Қылмыс • 31 Наурыз, 2024

Баукеспеге – бұғалық

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мал сүмесімен күн көрген малсақ қа­уым қатал қыстың тезіне әзер шыдап, әупірімдеп шықты. Қыс ішінде жаң­быр жауып, онсыз да тар, жүдеу жа­йылымдағы өлі­қау­ға аузы жетпеген жылқы жарықтықта шығын көп. «Жы­­ғылғанға – жұдырық» дегендей, біреу­­­дің ақ адал малын оңай ол­жа кө­­ретіндер қатары сиремей тұр.

Баукеспеге – бұғалық

Ерейментау ауданының полиция қызметкерлері шаруаға 8,5 миллион теңге шығын келтірген ұрыларды ұстады. Олар 13 бас жылқы ұрлаған. Тебінде жүрген жылқыны «ГАЗель» автокөлігіне артып, іздерін суытып кетпек болған. Полиция қызметкерлерінің жедел із кесіп, ширақ қимыл­дағандарының арқасында ұрылар қолға түсті. 11 бас жылқы иелеріне қайтарылды. Аз ғана уақыт­тың ішінде баукеспелер семіз екі жылқыны сойып, сатып үлгерген. Қазір бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оңай олжаға құныққандар бір бұл емес. Бұл тараптағы заң қатайып, жаза ауырлағанымен, «дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, шаруаның ақадал малын иесі жоқ дүниедей көретіндер өкінішке қарай кездесіп қалады. Таяуда тағы бір ұрлық әшкере болды. Бұл жолы ұрылар екі жылқыны қолды қылған. Мал иесіне келген шығын 800 мың теңгенің көлемінде.

Бұл қылмысқа қатысы барлардың үстінен іс қозғалып, бұрын-соңды осы төңіректе тіркелген мал ұрлығына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Обал деген ұғымның дидары оңса, жан-жағын омыра оқсататындар бас көтермек. Әйтсе де, баукеспеге бұғалық салатын құқық қорғау органдарының қызметкерлері ел ақысын жібермеуге тырысады. Қорған болмақ. Ең үлкен қорған әркімнің ар-ұяты шығар, бәлкім.

 

Ақмола облысы