Қоғам • 31 Наурыз, 2024

Қайырымдылық қағидалары: Гуманитарлық көмек

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміз халықаралық қауым­дас­тық­тың толыққанды мүшесі бол­ған­дық­тан, басына қиын іс түскен мемлекеттерге қолдан келген көмегін аяп көрген емес. Оған кейінгі жылдың ішінде ғана жан-жаққа жөнелтілген гума­нитарлық жүктер дәлел. Гума­ни­тарлық көмектің басым бөлігі Ор­талық Азиядағы іргелес елдерге көрсетіліп отыр.

Қайырымдылық қағидалары: Гуманитарлық көмек

Фото: freepik.com

Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Қазақстан халықаралық даму агенттігі» (KazAID) коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұсынған дерек бойынша, 2021 жылы Қазақстан 13,9 млн доллардың гуманитарлық көмегін көрсеткен. Көмекті қабылдаушы елдер – Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан. Ал 2022 жылы 23,4 млн доллардың гуманитарлық көмегін Пәкістан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне жолдаған. 2023 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін 62,7 млн доллардың гуманитарлық көмегі Пәкістан, Түркия, Сирия, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне жөнелтілген.

2023 жылғы 6 ақпан күні Түркияда эпицентрі Кахраманмараш провинциясының Пазарджик ауданында 7 балдан асатын екі рет жер сілкінді. Одан кейінгі жүздеген дүмпулер елдің 11 провинциясында және Сирия секілді көрші мемлекеттерде де сезілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміз Үкіметі жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек жасады, Түркия Республикасына көмек ретінде 1 млн доллар бөлді. Ел тұрғындары Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 3,6 млн доллардан астам қаражат жинап берді. Мұнымен қоса, еліміз апат аймағындағы тұрғындарды іздестіру және жедел-құтқару жұмыстары үшін еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Түркияға аттанды.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, өткен жылы еліміз ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету бойынша алған ұлттық міндеттемелерін толық жүзеге асырды. 2023 жылы сәуірде Қазақстан Ауғанстанға дәрі-дәрмек пен азық-түліктен құралған гуманитарлық жүк жеткізді. Сонымен қатар қазан айында Ауғанстанның батысындағы зілзаладан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмектің алғашқы легін жеткізген арнайы ұшақ Герат әуежайына қонды. Сол кезде Қазақстаннан Ауғанстанға тағы 27 вагон гуманитарлық жүк жөнелтілді.

Ал 2023 жылдың қараша айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміз Палестина халқына гуманитарлық көмек жіберді. Желтоқсан айында Қазақстан Палестинаға бөлген гуманитарлық көмек – мемлекеттің материалдық қорынан азық-түлік, көрпе-жастық, сондай-ақ «СК-Фармация» ЖШС-дан дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар тиелген ұшақ Мысырға барып қонды.

Бұдан бөлек, былтыр Қазақстан Тәжікстанға 5 мың тонна мазутты гуманитарлық көмек ретінде берді. Ал биыл наурыз айында Қазақстанның Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі директорының орынбасары Сохибжон Зиёдуллоевке 15 мың тонна мазут сертификатын салтанатты түрде табыс етті.

Жақында Қырғыз Республикасына Қазақстанның гуманитарлық жүгі тапсырылды. Гуманитарлық көмек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілді.