Пікір • 02 Сәуір, 2024

Адалдық – азаттығымыздың қуаты

132 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сарайшықта өткен үшінші Ұлттық құрыл­тай­дың жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адалдық кеңістігінің басты қуаты – «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұтастығында пайымды ой қозғап, озық әрі табысты елге айналудың бас­ты кілті деуге болады деген кесек пікір біл­дір­­ді.

Адалдық – азаттығымыздың қуаты

Фото: assembly.kz

Адам – қоғамның басты тұлғасы. Ал адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі, адам бағасының бір өлшемі де іспетті. Адалдық деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Қазақ пайымында адам бойында адалдық – пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Қазақ елінің адамгершілік, адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз тазалығы мен мәрттігі туралы шетелдік саяхатшылардың қолжазбалары мен күнделіктері, зерттеулерінен де кездестіруге болады. Адалдық әрекеті Адал еңбек пен Адал табыс тұтастығында танылады. Осы кеңістік – Отан абыройы мен тұлға тазалығын сақтайды.

Адал ұрпақ тәрбиелеу – қай уақытта болса да өз маңыздылығын жоғалтпаған мәселе. Халқының мүддесін жеке мүддесінен жоғары қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың басты борышымыз. Болашақ ұрпағымызға тек тәрбие мен білім берумен шектеліп қалмай, еңбекқорлыққа да үйретуіміз керек.

Еңбекқор ел адал қызмет ету және сыбайлас іс-әрекеттерден аулақ болудан басталады. Өскелең ұрпақ сыбайлас жемқорлықтан аулақ болу үшін мектеп қабырғасынан бастап тәрбиені осы бағытта беру маңызды. Президент Қ.Тоқаев: «Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алған жөн», деп атап өтті. Сонымен қатар жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтып, бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күресуге шақырды. Жалпы қоғамның ар тазалығы – Отан тазалығы, өмір сүру келбеті деген сөз.

ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық идеясы заман талабына сай сапалық тұрғыдан жедел жетілді. Әрі уақыт ағымына орай, саяси тұрғыдан ширығып, Алаш идеясы дүниеге келді. Оны жетілдіруші әрі қозғаушысы Алаш партиясын құрған ұлт қайраткерлері тарихи мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау жолында жан аянбай еңбек етті. Бүгін сол жаңғырып, келешектің адалдық алаңында өмір сүруіміз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай мінберінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте түсу – мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін айтты. Яғни тәуелсіздігіміздің басты көрсеткіші мен қуаты – мемлекеттік тілдің толық қолданыста болуы. Қоғам қазақ тілінде сөйлеп, қызмет жасаса, отаншылдық мүддеміз де мықты болары сөзсіз. Кейінгі жылдары еліміздің ағартушылық саласында оң өзгерістер жоқ емес. Кезінде экономиканың қаржы, бизнес, инновация, менеджмент салалары бойынша шет тілінен біраз оқулық аударылып, жоғары оқу орындары, кітапханаларға таратылды. Қазір студенттер осы кітаптар, оқулықтардан білім алып жүр. Білім алу мен білімдендіру, ғылыммен шынайы айналысу – бұл да адалдықтың басты көрсеткіші. Алған біліммен ғана шектеліп қалмай өздігінен кітап оқу арқылы білімдену үрдісі кең қанат жаю керек.

Мәселен, С.Торайғыров университетінің кітапхана­сын­дағы кітап қоры – 520 653. Жыл сайын университет ғалымдарының ғылыми еңбектері, монографиялары, оқулықтары қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көреді. Кейінгі жылдары ақпараттық цифрлы технологиялар саласындағы оқулықтарды молынан шығаруға ден қойып отырмыз. Өйткені білім алушылардың кітапқа, оқулыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету – жоғары оқу орындарының басты міндеті. Президент атап өткендей, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Бұл – дәл қазір іске асыратын шартты ісіміздің бірегейі. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Себебі кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Ұлттың өткені мен бүгіні, келешегі тарихты дұрыс тану мен болжауда жатыр. Тарих шын болу үшін оған да адал қызмет етуіміз керек. Білімді маман ғана қоғамда адал қызмет жасайды. Ал кемел білім кітапқұмарлық қасиетпен келеді.

Президент ұлт сапасын жақсартамыз десек, жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажеттігін алға тартты. Мемлекет басшысының адалдық өлшемі ретіндегі басты нысанасы әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет деген ойы көңілімізге жылулық ұялатты. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны баға­лай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеу арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз. Жаңа құндылықтар бастауына ең алдымен адал азаматтарды қойып, адал еңбек етіп, адал табыс табуға міндеттіміз. Өйткені қай заманда болсын, адам еңбегімен көрікті, адалдығымен ардақты.

 

Айман ЗЕЙНУЛИНА,

С.Торайғыров университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор