чеховтың “Шие бағы” деген шығармасын көрдім. Бұл шығарма жапон елінде өте керемет танымал. Жапонияның драма театрларының барлығы дерлік А.Чеховтың аталмыш қойылымын қойып шықты. Неге? Өйткені, “Шие бағы”, яғни “шие” деген сөз жапон тіліндегі сакураның баламасы. Сакураның ерекшелігі - ол жеміс бермейді. Бірақ, сакура – бүкіл жапондық менталитеттің негізі. Ол – Отан, ол – Ана, ол – тіл, ол – діл, ол – жапонның мәдениеті. Сондықтан, жапондықтар үшін шие бағының күйреуі – бұл руханияттың күйреуімен, адамның жан дүниесінің күйреуімен пара-пар. Демек, таза классикалық шығармада ұлттық шекара, уақыттық шекара, кеңістіктік шекара деген болмайды. Ол әр заманда да өмір сүреді. Ал, “халтура” болса, ол жағадағы жаңқадай лақтырылып қалып қойып отырады. Классикалық шығарма, міне, бүгін өзінің көрерменін де тапты. Оқырманын да тапты. Және мынандай өте тамаша ұжымның арасында жастардың көзқарасымен сахналанып, оны бұл шығарма жазылған кезде тіпті дүниеге де келмеген адамдар ойнап отыр. Яғни, шығарма өміршең болды деген сөз. Әркім одан өзінің іздегенін тапты деп айта аламын.
Мұрат ӘУЕЗОВ, академик:
– Бүгінгі қойылымға келсек, тамаша спектакль. Бұл – үлкен ақылмен, тіпті көрегендікпен жасалған дүние. Өйткені, Талғат Теменовтің бұл спектакльді қолға алғаны кеше емес. Ал қырғыздың жағдайынан өздеріңіз хабардарсыздар. Осы сындарлы кезеңде Жастар театры қырғыздың бізден бөлінбейтін халық екенін көрсете білді. Спектакльге сән беріп тұрған тәжіктердің “Сорбоны” қандай! Бізге Орта Азияның ынтымағы өте қажет. Талғат – ірі суреткер. Осының бәрін түсініп қойып отыр. Бір ғана айтарым: негізі жақсы дүние күшейе береді. Мұндай спектакль көрермендерден азамат жасайды.
Ұлан ТҮРКМЕНОВ, Қырғызстанның мәдениет вице-министрі:
– Бүгін алғаш рет Мүсірепов атындағы жастар театрының табалдырығынан аттап тұрмын. Тамаша спектакль. Біздің келуімізге көп кедергі болды, дегенмен, премьераға келіп, театр басшылығына, Қазақстанның театр қоғамдастығына алғысымызды жеткізуді өзімізге парыз санадық. Өйткені, Ш.Айтматовтың шығармасы бойынша қойылым қырғыз халқының тарапынан пейілсіз қалмақ емес. Ең ғажабы, біздің осыншама қиналысымыз, жол азабымыз өзін осы бір ғана спектакльмен жүз пайызға ақтады. Спектакль тамаша, биік деңгейде қойылған. Айтматов рухында қойылған. Сахнадағы әрекет, актерлер, сценография, костюмдер, бәрі-бәрі Айтматов театрының рухында. Театр – эксперимент алаңы деп қабылдайтын адаммын. Автордың кез келген шығармасы режиссердің жаңа көзқарасымен, жаңа танымымен қабылданады. Бұл жағдайда Т.Теменов Ш.Айтматовтың бірнеше шығармасынан біраз дүниелерді пайдаланған екен. Ол бір повесть бойынша спектакль жасап қана қоймай, Айтматов әлемінің рухын жасаған, бірнеше шығармасын бір сахналық туындыға сыйғызған. “Жәмиладан”, “Боранды бекеттен” алынған кейбір сөйлемдер, оралымдар өте шынайы түрде әрекетті толтырып тұр. Ш.Айтматовтың барлық шығармалары бір-бірімен байланысты, сабақтас, Айтматов әлемінде бөгде, кездейсоқ кейіпкерлер жоқ. Көрермендер де, сыншылар да біз көрген сюжеттің бүгінде көкейкесті екенін атап өтіп жатыр. Айтматов прозасы – мәңгілік құндылықтар. Адалдық, әділдік, даналық, ізгілік, махаббат... Айтматов менің халқымның барлық мәдени оқиғаларының өзегі десек болады.
