Әскер • 30 Наурыз, 2024

Әскери қызметшілер 100-ге толған майдангерге құрмет көрсетті

111 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғысының ардагер барлаушысы Василий Иванович Зинченко 29 наурызда 100 жасқа келген мерейтойын атап өтті. Оны Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов, Түрксіб ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының, соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлері мен соғыс балаларының қоғамдық қорының өкілдері, десантшы-сарбаздар құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери қызметшілер 100-ге толған майдангерге құрмет көрсетті

Фото:gov.kz

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, құрлық әскерлері әскери институты оркестрінің сүйемелдеуімен барлаушының ерлігіне құрмет көрсеткен десантшы жауынгерлер мерейтой иесінің алдынан салтанатты маршпен өтті.  

«Алматыда Екінші дүниежүзілік соғысының 32 ардагері тұрады, олардың сегізі биыл ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Міндетіміз – қаза тапқан жауынгерлерді жадымызда сақтау, арамызда барларына қамқорлық жасау. Олар мақтанышымыз, кешегі тарихты жасаушылар, батырлардың ерлігі мен жанқиярлығының арқасында біз бейбіт аспан астында тәуелсіз, гүлденген мемлекетте өмір сүреміз», деді құттықтау сөзінде Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов.

Василий Иванович 1924 жылы 29 наурызда Алтай облысында дүниеге келген. Зинченконың отбасы 1939 жылы Алматыға көшіп келген. Ол 17 жасында 1941 жылдың қарашасында әскерге шақырылды. 

Барлау мектебінде алты айлық оқуды аяқтаған соң қызыл әскер сарбазы Сталинград майданында шайқасып, Украина мен Польшаны азат етуге қатысты. 

Василий Зинченко «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, Қызыл Жұлдыз ордені және тағы басқа ордендермен наградталған.

Қорғаныс министрлігіВасилий Иванович – Эльба өзеніндегі кеңестік және ағылшын-америкалық әскерлердің әйгілі кездесуіне қатысқан. Сол жерде фашистерді жеңгені туралы алғаш хабарды естіген.

Соғыс аяқталған соң, бір жылдан кейін елге оралған, жүргізуші болып жұмыс істеп, жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне қатысқан. 

Майдангер ғасырлық мерейтойын өз отбасында қарсы алды. Оның төрт баласы, жеті немересі, он екі шөбересі және екі неменесі бар.