Бизнес • 01 Сәуір, 2024

Бизнесті қорғау басымдығы

138 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы бизнес өкілдерімен кездесуінде бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол берілмеуі керек екенін атап өтіп, құқық қорғау органдары қызме­тіндегі кемшіліктерді сынға алды. Олар кейде артық қыламын деп тыртық қылатынын, тіпті рейдерлік әрекеттерге жол беретінін айтты.

Бизнесті қорғау басымдығы

«Науқаншылыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заң­сыз кедергі келтіру мемлекет мүддесі­не қарсы бағытталған қылмыс ретін­де қарастырылатынын айттым», деді Президент.

Осыған орай бүгінде Әділетті Қа­зақ­стан құру жолындағы негізгі мін­­дет­­тердің бірі – бизнесті қорғау, кәсіп­керлерге барынша қолдау көрсету. Пре­зидент атап өткендей, алаяқ­тар­­дың тай­раңдауына жол бе­ріл­меуге тиіс, алайда құқық қор­ғау органдары­­ның және тиісті қа­да­ғалаушы мекеме­лер­дің әрекет­терінен бизнес субъекті­лері де жапа шекпеуі керек.

Соның бір мысалы – жуырда Жо­ғарғы сотта кассациялық шағым бо­йынша азаматтық іс қаралып, бизнес өкілінің құқығы қорғалды. Біз­ге берілген мәліметке қарағанда, Алма­тыда Қала құрылысын бақылау басқармасы «Альянс-Газ» ЖШС авто­газ құю стансасын өз бетінше рұқсат­с­ыз салып алған және жауапкер өз қаражаты есебінен оны бұзуға тиіс деп сотқа жүгінеді.

Бірінші сатыдағы сот нысанды рұқсатсыз салынған құрылыс деп тану талаптары бойынша іс жүр­гізуді тоқтатқан, өйткені заңда мұн­дай маз­мұндағы талапты қарау көз­делмеген. Бірақ жауапкердің өз қара­жаты есе­бінен нысанды бұзуға тиіс деген талапты қанағаттандырған. Өйт­кені серіктестік Азаматтық кодекстің 244-бабы 1-тармағына сәйкес рұқсат етілмеген құрылысқа қатысты ғима­рат құрылысының заңдылығын растайтын дәлелдемелерді ұсынбаға­нын негізге алған. Сонымен қатар сот талап қоюшыға және Қалалық жос­пар­лау және урбанистика басқар­ма­сы­на қатысты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласында өздері­не жүктелген функцияларды тиісін­ше орындамауына байланысты жеке ұйғарым шығарған.

Апелляциялық сатыдағы сот бұл қорытындылармен және қабылданған сот шешімдерімен келіскен. Алайда Жоғарғы сот аталған шешімдердің күшін жойып, жаңа шешім шығарды. Осылайша «Альянс-Газ» ЖШС-ның өтінішхаты қанағаттандырылды.

Кеңірек айта кетсек, кассация­лық сатыдағы сот мына жайттарды назарға алды. Бұл ЖШС 2016 жыл­ғы 9 желтоқсандағы сатып алу-сату шарты негізінде жанармай құю стан­сасының иесі болып саналады. Қала құрылысын бақылау басқармасы тара­пынан 2019 жылдың қыркүйегінде жүргізілген тексеру барысында ЖШС қолданыстағы жанар-жағармай құю стансасының ғимаратында қайта жөн­деу жұмыстарын жүргізгені анық­талған. Алайда бақылаушы орган рұқсат етілмеген құрылыс ретінде ғимаратты түгелдей сот арқылы бұзу­ды талап еткен. Бірақ үй-жайлар бұлай бұзуға жатпайды, себебі ЖШС-та құқық белгілейтін құжаттар бар.

Серіктестікке 600 мың теңгеден астам айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Өйткені біріншіден, автогаз үшін цистернаны реконструкциялау үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының (ҚМЖ) басталғаны туралы хабарламасыз және шаруашылық жүргізу құқығы­мен жобалық-сметалық құжаттама­сыз жа­нар-жағармай құю стансасы­ның тұр­ғын емес үй-жайларында ҚМЖ жүр­гізген. Екіншіден, бұзу­шы­лық­тарды жою туралы ұйғарымды уақытылы орындамаған.

Осы істі қарау кезінде төраға­лық етуші Н.Шәріпов бұл серік­тестік атал­ған жер телімінің иесі екенін атап өтті. 1999 жыл­дан бері жұмыс істеп тұрған жа­нар-жағармай құю бекеті өз шегінен шық­паған. Меншік иесінің құқығын ешкім жоймаған.