Жиында Қызылжұлдыз ауылынан эвакуацияланған 40 баланың Арқалық қаласындағы туыстарының үйіне орналасқаны, қазір тұрмысының жайлы екені айтылды. Қызылжұлдыз балалары 4 тоқсанда Арқалық қаласындағы №5-ші мектепте оқуыларын жалғастырады. Оларға өздері тұрған ауылдан эвакуацияланған 14 мұғалім сабақ береді. Оқу құралдарымен, кеңсе керек-жарақтарымен қамтамасыз ету мәселесі шешілген. Бүгін балалардың бәріне мектепке киетін киім-кешек сатып алынды.
Ал Жангелдин ауданында Көлқамыстан көшірілген Айса Нұрманов мектебінің 44 баласы ауылдан 19 шақырым жерде орналасқан Көкалат елді мекеніндегі Албарбөгет мектебінде оқитын болады. Олар да киім-кешек, кітап-дәптер, басқа да мектеп қажеттерімен қамтамасыз етілген.
«Бірінші сәуірге дейін барлық балаларды киіммен, оқулықтармен, кеңсе керек-жарақтарымен қамтамасыз ету қажет. Біздің міндетіміз – оқушылардың үздіксіз білім алуына жағдай жасау. Ол үшін барлық ресурсты қосамыз», деді Құмар Ақсақалов.
Балаларға арналған барлық керек-жарақтар жалпыға бірдей білім беру қорынан сатып алынады, бұл үшін барлық қажетті қаражат бар.
Қостанай облысы