Сенат • 01 Сәуір, 2024

Сенаторлар өңірлерде су тасқынымен күресте өз үлестерін қосып жатыр - Мәулен Әшімбаев

134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысын өткізіп, су тасқыны салдарынан өңірлерде қалыптасқан жағдайға байланысты сенаторлардың алдында тұрған негізгі міндеттерді белгілеп берді. Сондай-ақ іс-шара барысында депутаттар 3 сәуір күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп жазады Egemen.kz.

Сенаторлар өңірлерде су тасқынымен күресте өз үлестерін қосып жатыр - Мәулен Әшімбаев

Фото: А.Байжұманов

Мәулен Әшімбаев жағдайдың күрделі екеніне назар аударып, әріптестерін проблеманы шешуге ықпал ету және алдағы уақытта мұндай оқиғаның қайталануына жол бермеу үшін күш жұмылдыруға шақырды. Сондай-ақ ол бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін еске салды.

«Еліміздің бірқатар өңірінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қарғын су елді мекендерді басып, жолдар мен көпірлерді шайып кетіп жатыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайға қарсы тұру және оның зардаптарын жою жөнінде нақты тапсырмалар берді. Президентіміз басты міндет адам шығынына жол бермеу екенін баса айтты. Мұндай қиын жағдайда мемлекет азаматтарды жалғыз қалдырмай, қолдау көрсететіні анық. Барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіледі», деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Палата Спикері өңірдегі тұрғындарға қолдау көрсету үшін Сенат пен мәслихаттардың үйлесімді жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.

«Қазірдің өзінде бірқатар сенаторлар өңірлерге барып, жергілікті жерлерде атқарушы органдарға қолғабыс көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта біз осы бағыттағы кешенді жұмысты күшейтіп, мәслихат депутаттарымен бірге жергілікті жерлердегі проблемаларды шешудің тиімді жолдарын іздеуіміз керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысының бекітілген күн тәртібіне сәйкес сенаторлар алдағы сәрсенбіде «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Бұл құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер азаматтарының ғылыми дәрежелерін еңбек көші-қоны шеңберінде бес елдің аумағында тануды көздейді.

Осылайша, ЕАЭО елдерінің аумағында жұмысқа орналасқан жағдайда философия докторы (PhD), бейінді доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы сияқты ғылыми дәрежелер растаусыз танылады.

Одан бөлек, Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралады.

Заң Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары мен ұсынылған тәжірибесіне сәйкес апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздеу және құтқару үшін мемлекеттер арасында ынтымақтастық орнатуды мақсат тұтады.

Сондай-ақ Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.