Төтенше жағдай • 02 Сәуір, 2024

Әлі де қауіп сейілмеген аймақтар бар

220 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл қалың қар топырақтың тоңы жібіп үлгермеген кезде еріп, әбігер­ге салды. Жағдайдың тоқсан тоғыз себебі мен салдары бары рас. Дей тұр­ған­мен күн райының күрт жылынуы «құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келді дегендей болып отыр.

Әлі де қауіп сейілмеген аймақтар бар

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жуырда елімізге келген «жасыл энергети­ка» және климат мәселелері бойынша әлемдік сарапшы, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг БАҚ өкілдеріне берген сұхбатын­да қазақ жерінде климаттық өзгерістерге сай жылыну емес, қайнау болатынын айтып ескерткен еді. Оған құлақ асып, жағдайды алдын ала зерттеген мекеме көрінбеді. Өйткені бүгінде еліміздің он шақты облысын су алып кетті. Геологиялық даму тарихында Қазақстан жерін әлденеше рет су басып, кейіннен теңіз табаны құрлыққа айналғаны жөнінде деректер айтылады. Қазіргі жағдайға қарасақ, жерімізге қайтадан теңіз орнағандай әсер қалдырады.

Бүгінде қаншама адам шатырға шығып құтқарушыларды күтіп отырғаны мәлім. Астынан су шығып, малы тұншығып жатқан көңілі сынық елді одан бетер жабырқату ойымызда жоқ. Әйткенмен, 18 ауданы бар Қостанай облысының 14 ауданына су қаупі төніп тұрғаны белгілі болды. Еріген судың екпінімен автожолдар мен электр беру желілері қирап жатыр. Жауырды жаба тоқып қайтеміз, жергілікті әкімдіктер мен бұған жауапты мекемелердің су тасқынына дайындығы қар суымен бірге қалқып су бетіне шықты.

ва

Әрине, қазіргідей күрделі кезеңде біреуді кінәлап отыратын кез емес. Ел болып жағдайды еңсеретін, еңсесі түскен елге дем беретін кез. Күйіп тұрған мәселелердің мәнісін білмекке Төтенше жағдайлар министрлігіне ха­барласып көрген едік. Олардың 1 сәуір­дегі су тасқыны жағдайы туралы бер­ген ақпаратына сәйкес, су басып қал­ған аймақтарда авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 4,6 млн-нан аса текше метр (тәулігіне 40 мыңнан аса текше метр) еріген қар суы сорғызылды, 370 мыңнан аса қапшық (тәулігіне 55 мыңнан аса) және 728 мың тонна инертті материал (тәулігіне 3 мың) төселді. Жұмылдырылған күштердің көмегімен 13 659 адам, оның ішінде 5 250 бала эвакуацияланды», дейді ТЖМ баспасөз қызметі.

Мәліметке сәйкес, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Қостанай облыстарында уақытша орналастыру пункттерінде 6 034 адам, оның ішінде 2 386 бала бар. Бұл ретте мемлекеттік авиацияның тартылған әуе кемелері­мен 1 655 адам, оның ішінде 425 бала құтқарылған. «Жедел желі» телефондарына 604 қоңырау келіп түскен. 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ жағдайы күрделі Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Абай, Батыс Қазақстан облыс­тарында су тасқынына қарсы еліміздің басқа өңірлерінен ТЖМ күштері мен құралдары тартылды.

«309 жеке тұрғын үй мен 759 аула аумағынан су шығарылды. Бұл ретте 1 257 жеке тұрғын үй мен 400 аула аумағы су астында қалып отыр. Су шайған 55 автожол, оның ішінде 1 көпір және 54 жол төсемі бақылауда. Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Ұлытау, Абай Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 49 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды. Өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына бақылау жүргізіліп жатыр», дейді ТЖМ ресми өкілі Динара Ғалымжан.

Оның айтуынша, авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, ҚМ, жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан 8 458 адам, 2 124 техника, 808 су айдау құралы және 65 жүзу құралы, 12 әуе кемесі жұмылдырылған.

Ал Су ресурстары қауымдастығының төрағасы Нұрлан Бақытжанұлы күн райы бұзылмаса, жағдайдың тұрақталатынын айтады.

«Елімізде бұрын 1969 жылы осындай орасан су тасқыны болған. Бірақ ол кезде ТЖМ мен Су министрлігінің өзіне қарасты техника құралдары мол болды. Екіншіден, қазіргідей жолдар суағарларды жауып қалмайтын еді. Үшіншіден, қазір су басып қалған үйлердің үстінен дронмен түсірген бейнелерді қарап отырсақ, көбі – жаңа үйлер. Қызыл, жасыл, көк шатырлар. Яғни жергілікті әкімдіктер су ағатын сайға үй салуға жер берген. Қазақ ежелден үйді дөңес жерге салған. Жарайды, бұл мәселе әлі талқылана жатар. Қазіргі жағдайда қандай шара қолданамыз дегенді бағамдаған жөн. Бірақ мұның бәрі айналып келгенде күн райына байланысты болып отыр», дейді ол.

Маманның айтуынша, әлі де су тасқыны қаупі болуы мүмкін деген аймақтар бар көрінеді.

«Қазір су тасқыны оңтүстік пен батыстан солтүстікке қарай жылжып келеді. Енді мұндай су тасқыны СҚО, Ақмола және Павлодар облысының біраз жерінде болуы ықтимал. Арқаға жылжып келе жатқан қызыл судың біразы Жабай өзеніне құяды (Атбасар ауданы). Өзеннің атауының өзі айтып тұрғандай көптеген жабайы сулар құятын тентек өзен – бұл. Бұған дейін де бірнеше рет арнасынан шығып кеткенін білесіздер. Ал ШҚО таулы аймақ болған соң ол жаққа бұл су жетпейді. Және ол жақтағы су қаупі енді сәуірден басталуы мүмкін. Бірақ қазіргі жағдайды көріп отырған ел ерте қамданса, жағдайды реттеп қалуға болады», дейді Н.Бақытжанұлы.

Оның айтуынша, қазір жер бір-екі метрге дейін қатып жатқандықтан қар суы топыраққа тез сіңіп кетуі қиын. Егер күн райы қалыпты тұрса, бір-ақ аптаның ішінде су сорғып, жер дегдіп кететінін айтады.