Сараптама • 02 Сәуір, 2024

Ажырасудың «астарлы ақиқаты»

614 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алдыңғы аптада әлеуметтік желі­лер­де ажырасудан еліміздің әлемде «көшбасшы» екені туралы ақпарат кеңінен тарап кетті. Кейін белгілі болғандай, бұл жалған ақпарат болып шықты. Алайда ішінара шындығы да жоқ емес еді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы 128 359 неке қиылып, 44 517 ажырасу фактісі тіркелген. Қалада 33 229 жұп ажырасса, ауылда 11 228 жұп бөлек кеткен.

Сарапшылардың айтуынша, ажы­расу­дың басты себептері – ата-ана­лар­дың ерлі-зайып­тылар ісіне араласуы, мораль­дық шектеулердің жоқтығы және ажы­ра­су үдерісінің тым жеңіл­дігі. Жауапты орындардың дерегінше, ішімдік пен на­ша­қорлыққа салыну, құмар ойынға үйір­сек­теу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, зинақор­лық және мінез үйлесімсіздігі. Ипоте­калық сарапшы ретінде бұл тізімге «үй кезегіне тұру үшін болатын ажырасуды да» қосар едім.

«Ажырасқаннан» кейін құжат бойынша әйел толық емес отбасы саналып, әлеуметтік осал топ санатына жатқызылады. Тиісінше, бұл санат негізінде мемлекеттік үй кезегіне тұрып мемлекеттік бағдарлама арқылы ипотекаға бас­пана сатып алу мүмкіндігі туындайды. Бұл жолмен үй алу еш заңсыз әрекетке жатпайды. Қалай болғанда да тұрғын үй мемлекет тарапынан тегін беріліп жатқан жоқ, халықта тек арзан ипотека рәсімдеу мүмкіндігі бар.

2012 жылдан бастап халықта тұрғын үйге қол жеткізетін тәп-тәуір мүмкін­дік болды. Сол кезде бұқара халық, оның ішін­де әлеуметтік осал топтар мен жас от­басы­­лар үшін жергілікті атқарушы органдар мен мемлекет қатысатын компаниялар арен­да­­лық тұрғын үй, сондай-ақ тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің кредиттік тұрғын үй құрылысы енгізілген болатын. Ол бойынша азаматтар қазіргі «Отбасы банкте» ақша жинап, бағалау көрсеткішін арттырып, тиімді пайыздық мөлшерлемемен ипотека рәсімдей алатын. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мем­ле­кетпен, әкімдікпен келісіп арзан үйлер салды. Мысалы, Алматы қаласындағы әл-Фа­раби даңғылы мен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы «Әйгерім» тұрғын үй кешені­нің шаршы метрі 90 мың теңгеден сатылды. Кейін осындай арзан үйлері бар «Мамыр», «Жас Қанат» шағын аудандарын салды. Ол кезде нарықтағы баспана бағасы 200 мың теңге (шаршы метріне) көлемінде саудаланып жатты. Сондай үйді алу үшін адамдар депозит ашып, ақша жинайтын және конкурс ойнататын.

Кейін 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы пайда болды да, тиімді шартпен үй сатып алу мүмкіндігі жойылды. Яғни «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына бұрын кезекте тұрған, белгілі бір санатқа жататын адамдар ғана қатысты. Ал санатқа кірмейтін, кезекте тұрмаған азаматтар үшін 3 жыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозит жинап, төменгі банк үстемеақысымен және арзан бағамен үй алу мүмкін болмай қалды. Енді олар тұрғын үй кезегіне тұруға талпынды. Алайда оның да әуре-сарсаңы, кезектің жақын арада келе қоймайтыны белгілі еді. Банк салымшыларына бұл жаңалық оңай тимеді, себебі олар ешқандай санатқа жатпағандықтан, бағдарламаға қатыса алмайтын.

Осы орайда заңгер ретінде тығырықтан шығудың жолын іздедік. Ал сонда бағдарла­маға кімдер қатыса алады? Әдетте халықтың әлеу­меттік осал тобына Екінші дүниежүзілік соғыс арда­герлері, сол кісілерге теңесті­рілген ардагерлер, басқа мемлекеттер аумағын­дағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын адамдар, жасына байланысты зейнеткерлер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қандастар, төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйінен айрылған адамдар жатады. Сондай-ақ көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар да осы санатқа кіреді. Міне, осы кісілер «Нұрлы жермен» үй алу мүмкіндігіне ие. Ал табысын ресми түрде растай алатын жастар бұл санатқа жатпайтын болғандықтан олардың алдында екі таңдау тұрады, бірі – көпбалалы отбасы атану, екіншісі – толық емес отбасы атану. Әрине, көпбалалы отбасы атану бірден жүзеге аса қоятын іс емес, ал толық емес отбасы бола салудың түк қиындығы жоқ – ерлі-зайыптылар ресми түрде ажырасуды іске асыра қояды.

Сол кезде біраз адам осы жолды таңдап, кезекке тұрып жатты, тіпті көбі үй де алды. Бірақ кейін мұндай амалға тосқауыл қойылды. Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін ажырасқаннан кейін 3 жыл өту керек деген шектеу енгізілді. Азаматтардың мұндай қадамға баруын тұрғын үйдің қолжетімсіздігінен туындаған қажеттілік деп санаймын. Сонда жария ақпаратта тарап жатқан ажырасу статистикасы тек мінез-құлықтың үйлеспеуінің, не тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары емес, жастардың баспана алу жолындағы ынта-әрекетімен де байланысты болып тұр.