Қоғам • 03 Сәуір, 2024

Алғашқы көмек легі

138 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарғын су шайып, үй-жай, мал-мүлкінен қасқағым сәтте айырылған ағайындарға көмек қолын созуға өңір азаматтары белсене кірісіп кетті. «Amanat» партиясының мүшелері су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауда көш басынан көрініп, 1 мыңнан аса аяқкиім жөнелтті.

Алғашқы көмек легі

Фото: aikyn.kz

«Бірнеше өңірді су алып жат­қаны баршамыздың қабыр­ғамызды қайыстырып отыр. Еліміз үшін, халқымыз үшін қол­дан келген көмекті аянып қал­маймыз. Зардап шеккен аймақтардағы әріптестерімізбен хабарласып, қандай қажетті құрал-жабдықтар керек екенін сұрап, білген едік. Олардың бірінші сұранысы – резеңке аяқкиім болды. Себебі азық-түлік, гигиеналық заттар жеткілікті болғанмен, лайға, суға киетін резеңке аяқкиімдер тапшы көрінеді. Осыны ескере отырып, «Күшіміз – бірлікте» акциясы аясында партиялас­тар мен депутаттық фракция мүшелері 1 мыңнан аса резеңке етік сатып алып, алғашқы көмек легін жіберді. Бастамаға барлық аудан мен қаладағы партияластарымыз толықтай атсалысты. Бұл іс-шара одан әрі де жалғасын табады», дейді «AMANAT» партиясы Алма­ты облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев.

Айта кету керек, табиғи апат аймағындағы тұрғындарға көмек қолын созамын деген волонтерлер мен облыс тұрғындары үшін «Алатау жастары» КММ облыстық волонтерлік штабы сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істеп тұр. Осы уақыт аралығында өңір тұрғындары халыққа қажетті заттарды алып келіп, Қонаев қаласындағы Центральная көшесіндегі 19-үйде орналасқан қабылдау пунктіне өткізе алатыны да хабарланды.

 

Алматы облысы