Пікір • 31 Наурыз, 2024

Өзіңді өзге сыйласа...

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері күн тәртібінен түспей келе жатқан толғақты тақы­рып­тың бірі – тіл мәселесі. Мемлекет құраушы елдің ана тілі, құнарлы да қасиетті қазақ тілінің есіктегі басын төрге шығару жөніндегі талқы, теке­тірес, мемлекеттік тілді өмір­дің барлық саласында батыл, еркін қолданып, аясын кеңейту жо­лындағы күрес әлі күнге то­лас­тар емес.

Тіл – халықтың жан дүниесі, рухани негізі, елдің еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі, төңірегіне бұқараны топтастырушы, біріктіруші фактор. Мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Қоғамда, қызметте қай саланы болса да, мемлекеттік тілді еркін меңгерген мамандар басқарғаны абзал. Себебі тіл білген адам­ның бойында ұлттық, халықтық, мем­ле­кет­шілдік сипат басым болады.

Мемлекеттік тілді дамыту, қоғамда орнық­тыру, алдыңғы қатарға шығару бары­сын­дағы күлбілтелі тақырыптың бірі – елі­міз­ді мекен еткен басқа ұлт өкілдерінің мем­лекеттік тілге деген ықыласы, оны үй­ре­нуге деген ниеті. Қазақ тілін шебер мең­гер­ген басқа этнос өкілдеріне деген ілти­пат, құрметіміз ерекше екені бесенеден бел­гілі. Қабілет-қарымына сай қызмет жолына кең өріс ашылып, абырой-атаққа да кенеліп жатады.

Қазақ халқы қай кезде де, қай ұлтты да, кім-кімді де сыртқа теппеген. Қайта жатсынбай, түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүріне қарамай жақын тартып, төріне шы­ғарып, барын бөліп беріп, кеңпейілділік, дар­қандық танытқан. Сондай ізгілік пен кісілік, адамшылық пен бауырмалдық иесі – қазақ халқына, оның бай тіліне қанша құрмет көрсетіп, сыйласа да артықтық, көптік етпейді.

Тілге қатысты қоғамда қалыптасып қалған қасаң бір қағида: «мемлекеттік тілді оқып үйренуге соншалықты қажеттілік жоқ» дегенге келіп саяды. Осыған орай біздің бір қарсы уәжіміз бар. Тілді қажеттіліксіз-ақ, елге, ұлтқа деген құрметпен де оқып үйренуге болады, оған бір ғана неміс ұлтын мысал етсек те жеткілікті деп білеміз. Мәселен, жер-жерлердегі сияқты, кеңес заманында біздің аудан орталығында да негізінен неміс халқының өкілдері тұратын «Берлин» көшесі болды. Әлбетте, көше бойы қашанда тап-тұйнақтай таза, жинақы, үй-жайлардың барлығы орнықты, ұғынықты. Ең бастысы – осы тұрғындардың барлығы демей-ақ қояйын, басым көпшілігі қазақ тілінде таза сөйлеп кетті. Ешқандай қажеттіліксіз! Ол кезең керісінше, басқа ұлт өкілдері тұрмақ, біздің өзіміз «орыс тілін білмесең, аштан өлесің, көштен қаласың» деп, балаларымызды жаппай орыс мектептеріне беріп, орысша «тіл сындырып» жатқан кез болатын. Міне, сондай солақай саясат тұсында да немістер жергілікті ұлттың тілін ғана үйреніп қана қоймай, салт-санасы, әдет-ғұрпына да зор пейіл, құрмет таныта білді. Бүгінде тарихи отандарына көшіп кеткендеріне қарамастан, көпшілігі кезіндегі құдайы көршілерін ұмытпай, хабарласып, жөн-жосық сұрасып тұрады. Алда-жалда ағайынның ол жаққа жолы түсетінін ести қалса, сәлем-сауқат жіберетін ниетін білсе, «басқа ештеңелерің керек емес, қазы-қарта, жал-жая, қымызды молынан қамтыңдар» деп тілек етеді. Оны айтасыз, белгілі бір азамат әлі күнге дейін аудан орталығында тоғызқұмалақ бойынша өтетін дәстүрлі ашық біріншілікке сол жақта жүріп-ақ демеушілік жасап келеді. Өскен елге, жерге деген құрмет осындай-ақ болса керек.

Қайсыбір жылы қисыны келіп, шетелге шыға қалдық. Анталия (Түркия) қаласында өткен Түркі тілдес елдердің Халықаралық нау­рыз форумына қатыстық. Жат жерде жүргенде қаракөз қандастарың тұрмақ, көпке ортақ орыс тілінде сөйлейтін кез келген адам бауырың болып кетеді ғой. Сапырылысқан туристер ішінен Еуропа төрінен, Германия елінен келген бір әйел біздің түр-түсімізге қарап, Қазақстаннан екенімізді шырамытып, жөн сұрасты. Міне, қызық! Қазақ тілінде сайрап тұрған сары келіншек туған ауданымда туып-өскен болып шықты. Кейін 90-жылдары ата-анасымен бірге тарихи отанына қоныс аударған. «Алғашқы махаббатым қазақ еді» деп, қай-қайдағыны еске алып, кетер-кеткенімізше әр нені бір сұрап, үйірілумен болды...

Белгілі бір қайраткер тұлғаның: «Баршаға таяныш болған қазаққа да сүйеніш керек» деп айтқанындай, бүгінде оның тіліне де жан-жақты қолдау, сүйеніш те, қорғаныш та керек. Сол тұрғыда елімізде бірлік пен татулық аясында бақуат өмір сүріп жатқан өзге этнос өкілдері тарапынан да мемлекеттік тілге деген ынта-ықылас, адал ниет, қалыпты құрмет, жоғары жауапкершілік болғанын қалар едік..