Қоғам • 29 Наурыз, 2024

Бишімбаев ісі: бейнежазбаларды өшірген қызметкер сотта куәлік етті

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бишімбаев ісі: бейнежазбаларды өшірген қызметкер сотта куәлік етті

Сотта Гастро орталықтың жалға беру бөлімінің басшысы Қалмұрат Молдақаш куәлік етті. Ол өз сөзінде іс бойынша екінші күдікті Бақытжан Байжан Гастро орталықтағы бейнекамераларға түскен жазбаларды өшіруді сұрағанын растады.

«Сол күні сағат 13:00-де орталықтың бірінші қабатында барлығы жұмыс істеп тұрған. Бірақ 2-ші қабатта ешкім болған жоқ. Сонда мен әкімші Гүлзада Исмаиловаға барып, ресторанның неге ашылмағанын сұрастырдым. Ол «Бау» ресторанында санитарлық күн деп қысқа қайырды. Бір сағаттан кейін, яғни, 14:00-де Гүлзада Исмаилова кабинетке келіп: «Бақытжан Байжан хабарласты, Гастро орталықтағы бейнекамераларға түскен жазбаларды өшіру керек», деді. Кейін Бақытжан Байжанның өзі кабинетке келіп, оған көмектесуді сұрады», деді куәгер.

Оның айтуынша, оқиға болған күні орталық басшысы мен әкімші өздерін өте байсалды ұстаған. Сондай-ақ Гастро орталықта жүйелік администраторлар жұмыс істемейді.

«Біз диспетчерлік кабинеттің кілтін алдық. Бақытжан Байжан Гүлзада Исмаиловаға барлық бейнежазбаны өшіруді тапсырған. Сол кезде бейнежазбаларды біртіндеп өшіре бастадым. Барлық материалдарды 15 минуттың ішінде өшіріп тастадым. Қасымда Гүлзада болды, кейін Бақытжан Байжанның өзі де келді. Тапсырманы орындап болған соң кабинетті кілттеп, өз жұмысыма қайта оралдым», деді Қалмұрат Молдақаш.

пр

(Видеодан алынған кадр)

Осы тұста куәгер бейнежазбаға түскен кадрларды көремегенін алға тартты. Басшылық бұған дейін осыған ұқсас тапсырма беріп көрмеген, сондықтан бейнежазбаны өшіру себебін де сұрамағанын айтты. 

Кейін, сағат 16:00-де Бақытжан Байжан Қалмұрат Молдақаштан мүсәтір спиртін әкелуді өтінген. Бірақ не үшін керек екенін түсіндірмеді. 

«Бақытжан Байжан шұғыл түрде спир әкелуімді сұрады, мен орталық жанындағы сауда орталығына барып, сұраған затын алып келдім. Спирттің не үшін керегін сұрамадым», деп сендірді куәгер.

Куәгер кісі өлімі туралы тек 20:00-ге қарай білгенін айтты.

«20:00-ге қарай әкімші Гүлзада хабарласып, орталықта төтенше жағдай болғанын жариялады. Сол кезде біз басқа іс-шарада отырған едік. Ол ғимарат айналасында полиция қызметкерлері қаптап кеткенін айтты. 2-қабатта кісі өлімі болғанын сол кезде білдік», деп түсіндірді Қалмұрат Молдақаш.