Аймақтар • 01 Сәуір, 2024

Қауіп сейілер емес

109 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл қар қалың түсті. Күннің күрт жылынуы себепті қызыл судың қаупі еселей артып отыр. Әзірге қырдағы қалың қардың мұрты бұзылған жоқ.

Қауіп сейілер емес

Алдымен облыс жолдары­ның жағдайы туралы айта кете­лік. Бұрнағы жылдары бірнеше аудандағы облыстық, жергілікті маңыздағы жолдар жабылып, елді мекендермен қатынас ты­йылып, халық қиын жағдайда қалған еді. Биыл облыстың полиция қызметкерлері де қызыл судың қаупін сейілтуге қол­ұшын беріп жатыр. Су орып кетуі мүмкін жол мүйістеріне бе­кет­тер мен патрульдік жа­сақ­тар қойылған. Мұндай қауіпті жер де аз емес. Жалпы саны жүзден асады. Облыс орта­лығының өзінде де жағдай тұрақты болмай тұр.

«Абай көшесіндегі көпір­де кептеліс пайда болды. Халық­тың қауіпсіздігін сақтау үшін оннан аса қызметкеріміз күні-түні кезекшілікте тұр. Олар жол бойындағы қауіпсіздікті сақ­таумен бірге, су басқан тұрғын үйлердегі халықты шығаруға да жәрдемдесіп жатыр», дейді Көкшетау қалалық полиция бас­қармасы бастығының бірінші орынбасары Жанат Шәріпов.

Қазіргі таңда облыстың тасжолдарында 300-ге жуық полиция кезекшілік атқарып жатыр. «Қазавтожол» мекемесі оқыс оқиға туралы мәлімет та­рат­қан жоқ. Ал жалпы елдегі ахуал алаңдатарлық. Бір ғана Астрахан ауданы бойынша 9 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр. Әкімдіктің мәліметіне қарағанда, қауіп жоғары елді мекендерден 37 мың текше метр қар шығарылған, қазір инертті материалдар жеткізіліп жатыр.

«Аудан әкімдігі биыл жер­гілікті бюджеттен төтенше жағ­дайдың алдын алу және оның зардаптарын жоюға 8 млн тең­ге қаражат бөлді. Қазір өзен бойындағы сеңді жару жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Астрахан ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұқанов.

Аудан аумағында гидро­техникалық бес құрылыстың бар екенін айта кетелік. Соның бірі – Қызылжұлдыз бөгеті. Бөгет апатты жағдайда. Жоба­лық-сметалық құжаты әзірле­ніп, сараптамаға ұсыныл­ған. Зеленое аулының маңын­дағы ұзындығы 600 метр­лік ауылішілік автожол арқы­лы тасқын судың бөгетсіз өтуін ұйым­дастыру үшін табиғи арық­тар тазаланып, түбі тереңдетіліп жатыр. Ягод­ное аулына кіре­бе­ріс­тегі автожолдың жиегі нығайтылып, су орып кеткен тұстары жабылды. Ауданда 140-қа жуық техника жұмыс істеп тұр. Оқыс оқиға бола қалса, адамдар паналайтын уақытша баспана мен төрт түлік малды қамап бағуға лайықталған орын дайындалған.

Атбасар ауданында жағдай тұрақты. Наурыздың 18-інен бас­тап жедел штаб жұмыс істейді. Қаладан 20 текше метр­ге жуық қар шығарылған.

«Кейінгі үш күн ішінде аудан тұрғындарынан 400-ге жуық хабар түсті. Әр хабарла­маға жете мән беріп, жедел көмек көр­сетіп жатырмыз. Зардап шек­кен­дер болса тиісті көмек көрсе­тілді. Таяуда Жамбыл облы­сы төтенше жағдайлар депар­таментінің көмегі де жет­пек. Әрине, шындығын айтқан­да жер үйлердің аулалары­нан қардың дер кезінде шығарыл­май қалғаны жөнінде орынды өкпе-наз туып жатыр», дейді Ат­басар ауданының әкімі Аман­бек Қалжанов.

Апаттың үлкені Көкшетау қаласында болды. Қаланы қақ жарып өтетін Қылшақты өзені көпір мен жолды шайып, тұрғын үйлерді басып қалды. Өзен тасыған алғашқы түнде 8 жеке тұрғын үй, 7 көпқабатты тұрғын үй, 28 жеке үйдің ауласы су астында қалды.

«Түнде өзен суы күрт көбей­ді, судың ағуына сеңнің көптігі бөгет болды. Көпір астынан су өткізетін қондырғылардың күші жетпей қалып, өзен арнасынан асып кетті», дейді Көкше­тау қалалық төтенше жағдай­лар басқармасының бастығы Максим Шатковский.

Күндіз қауіп сейілгендей болғанымен, қырдағы қардың күрт еруіне байланысты түнде өзен суы қайта көтерілді. Облыс­тық төтенше жағдайлар депар­таменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 150 метр аралыққа 280 тонна инертті материал төселіп, 110 метрге жуық арналар мен арықтар кеңейтіліп, біршама тереңдетілген. Шама­мен мың текше метрге жуық қызыл су сорылып, қауіпсіз жерге құйылған.

«Қарғын судың алдын алуға 59 адам, 4 техника, 9 мотопомпа жұмылдырылды. Еріктілер де қол ұшын беріп жатыр», дейді департаменттің баспасөз хатшысы Ерсайын Қойшыбаев.

Қылдай болып ағатын Қыл­шақ­ты өзені жыл сайын тасиды. Биыл мамандардың есептеуіне қарағанда су деңгейі 1,9 метрге көтерілген. 16 тұрғын үйді, 29 ауланы, 12 көпқабатты үйдің жертөлесін су басып қалды. Теміржол ауруханасы мен балалар бақшасының бірінші қабатына да су кірді. 111 адам арнайы дайындалған орындарға паналатылды. Апат аймағында 230 адам жұмыс істеп жатыр. 85 техника пайдаланылды.

Өзен суы көтерілгенше дайын­­дық жұмыстары жоғары деңгейде деген ақпарат жиі айтылушы еді. Қызыл судың екпіні жұмыс сапасының қаншалықты екенін анықтап берді.

 

Ақмола облысы