Посткеңестік ойлау жүйесі тәжірибесінде мәдениетке ең соңғы орын беріледі. Қырғызстанда да солай. Бұрынғы режимде мәдениет министрлігінің мәртебесі мемлекеттік агенттікке дейін төмендетілген. Шығармашылық қауымдастық үлкен алаңдаушылық білдіріп, бұрынғы Президентке бірнеше рет хат жазғанымыз бар. Өздеріңіз білетіндей, елімізде халық революциясы болды. Үкімет өзінің алғашқы декреттерінің бірімен Мәдениет агенттігін Мәдениет министрлігіне айналдырды. Жаңа басшылық мәдениетке үлкен көңіл бөлінеді деп отыр. Шығармашылық адамдары қазір рухани серпілісте. Жақсы жоспарларымыз бар, Алла қаласа, соның бәрін іске асырамыз деп сенемін.
Есмұхан ОБАЕВ, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының директоры:
– Шықаңның тірі шыққанына риза болдым. Әрекетке араласпаса да, бейнесімен-ақ адамды қатты толғандырды. Өйткені, Шыңғыс Төреқұлұлымен 1964 жылы осы сахнада бірге болғанбыз. Шықаңның шығармаларының мен байқаған бір қасиеті бар: қырғызда темір жол жоқ болған соң ба, ылғи темір жол, ылғи пойыз туралы. Сосын кейіпкерлерінің бәрі Қазақстанға келіп бақытты болып кетеді. Ол кісі өзінің бір көгерсе, қазақтан көгеретінін білсе керек. Шынында да, Айтматов шығармасының бәрін бірін қалдырмай Қазақстан қойған. Өз елінде де дәл біздегідей сахналанған жоқ. Бұл шығарманың құны – таза махаббат. Режиссерлік концепцияға келгенде спектакль бір жүйеге бағынып тұр. Адам тағдыры, адам махаббаты. Байтемірді (Еділ Рамазанов) бірінші рет көріп тұрмын. Органикалық жігіт екен. Ілиясты да бірінші рет көруім (Бейбіт Камаранов). Ойлау жүйесі тәуір екен, іші бай актер болады әлі.
Сатыбалды НАРЫМБЕТОВ, кинорежиссер:
– Ретрошығармалар бізде аз. Ретроспектакль қойылса, ол адамның жүрегін шымырлатады. Оны Теменов біледі. Одан кейін мелодрама жанры өте дефицит, ауыр, өте өткір және өте әсем дүние. Голливуд фильмдерінің 95 пайызы мелодрамалар. Оны жасау үшін асқан шеберлік, жібек жіптей нәзіктік керек. Кестелі өрнек секілді нәзіктіктен туылатын субстанция. Талғаттан басқа мелодраманы мөлтілдетіп түсіретін қазақты мен білмеймін. Қазір кинода да, спектакльде де екінің бірі наркомания, жезөкшелік, атыс-шабыс, экшн. Адамды ойландырмау керек. Мен оны “шапалақ жанры” деймін.
Ақылбек ӘБДІХАЛЫҚОВ, Қырғызстанның театр сыншысы:
– Спектакль өте ұнады. Әлбетте, режиссерлік жағынан кемшіліктер бар. Бірақ, режиссер мен актерлердің шығарманы бүгінгі күн позициясынан қарағаны ұнады. Кейде театр сынына бүгінгі күн ритмі келе бермейді. Сыншылардың өзі театралды таптаурындылықтан шыға алмай жатады. Әрқандай кемшіліктер айтылады. Айтамыз, бүгінгі спектакльде актерлер әрекет пен сөзді жымдастыра білгенімен, кейбір тұстарында эмоционалды үлкен үзіктер кетіп қалып жатыр. Бұл – актер техникасы. Ол уақытпен келеді. Ең бастысы, әрі маған ұнағаны – спектакльдің кино жүйесімен жасалғаны. Қазір театрда жаңа көркемдік бағыттар дамып жатыр. Станиславскийден қалған кеңестік мектептен шықпай жұмыс істеуге болмайды. Ол уақыттың ритмі өзгеше болды. Көзқарас бөлек болды десем, жастар театры уақытты сезіне біледі, сондықтан алға жылжып келе жатқаны аңғарылады. Уақыт келгенде Әсел (Аида Жантілеуова) үлкен актриса болады деген ойдамын. Ол өзінің шынайылығын, жүрекжарды тазалығын жоғалтпауы керек.
АЛМАТЫ.