Экономика • 02 Сәуір, 2024

Қазақстандықтарға 208 мыңнан 519 мың теңгеге дейін ақша беріле ме?

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықаралық еңбек ұйымының шартына сәйкес елімізде зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін адамдарға жаңа төлем берілетінін хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстандықтарға 208 мыңнан 519 мың теңгеге дейін ақша беріле ме?

Фото: abaidan.kz

Аталған санатқа жататын жұмысшылар ай сайын 208 мыңнан 519 мың теңгеге дейін төлем алуға құқылы. 

Атаулы әлеуметтік төлем (АӘТ) экономиканың 19 саласында, соның ішінде, тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін азаматтарға беріледі. 

Төлемнің бұл түрі Президенттің тапсырмасы аясында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді.

Бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры аталған әлеуметтік төлемді 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмысшы алатынын мәлімдеді. Қордың есебінше, көрсеткіштер 2030 жылы – 58 мыңнан, 2035 жылы – 95 мыңнан асуы ықтимал.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі АӘТ қандай шарттарға сәйкес берілетінін түсіндірді.

«Ол зиянды жұмыстарда істейтін немесе істеген адамдарға екі критерий бойынша төленеді. Біріншіден, 55 жасқа толуы керек. Екіншіден, жұмыс берушісі оған жалпы жиынтығында кемінде 84 ай, яғни 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) аударуға тиіс. Алайда мұндай жағдайда қауіпті жұмыстарда істеген, бірақ жиынтығында 84 ай МКЗЖ аудару фактісі жоқ жұмыскерлердің үлкен тобы аталған төлемнен қағылып отыр. Олардың зиянды жұмыстардағы жалпы өтілі кемінде 12,6 жылды құрайды. Жұмыс өтілі олардың еңбек кітапшасымен расталады», деді Еңбекті қорғау басқармасының басшысы Шалқар Оразбеков.

Қоғамда денсаулыққа зиян келтіретін қызметте жүргендерге  бөле-жара АӘТ беру бойынша наразылық білдіру байқалады. Еңбек министрлігі зиянды, қауіпті еңбек жағдайларында 12,6 және одан көп жыл өтілі болған және АӘТ алуға құқылы азаматтардың жаңа тобының саны 2024 жылы 15 119 адамды құрайтынын жеткізді. Оларды аталған төлеммен қамту үшін бюджеттен 7 млрд 875,2 млн теңге шығыс талап етіледі. Бұл ретте мемлекет тарапынан әр азаматқа берілетін төлем 2 ең төменгі күнкөріс деңгейін (ЕТКД) немесе 86 814 теңгені құрауы мүмкін.

АӘТ ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты көбейіп отырады.