Аймақтар • 03 Сәуір, 2024

Шелек жұртын шаттыққа бөлеген кешен

92 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында Еңбекшіқазақ ауданы Шелек аулында 180 орындық заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пай­далануға беріліп, тұрғындар қуаны­шын еселеді. Бұл күнді шелектік тұр­ғындардың асыға күткені анық.

Шелек жұртын шаттыққа бөлеген кешен

Алыстан менмұн­да­лайтын жаңа кешен грек-рим күресінен әлем чемпионы, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімімен аталады. Екі жыл бұрын құрылысы басталған нысанға 2 534,8 млрд теңге жұмсалған.

Еңселі етіп салынған ғима­раттың ойын, жаттығу залдарында бокс, еркін күрес, қазақша күрес, грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, футбол, футзал, гандбол секілді спорт түр­лерінен үйір­мелер жұмыс істейді. Ны­санның жалпы аумағы – 5 477,4 шаршы метр. Мұнда Ше­лек аулының тұрғындары ғана емес, көршілес ауылдардан спортқа қызығушылық танытқан балалардың да жаттығуына мүм­кіндік бар. Күніне жүздеген жасөспірім мен жастар жоғарыда атал­ған үйірмелерге қатысып, шеберліктерін шыңдайды.

Айтулы мерекеде кешен облыс тарихындағы аса ма­ңызды оқиға екені аталды. Бұл қадам ауылдың әлеуметтік ин­фрақұрылымын дамытуға, тұрғындардың жағдайын жақ­сартуға зор мүмкіндік береді.

– Сіздерді бірнеше залы мен футбол алаңы бар заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл ғимарат тек осы Шелек аулында ғана емес, ауданда спорттың дамуына жаңа серпін береді. Себебі оның негізінде Еңбекшіқазақ ауданының №3 балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебі құрылып отыр. Мұндай қадам ауданның ішінде спорттық бәсе­кені арттырумен қатар, шын мықтылардың іріктелуіне мүм­кіндік туғызады деп ойлаймын, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар өңір басшы­сы кешенге Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үш­кем­піровтің есімінің берілуі ерекше жа­уап­кершілік жүктейтінін атап өтті.

– Жаңа спорт ғимаратын қол­данысқа беру арқылы жас буынның, әсіресе ауыл жаста­рының спортпен шұғылдануына тиісті жағдай жасалып жатыр. Бұл бағытта басты көңіл ауыл­дық жерлерге бөлінеді, – деді М.Сұлтанғазиев.

Осы орайда өңірде бой көтеріп, пайдалануға берілген 1 800-ден аса спорттық ғимараттың жар­тысынан көбі ауылдарға тиесілі екенін атап өткен жөн. Елі­міздің даңқын ас­пан­датар жас жеткіншектерге есігін айқара ашқан спорт кешенінде әлі талай республикалық, облыстық байрақты бәсекелердің жалауы желбірейді.

Сондай-ақ осы күні өңір басшысы аудан­ның «Тұлпар» ЖШС-ның жүргі­зушілеріне 10 жаңа автобустың кілтін салта­натты түр­де табыстады. Ендігі кезекте Ше­лек ау­лы мен ма­ңайдағы елді мекен­дерге су жаңа қоғамдық көліктер қа­тынайды. Авто­бус­тарда жолау­шылармен бірге, мүм­кіндігі шектеулі азаматтарға да қолайлы жағдай қарастырылған. Әкімнің айтуынша, бұл қо­ғамдық көліктердегі жолаушылар мен тасымалдаушылардың мәдениеттін қалыптастыруға ықпал етпек. Салоны кең әрі жайлы автобус­тар бір мезетте 30 адамды тасымалдай алады. Жаңа автобустар жылдамдық шектеу, қозғалыс интервалын ба­қылауға арналған GPS жүйесімен жабдықталады.

 

Алматы облысы