Университеттің гранттық қаржыландыру аясында барлығы 12 жоба жүзеге асырылып жатса, оның ішінде «Жас ғалым» конкурсының 5 үміткері бар. Оқу орнында ғылым саласына нақты қолдау бар екені ғылыми жобаларға өтініш беруге арналған қаржы көлемінің ұлғаюынан байқалады. Айталық, 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті тарапынан мақұлданған жобалардың қаржы көлемі 17 миллион 407 мың теңге болса, былтыр бұл көрсеткіш күрт өсіп, 400 миллион теңгеден асқан. Биыл ғылыми зерттеу гранттық конкурстарына қаржы көлемі 3 миллирадтан асатын 36 жоба ұсынылды. «Жоғары оқу орындарында халықаралық қатынасты арттырудың мақсаты – әлемдік бәсекеге қабілетті маман даярлау. Біздің университет тек қана педагог мамандарды даярлайды, яғни ғылыми зерттеу тақырыбында ерекшелік бар. Мәселен, соңғы кезде елімізде инклюзивті білім беруге көп көңіл бөлініп отыр. Бұл өркениетті елдерде дамыған сала. Біздің болашақ мамандар шетелде тағылымдамадан өтіп, сол тәжірибені өзімізге әкеле алады. Бұл бағытта АҚШ-тың Калифорния, Германияның Мюнхен, Түркияның Гази университеті сияқты бірнеше оқу орындарымен байланыс орнаған. Соның ішінде бауырлас түркі елінің білім беру және педагогика саласы бойынша әлемдегі жетекші университеттердің қатарындағы 27-орыннан табылатын Гази университетімен стратегиялық серіктестік орнатып, филиалын ашу жоспарымызда бар», дейді университеттің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Ержан Керімбеков.
Гази университетінің филиалын ашу бойынша тиісті құжаттар мен келісімшарттар былтыр аталған шетелдік оқу орны тарапынан рәсімделіп, Түркия Жоғары білім кеңесіне ұсынылған. Филиалды ашу Түркия Республикасының заңнамасына сәйкес Президент Жарлығымен рәсімделеді. «Филиал аясында іске асырылатын екі қосдипломды әрі ортақ білім беру бағдарламалары физика және ағылшын тілі педагогін даярлау бойынша біздің оқу орны тарапынан ҚР БББ реестріне тіркелген. Айта кетерлігі, бұған дейін тәжірибеде болғанындай, қазақ-түрік ынтымақтастығы нәтижесіндегі жоғары оқу орнында еліміздің білім беру бағдарламасы оқытылған болса, бізде халықаралық талапқа сай Түркия білім беру бағдарламасының озық тәжірибесі мен әдістемесі үйретіледі. Гази университеті филиалын ашудағы ерекшелік те осы болып тұр», дейді Ержан Керімбеков. Филиал ашуда таңдаудың түркиялық оқу орнына түсуінің өзіндік себептері де бар. Проректордың мәлімдеуінше, біріншіден, Гази университеті білім беру бағдарламасы халықаралық талаптарға сай, дүниежүзіндегі оқу орындары арасында 27 орында тұрған университет. Екіншіден, педагог маман даярлау тек білім берумен емес, тәрбие арқылы да жүзеге асатынын ескерсек, түрік елі болмысы мен дәстүр-салты қазаққа жақын, бауырлас ел. Қазіргі таңда оқытушылар мен студенттерге алдын ала дайындық барысы бойынша университетте түрік тілін оқыту орталығы жұмыс істейді. Тіл үйрену тегін. Бұл орайда Түркия Білім министрлігінің қызметкері Омер Өздемир арнайы келіп сабақ беріп жүр. Курс Түркияның Алматы қаласындағы Бас консулдығының тікелей қолдауымен жүргізіледі.
Оқу орнында студенттердің шетелдік оқу орындарында болып, сапалы білім алуына да барлық мүмкіндік жасалып келеді. Бір ғана мысал, жуырда университеттің «Coworking» орталығында Польшаның Лодзь университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында бір семестр білім алып келген студенттермен кездесу өтті. Білім алушылар ақпарат алмасу мақсатында университеттің 1-2 курс студенттеріне бейнеролик пен презентация жасап, өздерінің әсерлерімен бөлісті. Олар бос уақыттарында немесе мерекелерде Еуропаның көптеген жақын орналасқан елдеріне баруға мүмкіндік болғанын, интеллектуалды жандармен кездескендерін, тарихы терең мәдени мұражайларға барғандарын, мәдени-мерекелік кештерді ұйымдастырып, өз еліміздің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін де таныстырғанын жеткізді. «Лодзь университетінде білімге деген құштарлықты оятатын, ғылымға деген ынтаңды ашатын профессор- оқытушылар лекция өткізді. Ағылшын және поляк тілдерін меңгердік, бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болды», дейді 3-курс студенті Әсел Әуесхан. Университетте бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру жоспарланған.
Шымкент